МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ЕЛДІКТІҢ БИІК НЫШАНЫ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысы өтті.
Тұғырлы тәуелсіздігімізді білдіретін, ұлтымыздың санғасырлық арманымен үйлесім тапқан еліміздің ең басты белгісі – мемлекеттік рәміздер. Оның әрбірі егемен еліміздің болашағы жарқын екенін айғақтап тұрғанын атап өткен облыс басшысы оған құрмет көрсету барлығымыздың борышымыз екенін жеткізді.
– Біз мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу және қастерлеу арқылы елімізге, мемлекетімізге деген ізгі ниетіміз бен шын ықыласымызды білдіреміз, – деді аймақ басшысы.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдын Қайруллаев хабарлама жасады. Ол мемлекеттік рәміздердің насихатталуы мен қолданылу жай-күйіне облыстық инспекциялық топтың жүргізген тексеру қорытындысын баяндап, алда тұрған міндеттерге тоқталды.
Рәміздердің еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігін әлемге танытатын әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын бейнесі екені белгілі. Дегенмен, басқарма басшысы жасаған баяндамадан Қызылорда қаласында орналасқан аумақтық мемлекеттік органдар мен аудан әкімдіктеріне қарасты мемлекеттік мекемелерде және облыстық департаменттердің аудандық бөлімшелерінде рәміздерді қолдануда бірқатар кемшіліктердің бар екенін аңғардық. Бұл ретте аймақ жетекшісі облыстық ішкі саясат басқармасының басшысына қадағалау жұмыстарын күшейтіп, кемшілік жіберген мекемелердің бірінші басшыларына тиісті шара қабылдау үшін ұсыныс енгізуді тапсырды.
Комиссия отырысында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Ибраева мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуы және насихатталу барысы туралы баяндама жасады.
Күн тәртібіне сәйкес Қазалы ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев, Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Сәрсенбаев та мінберге көтерілді. Облыс әкімі қала, аудан басшыларына алдағы уақытта осы жұмыстарды жолға қойып, кемшіліктерді жоюды тапсырды. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаевқа бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін партия тарапынан тиісті шаралар атқарылуы керек екенін жеткізді.
Жиын барысында мемлекеттік нышандарды орынсыз пайдалану фактілері келтірілді. Аймақ басшысы алдағы уақытта ондай әрекеттерге жол бермеу керектігін жеткізіп, рәміздердің қолданылу нормаларын қатаң сақтау қажеттігін ескертті.
Отан мен мемлекеттік рәміздер егіз ұғым. Осы екі егіз ұғым әр азаматтың жадында жүрер болса, онда олардың рухы да асқақ болмақ. Ал, рухы мықты елдің алар асуы қашанда биік болары сөзсіз. Біз мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысында осы ойды түйдік. Рәміздерді құрметтеу республикамыздағы әрбір азаматтың борышы екенін жан дүниемізбен сезіндік.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 06 қараша 2017 г. 711 0