ҚОС ДӘРІГЕРГЕ ҚҰРМЕТ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев медицина саласының арда­герлері Ернияз Омаров пен Базарбай Атабаевты қабылдап, қос дәрігерді мерейтойларымен құттықтады.
– Ақ халатына кір түсірмеген, медицина саласында өз қолтаңбалары бар, өңір халқының денсаулығын жақсартуға аянбай үлес қосқан екі бірдей қадірлі ағамыз «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» Ернияз Омарұлы
85 жасқа, белгілі дәрігер, Алаштың алып тұлғасы Мұстафа Шоқайдың мұрасын жалғастырушы, қор президенті Базарбай Асанбайұлы 80 жасқа толып отыр. Сыр медицинасының қаншама жас дәрігерлері Сіздерге қарап есейді, Сіздерден тәлім-тәрбие алып, дәрігерліктің қыр-сырын үйренді. Біз сіздердің азаматтық биік парасаттарыңызға қашан да бас иеміз. Мерейтойларыңыз құтты болсын, жүз жасқа толған тойларыңызда да осындай тілек айтуға жазсын,–деп аймақ басшысы жылы лебізін жеткізді.
Ернияз Омаров 1932 жылы Тереңөзек ауданы А.Тоқмағанбетов ауылында дүниеге келген. 1947 жылы жетіжылдық мектепті, одан әрі Қызылорда медициналық училищесін, Алматы медициналық институтын бітірген. 1961 жылы емхана меңгерушісі, қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. Қалалық аурухана бас дәрігері болып 15 жыл жұмыс істеді. Сол кезеңде жаңадан 360 орындық аурухана салдыруға күш салған. Сонымен қатар 15 жылдай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарды. ҚР еңбек сіңірген дәрігері, медицина ғылымының кандидаты. 2002 жылы «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы», 2013 жылы «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атағы берілді. Облыстың денсаулық сақтау саласында 40 жылға жуық еңбек етті.
Шиелі ауданы «1 Май» колхозында дүниеге келген Базарбай Атабаев орта мектепті бітірген соң, Қызылорда медицина училищесіне оқуға түседі. Еңбек жолын Сырдария ауданында бастап, кейін Қызылорда қаласында фельдшер болып жұмыс істейді. Алматы медицина институтының «педиатрия» факультетін бітірген соң, қалалық балалар емханасында, облыстық ауруханада балалар хирургі болды. Базарбай Асанбайұлының ұйымдастырушылық-басшылық қызметі 1973 жылдан басталды. Шиелі аудандық ауруханасында бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Шиеліде жаңа аурухананы іске қосуға атсалысты. Сонымен бірге, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысын екі жылда аяқтатып, 1988 жылдың соңында осы ауруханаға бас дәрігер болып бекітілді. 30-дан астам ғылыми еңбектің авторы, «Алтын дәрігер» белгісінің иегері, «Шиелі ауданының Құрметті азаматы».
Жылы жүздесуде сонымен бірге аймақ басшысы облыстың денсаулық сақтау саласының дамуына тоқталып, қол жеткізген жетістіктері жөнінде айтып өтті.
– Өткен жылы қабылданған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында 36 индикаторлық көрсеткіштерге қол жеткізуге арналған өңірлік жоспар бекітілді. Негізгі индикаторлық көрсеткіші ретінде күтілетін өмір сүру ұзақтығы облыс бойынша 72,1 жасқа жетуі тиіс болса, бұл меже орындалды. Жол карталары бекітіліп, облыс қазынасынан 1,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Бастапқы медициналық көмек көрсету ұйымдарында барлық 5 бағыт бойынша 89 мамандандырылған кабинет ашылды. Аймақтағы жол қатынастарының ұзақтығын ескере отырып, Қазалы теміржол ауруханасының базасында ауданаралық ІІ деңгейлі инсульттық орталық, №3 қалалық емхананың базасында инсультпен ауырған науқастарға оңалту жүргізу мақсатында нейрореабилитациялық орталық ашылды. Жыл соңына дейін мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік аясында 400 келушіге арналған №2 қалалық емхананы, 10 дәрігерлік амбулаторияны пайдалануға береміз. Қазір облыстың медициналық ұйымдарын меди­циналық техникамен қамту көрсеткіші 45,19 пайыздан 73,4 пайызға дейін өсті, – деді облыс әкімі.
Шарада аймақ басшысы мерейтой иелеріне шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Ардагер Ернияз Омарұлына Қызылорда облысының «Құрмет грамотасын» табыстаса, Базарбай Асанбайұлын «Алғыс хатпен» марапаттады және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалін тапсырды.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов, медицина саласының ардагері Тұрғанбай Маханов торқалы той иелеріне жылы лебіздерін арнады.

Айнұр БАТТАЛОВА.
Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет).
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 қараша 2017 г. 660 0