Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Қазақстанның латын әліпбиіне көшу шешімін ыстық ықыласпен және қуанышпен қабылдады. Бұл туралы Түркі Кеңесінің бас хатшысы Рамиль Хасанов құттықтау хатында мәлім етті, деп хабарлайды "Егемен Қазақстан" газеті.
Бас хатшы құттықтау хатында Қазақстан мемлекеті қабылдаған бұл тарихи шешім түркі тілінде сөйлейтін халықтар мен елдердің арасындағы әлеуметтік, мәдени және экономикалық қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығаратындығын айтады.
«Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі Қазақстанның латын әліпбиіне көшу шешімін ыстық ықыласпен және қуанышпен қабылдады. Түркі Кеңесін құраушы елдердің бірі саналатын Қазақстанның қабылдаған бұл тарихи шешімі түркітілдес халықтар мен елдердің арасындағы әлеуметтік, мәдени және экономикалық қарым-қатынасты жаңа деңгейге шығарады. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың дана көшбасшылығы мен ел халқының үлкен қадамы арқылы қабылданған латын әліпбиі Қазақстанның шар тарапқа тараған байланыстарын жеделдететініне сеніміміз мол».
«Осы орайда, Қазақстан Президенті және Түркі әлемінің ақсақалы құрметті Нұрсұлтан Назарбаевты және бауырлас қазақ халқын бұл тарихи үдерістің басталуына сәйкес Түркі Кеңесі және өз атымнан шын көңілден құттықтап, осы бағытта бұдан да биік табыстарға жете берулеріне тілектестігімді жеткізгім келеді», деп жазылған құттықтау хатта.