Экспедицияның екінші кезеңі өтті

Кеше облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен «Ұлы Дала Елі» тарихи-танымдық экспедицияның екінші кезеңі болып өтті. Бұл жолы экспедиция мүшелері Қазалы, Қармашқы аудандарының киелі жерлері, тарихи-мәдени құндылығы жоғары нысандармен танысты.

Топтың құрамында «Қоғамдық келісім» КММ директоры Уалихан Ибраев, директордың орынбасары Асылбек Жұмабаев, этномәдени бірлестік, ғылыми-сараптамалық топ мүшелері, ғылыми қызметкерлер мен БАҚ өкілдері болды.

«Ұлы Дала Елі» тарихи-танымдық экспедициясының мақсаты Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап өткен «Туған жер» бағдарламасы аясында туған өлкенің рухани құндылықтарын насихаттау мен оқып-үйрену негізінде қазақстандықтардың бірегейлігін, ұлттық бірлігін нығайта отырып, өңірдің этнос өкілдеріне басқа да киелі жерлерді көрсетіп, олар арқылы бүкіл диаспораларға туған өлкенің тарихы мен мол рухани құндылықтар туралы білімдерін арттыру болып табылады.

Елбасы «Біз Ұлы даланың мұрагерлеріміз. Осынау кең байтақ Ұлы даланың көгінде халқымыздың бақ жұлдызы болып, жаңа Қазақстан дүниеге келді. Біздің Қазақстанымыз ұлы істердің ұйытқысы болған – Ұлы дала елі. Бұл – біздің тағдырымыз. Бұл – біздің таңдауымыз», - деген болатын. Бұл сөздерден біз экспедиция атауының мән-мағынасы тереңде екендігін байқаймыз.

Теңдессіз ерлік, көзсіз батырлықтың көрсеткен қолбасшы – Жанқожа батыр

Тарихи-танымы мол керуен ең бірінші өзінің бүкіл өмірін Арал маңы қазақтарының тәуелсіздігі жолындағы күреске арнаған Жанқожа батыр кесенесіне аялдап, батырдың рухына тағзым етті. Экспедиция мүшелеріне қаһарман қолбасшы туралы ақпарды облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі Нұрлыбек Мыңжас айтып берді. Н.Мыңжас: «Жанқожа батыр – Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы болған. Қазалы ауданының тумасы. Ол өзінің ұзақ өмірінде Қоқан, Хиуа, Ресей басқыншыларымен сан рет сұрапыл шайқастар өткізген. Сол ұрыстардың барлығында қолбасшы, әрі басты ұйымдастырушы ретінде қатысып, халқына қайрат, еліне ерік-жігер берген», - деп біршама мағлұмат берді.

Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі шаһар

Экспедицияның келесі аялдамасы Оғыз мемлекетінің рухани астанасы – Жаңа қала, яғни Жанкент қалашығы тоқтады. Онда топ құрамы көптеген қызықты, әрі құнды мағлұматтармен танысты. Көне шаһардың сырымен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Сейдалы Біләлов бөлісті. Ол қаланың гүлдену дәуірі, ондағы сауда қатынастары, археологиялық қазба жұмыстары туралы мол ақпарат берді.

С.Біләлов: «Жанкент шаһары аумағы 15-20 гектар, егіншілігі, саудасы мықтап өркендеген қала болған. Жартылай дөңгелек мұнаралы 8 м-ге дейін жететін берік дуалдары қаланы қорғап тұрған. Қорғанның түйе мен биенің сүтіне иленіп соғылған. Қаланың күншығыс қапталынан қоршап жатқан қорғанның қалыңдығы екі метрден асады. Қалашықтың соңғы өмір сүрген кезеңдерінде ислам діні қабылданған деседі. Мұнда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу барысында «Мұхаммед» деген арабша жазуы бар жүзіктер мен ыдыстардың қалдықтары табылды. Оған қоса, табылған монеталардың негізінде қалашықтың X ғасырда өмір сүргендігін анықтап отырмыз. Қалашықтың қорғаны туралы айтар болсақ, сыртынан 30-40 м-ге жететін ор қазылған. Барынша қорғанысы мықты қала болған. Дегенмен 1219 жылдың күзінде Жанкентке моңғол әскері шабуыл жасап, халқын қырып, қаланы түгелдей өртеп жіберген», - дей келе, қаланы қайта қалпына келтіруге облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлініп, археологиялық зерттеу шаралары жүргізіліп жатқандығын айтып өтті.

Шығыс жастарының көшбасшысы – Ғани Мұратбаев

Жанкент қалашығынан кейін экспедиция құрамы Қазалы  ауданында орналасқан Ғани Мұратбаев мұражайына аялдады. Биыл көрнекті қоғам қайраткерінің 115 жылдық тойы тойланды. Экспедиция мүшелері Ғани туған өлкенің, оның өмір сүрген кезіндегі қолданған заттарын, қолжазбалары мен жинақтарымен танысты.

Сәулет өнерінің ерекше үлгісі – Қорқыт ата ескерткіші

Топ мүшелерінің соңғы аялдамасы киелі Қармақшы ауданында орналасқан Қорқыт ата мемориалды ескерткіші болды. Олар ескерткіштің жанындағы оңаша тілек тілейтін жер асты мінәжат үйіне кіріп, баба рухына тағзым етті. Сондай-ақ, Рим дәуіріндегі архитектуралық құрылыс үлгісінде салынған амфитеатрды тамашалады.

Содан соң, 3 экспозициялық залдан тұратын бір қабатты мұражаймен танысып, ондағы Қорқыт өмірі мен мәдениетінен сыр шертетін құндылықтар мен жәдігерлерді тамашалап, естелік суретке түсті. Айта кету керек, мұражай қорында бүгінгі күні 700-ге жуық экспонат сақтаулы.

Экспедиция мүшелері тарапынан шараның маңыздылығы айтылып, алғыстарын білдірді. «Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастырған экспедициясы тарихи тағылымы ерекше, берері көп іс-шара деп айтар едік. Еліміздің тарихын, мәдени мұрасын танып білу арқылы біз болашақ ұрпаққа біртұтастығын күшейтіп, рухани бірлестігін нығайта аламыз. Алдағы уақытта да өскелең ұрпақтың отансүйгіштік қасиетін арттыратын осындай игі шаралар көптеп болса дейміз», -деген тілектерін білдірді.

Осылайша, барлығы 50-ге жуық адамнан құралған тарихы-тағылымы мол экспедиция мүшелері  Сыр өңірі рухани құндылықтар мен тарихи жәдігерлерімен танысып, мол мағлұматқа ие болды.


 

Облыстық Қазақстан халқы 

ассамблеясының баспасөз қызметі

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 қараша 2017 г. 664 0