Өткен аптаның сенбісі Қазалы жұрты үшін қуанышқа толы болды. Халықтың талай жылғы көпір салу мен жер телімін алу мәселесі шешімін тапты. Ауданға арнайы барған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев көп көңілін көтерген қуанышқа ортақтасып, тұрғындарды құттықтады.
Сырдария өзені бойындағы елді мекендер үшін ең өзекті мәселенің көпір екені айтпаса да түсінікті. Дарияның арғы бетінде орын тепкен ауыл тұрғындары күнделікті тіршілік үшін қос жағалауды жол қылады. Халқының басым бөлігі Сырдың сағасында орналасқан Қазалы ауданында да бұл түйіні тарқалмаған шаруа болатын. Енді мұның да кезегі келді. Аудан орталығынан 33 шақырым жерде «Әлсейіт» учаскесінен салынатын көпірдің алғашқы қазығы қағылды.
– Бүгінге дейін жол қатынасы, көпір мәселесі ең үлкен қажеттіліктердің бірі болып келді. Тұрғындар үшін өткелдің маңыздылығын айтып жатудың өзі артық. Оның үстіне осы өзен үстімен өтетін қалқымалы көпірдің күйі арғы-бергі беттегі ағайынды бірдей алаңдатып, көктемгі, күзгі сең жүру кезеңдерінде әбден әбіржітіп келді. Бұл мәселе кеңес дәуірінен бері шешімін таппай келе жатыр. Міне, бүгін Қазалы, Арал аудандарының халқы көптен күткен көпір құрылысын бастағалы тұрмыз. Жаңа көпір құрылысы аяқталғанда Қазалы ауданының 7, Арал ауданының 6 ауылына, 14 мыңнан астам тұрғынға қызмет ететін болады. Көпшілік күткен қуаныш құтты болсын! – деді аймақ басшысы.
Көпірдің ұзындығы – 220, ені 10 метр етіп салынады. Онда жаяу жүргіншілер жолы да қарастырылмақ. Ескі өткелдің орнына еңселі көпір тұрғызылатынына алғыс білдірген ақсақалдар ақ батасын беріп, ата жолымен құрбан шалынды.
Салынғалы тұрған жаңа көпір қос аудан тұрғындарын байланыстырады. Қазалы қаласынан шыққан тұрғындар жолда Ақтан батыр, Жанқожа батыр ауылдарын артқа тастаса, өзеннің арғы бетінде Бекарыстан би, Түктібай, Майдакөл секілді елді мекендер бар. Одан бөлек Аралдың Жаңақұрылыс, Ақшатау, Қызылжар, Қаратерең ауылдарының тұрғындары да дәл осы көпірді пайдаланады. Бекарыстан би ауылының тұрғыны Алпысбай Күнімай жол азабынан құтылатын күннің жақындағанына қуанышты.
– Қалқыма көпірмен өту дегенің бір жатқан қиямет. Қыста мұз қатқанда өтуіміз мұң болады. Содан анау Басықара жақпен айналып қатынаймыз. Ол балшық, ой-шұқыр болады. Қалқыма көпір дегеніңіз – қаупі көп өткел. Халықта көпір салу сауапты іс саналады. Елдің тілегін тыңдап, қажетін жасап беріп жатқан азаматтарға алғыс айтамыз, – дейді ауыл тұрғыны.
Қазалылықтар асыға күткен тағы бір сәт аудан орталығында жалғасты. Осы күні аймақ басшысы ондаған тұрғынға жер телімін табыстаудың салтанатты шарасына қатысты.
Бүгінде аудан орталығында 40 мыңнан астам халық тұрады. Соның ішінде 6 мыңға жуығы жер кезегіне тіркелген. Жыл соңына дейін мыңдаған тұрғынға жер берілмек. Өңір басшысы жаңа қоныстан жайлы үй тұрғызуға тілектестігін білдірді.
– Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары жеке тұрғын үй салуға жер телімдерін беру тоқтатылды. Оның объективті себептері болды. Яғни, Қазақстан Республикасының «Жер» кодексіне сәйкес жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін әуелі су, жол, электр желісін жеткізу қажет. Бұл жұмыстар жолға қойылып, 2018-2019 жылдары үш мыңнан астам аудан тұрғынына жер телімі берілмек. Қалғандарының да құжаттары әзірленіп, иелеріне табысталады. Келешекте кент пен қала арасы қосылып, үлкен қалаға айналатынына сенемін. Сондықтан үйлерді бірыңғай қалыпта, орталықтың ажарын айшықтайтындай етіп салған жөн, – деді облыс әкімі.
Жалпы, Әйтеке би кентінен – 3, Қазалы қаласынан 2 аймақтан жер беру қарастырылған. Соның біреуі осы күні Басықара автожолы бағытында 56 гектар жерден 180 адамға берілді. Сонымен қатар, Әйтеке би кентінен көлемі 210 гектар жер учаскесін инфрақұрылыммен қамтуға республикалық бюджеттен 204 млн теңге қаржы бөлініп, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ол жерлер келер жылы табысталмақ. Жаңа жер телімін алған жанның бірі – аудандық білім бөлімінің қызметкері Мейрамкүл Төлеген. Ол бірнеше жылдан бері кезекте тұрып, ақыры жаңа қонысқа қол жеткізді.
– Бүгінде жаңа көршілеріммен танысып үлгердім. Өзім қалаған жерден үй салатыныма қуаныштымын. Мұнда қажетті нәрселердің барлығы тартылған. Су, жарық, жол жүргізілген. Баспана тұрғызуға бар мүмкіндік қарастырылған. Осы үшін ел ағаларына алғысымды айтамын, – дейді ол.
Сонымен қатар, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жалаңтөс батыр ауылында пайдалануға берілген 150 орындық мәдениет үйімен танысты. Ел игілігіне берілген ғимарат екі қабатты. Онда ауыл балаларына арналған үйірмелер ашылып, жеткіншектің жан-жақты дамуына жағдай жасалған. Сондай-ақ, ауылда Жалаңтөс батыр бабаның туғанына 440 жыл толуына орай орталық алаң жасалған. Онда шағын демалыс орындары, балалардың ойын және спорттық алаңдары бар.
Мұнан соң, аймақ басшысы Қазалы қаласында биыл басталып, пайдалануға берілген жастар алаңын көріп, жас спортшылармен кездесті. Аудан саңлақтары республикалық, халықаралық дәрежедегі жарыстарда өз шеберліктерін дәлелдеп келеді. Түрлі деңгейдегі додалардан жеңіспен оралып жүр. Бұл – облыстағы спортқа деген қамқорлықтың нәтижесі. Жеткіншектермен еркін әңгіме өрбіткен облыс әкімі уақытты бос өткізбей, пайдалы істерге арнау қажеттігін айтты. Спортпен шұғылдану жастардың өмір белсенділігін арттырады.
Мәди ҚҰРМАНӘЛІ.