«Ана бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді». Пайымдағанға осынау даналық сөздің мағынасынан-ақ мейірім-шуақ төгіліп тұрғандай сезіледі. Өзіңіз ойлап көріңізші, Сонау Тұмар ханымнан бастау алып, Сәлима, Жадыраларға ұласып, кейінгі буынға қонған аналардың қайсар қасиеті, еңбексүйгіш дағдысына қалайша қайран қалмассың?! Тіпті іргелі мемлекеттің ту-талапайы шығып, тұтас жұрт сергелдеңге түскенде көпшілігіне ала дорба арқалап, отбасын асыраған нәзік жандылар қауымы болғанын мойындаған жөн. Қазіргі таңда сол қиындықтар артта қалды. Кәсіпкерлік саласы айтарлықтай дамып, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктердің де түрі көбейді.
Қазалыда ағымдағы жылы 222 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, 135 азамат «Бизнес-кеңесші» курсы аясында біліктілігін жетілдіріпті. Оқу курсынан өткендердің 306,4 миллион теңгені құрайтын 59 жобасы қаржыландырылып, жаңадан 75 жұмыс орны ашылған. Солардың бірі – Дүрхан Әзима есімді жеке кәсіпкер, көпбалалы ана.
Әзиманың кәсіпкер ретіндегі жетістігін айтпастан бұрын биік адамгершілік тұлғасына тоқталсақ. Ол отағасы Есімхан екеуі «Қорғаншы әке-ана» саналады. Яғни, өмірден ерте өткен Әзиманың сіңілісінің соңында қалған тұяғы, қызын өздерінің қамқорлығына алған. Тектілік қасиет перзент бойына ананың сүті, әкенің қанымен даритыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Әзиманың әкесі марқұм Әбдір көкеміз атақты «Қуандық әулиенің» шырақшысы болған адам еді. Имандылық, адамгершілік қасиеттері қызының жүрегіне берік ұяласа несіне таңданамыз? Міне, осындай тағылымды бойға сіңірген кейіпкерлеріміз бауырының аманатына адалдық танытты. Нәрестені тағдырдың тезінен ата-ана ретінде мейірін төге отырып, алып шықты. Өздерінің перзенттерімен қатар аялайды. «Орнында бар оңалар». Арада жылдар өтті. Кішкентай бөбек те есейді. Қазіргі таңда сол Ақтоты әсем шаһар Алматыдағы басты жоғары оқу орнында білім нәрімен сусындауда. Алғыр студент. Бұлар Ақтотысын демалысында сағына күтіп, іштей Жаратқанға шүкірлік жасайды.
Әзима Әбдірқызы Ғ.Мұратбаев ауылындағы мектепті бітірген соң Алматыдан білім алуға бел байлады.Осылайша табиғатынан ісмерлікке құмар бойжеткен алып қаладағы техникалық училищеден «бас киім тігу шебері» мамандығын игерді. «Туған жерге туыңды тік» ұстанымымен елге оралды. Шаңырақ көтерді. Аудандық тұрмыстық қажетті өтеу комбинатына тігінші болып жұмысқа орналасты. Тәлімгер апаларынан қиын да күрделі кәсіптің қыр-сырына машықтанды. Жалпы, тігіншілікті тек ғана кәсіп деп қарасақ, жаңылған болар едік. Тігіншілік – нәзік иірімдерге толы ұлағатты өнер. Ал өнер биігін талмай ізденген жан бағындыратыны анық. Әзима да өзінің мамандығына шексіз берілген. Сол кәсіби адалдық мұны қашанда алға жетелеп келеді. Өзі еңбек ететін мекемесі жабылған соң да тігіншілікті тоқтатпады.Тапсырыстарды үйде қабылдап, тұтынушы талғамынан табылды. Бала тәрбиесімен қатар ерлер мен әйелдердің, түрлі жастағы адамдардың бас киімдерін сәнді қылып тігіп, көпшіліктің ризашылығына бөленді.
Алайда Әзиманың арманы өзінің жеке тігін цехын ашып, халыққа қызмет ету болатын. Арманы орындалды. Ағымдағы жылы «Бастау Бизнес» жобасымен оқып, кәсіптік білім алды. Жобасы мақұлданды. Мемлекеттен қаржыландырылуға қол жеткізіп, 2,5 млн теңге иеленді. Бұл қаржыға Алматыдан тігін машиналарын, ағаш қалыптарын, мата түрлерін әкеліп, үйінің жанынан «Әзима» аталатын бас киім тігу шеберханасын ашты. Қазіргі таңда өзінің тұрақты тұтынушылары бар тігін шеберханасы озық үлгідегі сәнді бас киімдерді нарықтан төмен бағада сатады.
Кәсіпкер ана сұранысты орындауға қажет шикізатты Алматыдан тікелей тасымалдайды. Бұл қадам бүгінгі кезеңде жиі қозғалып жүрген «делдалсыз байланысты» жандандыра түсері хақ. Кейде бас киім тігуге арналған терілерді Әзиманың өзі илеп, өңдей де береді. Бұл адал еңбекпен тапқан нанның тәтті боларын баршаға нұсқағандай.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Әйтеке би кенті, Қазалы ауданы.