Еліміздің қоғамдық саяси өміріндегі басты жаңалықтың бірі – латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі қолданысқа енгізілді. Жуырда Мемлекет басшысы қоғам талқысынан өткен жаңа әліпбидің жобасын мақұлдап, Жарлыққа қол қойды. Осы ресми құжаттың негізінде 2025 жылға дейін қазақ әліпбиінің латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз етіп, заңнамалық сипаттағы шаралар қабылдау жөнінде Үкіметке нақты тапсырма жүктеді.
Елді елең еткізген бұл жаңалықты аймақтағы білім саласының мамандары да жылы қабылдап, жаңа әліпбиді іс жүзінде қолдануға бет бұрды. Әрине, жаңа әліпбиді қабылдау мен оны қолданудың арасында атқарылатын шаралардың ауқымды екені белгілі. Айталық, бірінші кезекте әліпбидің емле ережесі әзірленетін болады. Осы ретте жаңа жобаның артық-кемі сараланып, әлі де нақтылана түсетіні анық.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы тақырып төңірегінде ғалымдар тарапынан біршама байыпты пікірлер айтылды. Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Жеңіс Сәдуақасұлы былай дейді:
– Өздеріңізге белгілі, латын графикасына негізделген жаңа әліпби жобасы қабылданды. Жобаны әзірлеу барысында арнайы құрылған комиссия құрамында белгілі түрколог ғалымдар, білікті тіл мамандары, ІТ технологиясын меңгерген мамандар жұмыс жасады. Маңызды бастамаға біз де бейжай қарамай, маман ретінде өз пікірімізді білдірдік. Дегенмен, жаңа жоба елдің талқысында қала берсе, ой-пікірлер жуық арада толастамайтыны анық еді. Сондықтан жобаны жеделдетіп қабылдағанымыз жөн болды. Себебі, бұл тарихи таңдау, саяси маңызы бар салмақты шешім. Әлбетте, жаңа әліпбиіміз қолданысқа енгізілгенімен, 2025 жылға дейін әліпбидің емле ережесі бекітіліп, соның аясында біршама толықтырылатыны сөзсіз. Бірінші кезекте мамандар даярлап, әдістемелік оқу құралдарын әзірлеуге басымдық беріледі. Таяу бір-екі жылда орта мектептерде осы әліпби бойынша оқытыла бастайды. Айта кетейік, орыс мектептеріндегі қазақ тілінде жүргізілетін сабақтар да латын әліпбиімен өтетін болады. Міне, осылайша мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге мол мүмкіндік туады,–деп ойын түйіндеді ғалым. Осы салада ұзақ жыл тер төгіп келе жатқан ұлағатты ұстаздың тұжырымды пікірі расында көптің көңіліне қылаусыз сенім ұялатқандай.
«Өрлеу» біліктілігін арттыру Ұлттық орталығы АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметшілердің біліктілігін арттыру институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Сәкен Серікбаев жаңа әліпби жобасының қабылдануы –болашақта еліміздің саяси-экономикалық, мәдени-рухани тұрғыдан дамуына негіз болатынын атап өтті. Сондықтан аталған институттың ұстаздар қауымы оқу бағдарламасына жаңалық енгізіп, ерекше ізденіспен еңбек етуге дайын екенін айтты.
Облыстағы дарынды балаларға арналған білім-инновация мектебінің директоры Гүлнұр Ережепқызы да тақырыпқа қатысты өзіндік ой-пікірін ортаға салды. Оның айтуынша, жаңа әліпби қабылдау мәселесі осыдан он жылдай бұрын көтерілгенімен, уақыттың сынынан өтіп, өзектілігі айқындалған кезеңде қолданысқа еніп отыр.
– Латын графикасына негізделген жаңа әліпбиді үйрену оқушыларға аса қиындық тудырмайды. Сондықтан біздің мектеп ұжымы да саладағы басты жаңалықты іс жүзіне асыруға белсенділік танытып отыр. Соның бір дәлелі, «Латын әліпбиі: Кеше. Бүгін. Ертең » тақырыбында ашық сабақтар өткізіліп, ұстаздар мен оқушылар арасында танымдық жұмыстар қолға алынды,–дейді Г.Ережепқызы.
Қаладағы №1 Қ.Мұхамеджанов атындағы гимназия директоры Данабек Абдрайымов та әріптестерінің пікірін құптайды. Мемлекеттік тілді реформалау саясаты – ұлттық мәселе, сондықтан ел болып қолдау танытып, жаңа әліпбидің қолданыс аясын кеңейтуге білім саласы мамандарының бастамашы болуы қажеттігін атап өтті.
Қорыта айтқанда, Тәуелсіз еліміз тарихи таңдауын жасады. Алыс көкжиекке бағытын бұрды. Тартынудың жөні жоқ, талпыну ғана қажет.
Ғазиза ӘБІЛДА.