Сенбі күні Қызылорданың әр бөлігінде аудан және қала шаруашылықтары еңбеккерлерінің ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жәрмеңке ұйымдастырылған қаланың барлық аумағында болып, халықтық шараның маңыздылығына мән берді.
Тоқшылық тойын Қызылорда қаласы Әйтеке би көшесінің бойында өткізсе, Арал ауданы С.Торайғыров көшесінің бойында көпшілікке өз өнімдерін ұсынды. Сондай-ақ, Қазалы Ғ.Мұратбаевтың бойы мен Қ.Яссауи көшесінің қиылысында, Қармақшы Журба көшесінің бойында, Жалағаш Ә.Қашаубаев пен Жетікөл көшелерінің қиылысында, Сырдария Жаңқожа батыр көшесінің бойында, Шиелі ауданы Тасбөгет кентінің орталық алаңында, Жаңақорған Астана даңғылының бойында қала халқына молшылық мерекесін жасады.
Ауыл шаруашылығы саласының мамандары жәрмеңкеге ерекше дайындықпен келгенін айтып өту қажет. Жоғарыда аталған аймақтарда азық-түліктерді тиеген жүк көліктері ұзыннан-ұзақ етіп, бір қатардың бойымен орналастырылды. Бұл жерден тауардың барлығын табуға болады. Сыр салысы – ақ күріштен бастап, картоп, сәбіз, пияз, қызанақ, қияр, қауын, қарбыз секілді түрлі бақша өнімдері сатылымға шығарылды. Тіпті, ет пен балық та, араның балы да болды. Сондай-ақ, көпшілікке төрт түліктің айраны мен сүті, қолдың майы мен құрты, алма, алмұрт, жүзім де, тіпті, бізде өспейтін банан да ұсынылды. Сондықтан, шамасы келгендер арқалап тасыса, мүмкіндігі барлары арбаға басты. Қолдарына сөмке ұстап келгендер толтырғанша асықты. Әйтеуір, не керек, жәрмеңкеге келгендер бос қайтпады.
– Осындай жәрмеңкені ұйымдастырған облыс басшыларына рахмет. Енді қыстай жейтін азығымызды алсақ деп тұрмыз. Қазірдің өзінде 4 қап картоп алдым. Әйелім күріш таңдап жүр. Әлі пияз бен сәбіз алу қажет, – деді қызылордалық Руслан Ахметов.
Бұл күнгі молшылық мерекелеріне қала халқы көптеп жиылды. Аралдықтар су таситын көлікпен тірі балық әкеліп, тұрғындарды тәнті етті. Ілмекті аудың ішінде шыпырлап жатқан балықты көргенде қызылордалықтар ентелей берді. Ендіше, базардағы балықтар мұндай балғын бола бермейді. Кездескеннің өзінде судан шыққан өнімді өз қолыңмен алғанға не жетсін?!
– Өз басым ризамын. Тірі балық әкелу кімнің ойына келсе де, жақсы жасаған. Алдымен балық аламын. Сосын басқаларын қамдай жатармыз, –деді Жансая Сәрсенбайқызы есімді қала тұрғыны.
Жәрмеңкедегі тағы бір ерекшелік ретінде Жаңақорған ұйымдастырған шараны ерекше атап өтуге болады. Мұнда жұрттың көңілін көтеру үшін мың бұралған бишілер шараны әрлеп жүр. Бұл ауданның әншісі мен жыршысын айтпағанның өзінде тайқазанды ортаға алып шыққан көріністері тамаша болды.
Жалпы, мұндай концерттік бағдарлама жәрмеңке өткен барлық аймақта ұйымдастырылды. Өнер майталмандары қала халқына жоғары көңіл-күй сыйлау үшін барларын салды деуге болады. Өйткені, қай жерге барсақ та, шырқалған ән мұнда мереке болып жатқанын еске салып отырды.
Таңғы сағат 8-ден бастау алған шараға қала, аудан әкімдігінен бастап, кент және барлық ауылдық округтер атсалысты.
Ежелден халқының жүрегі мейірімге толы Сыр жұртшылығы адал еңбегімен талайларға үлгі болып келеді. Қарт Қаратау мен сырлы дарияны пана еткен, Бетпақтың даласына еміне енген, теңізіне тіршілік бітірген аймағымыз өнерпаздар мен еңбеккерлер елі екенін тағы бір мәрте айғақтап, молшылық пен тоқшылық тойын ұйымдастырды.
Айта кету керек, жәрмеңке ұсынған ауыл шаруашылығы өнімдері базар бағасынан 10-15 пайыз төмен болды. Бұл күз кәдесі екенін ел білді.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
Бағдат ЕСЖАНОВ (сурет).