Нұрсұлтан Назарбаев: "Нұр Отан" нағыз елдік партияға айналды

Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.
Кеңейтілген отырысты ашқан Елбасы өз сөзінде: «Бүгін біз маңызды мәселелерді талқылау үшін осы кеңесті жинап отырмыз. Биыл «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 18 жыл болады. Бұл адам өмірінің өлшеміндегі алғашқы кәмелеттік жас болып саналатынын білесіздер. Осы уақыттың ішінде партиямыз шынығып, шыңдалып, еліміздегі ең үлкен саяси күшке айналғаны белгілі. Құрылған күннен бастап барлық елдік істердің басы-қасында болып келе жатыр. Халқымыздың береке-бiрлiгiнiң артуына, бiздiң саяси тұрақтылығымыздың нығаюына, экономикалық реформаларды табысты iске асыру үшiн атсалысып келе жатқан бiрден бiр саяси ұйым. Халықпен тiкелей жұмыс iстеп, кезек күттiрмей шешiлуге тиiс мәселелердi үнемi назарда ұстап, нағыз елдiк партияға айналды. Оған өткен сайлаулардағы елдiң зор сенiмi айқын дәлел. Сол сайлауларда белсендi қатысқан бiздiң партия мүшелерiнiң iстеген шаруасы, жергiлiктi ұйымдардың жасаған жұмысы, халықтың бiздiң жүргiзiп отырған саясатқа сенiп, бiрыңғай дауыс бергенiн бiз көрiп отырмыз. Партия болашақта да елмен етене болып, халыққа қалтықсыз қызмет етудi жалғастыра бередi деп сенемiз. Алдымызда көп шаруалар бар. Қажеттi бағдарламалардың барлығы қабылданды», - деді. Жиын барысында Елбасы бүгінгі жағдайдағы әлемнің дамуы партия алдына да зор мақсаттар жүктейтінін айтты. «Сөз «Нұр Отан» партиясының өзін жаңғыртумен байланысты болып отыр. Өйткені, ел, экономика жаңғырып, саяси күштер де соған сай болуы тиіс», - деді Президент.
Оның айтуынша, елдегі ахуалдың тұрақтылығына, мемлекеттің дамуына, халықтың әлеметтік жағдайының жақсаруына «Нұр Отан» партиясының қосқан үлесі зор.  Сөз арасында Президент мемлекеттің Парламенттік сайлаулардан лайықты деңгейде өтіп, шын мәнінде Қазақстанның басты саяси күші құқығына ие болғанын еске салды.
«Дегенмен, бізде тоқтауға болмайды. Өздеріңіз де білесіздер, биыл біз экономиканы, саясатты, біздің қоғамымыздың рухани саласын жаңғыртуға кірістік. Жаңғырту еш уақытта да оңай болмайды. Ол айтарлықтай қарсылықтарды туындатуы мүмкін. «Нұр Отан» партиясының рөлі ең алыдмен жаңғырту бағдарын саяси қолдаудың тетіктерін құруда. Халықпен тікелей жұмыс істеп, кезек күттірмей шешілуге тиісті мәселелерді үнемі назарда ұстап, нағыз елдік партия атанды. Партия болашақта да елмен етене болып, халыққа қалтқысыз қызмет етуді жалғастыра береді деп сенемін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.  
Елбасы партия алдында әлі де көп шаруалар бар екендігін атап өтті. «Қажетті бағдарламаның барлығы қабылданды, оны өздеріңіз де білесіздер.  Дегенмен қазіргі жағдайда, дүниедегі ғылыми-техникалық дамудың жаңа саласына  бүкіл әлем түсіп отырған кезде біздің алға қойған мақсаттарымыз аз емес. Сондықтан осының  барлығына партия басшы болып, жергілікті жерлерде  саясатты түсіндіруі қажет», - деді Елбасы.  

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 қараша 2017 г. 1 047 0