Облыс орталығында халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовтың кубогына арналған ХII республикалық шахмат турнирі жалауын көтерді. Оқушылар арасында өтетін додаға еліміздің барлық өңірлерінен 160-тан аса жас шахматшы мен Ресейдің Сатка қаласының «Вертикаль» шахмат клубының өрендері және Қырғызстаннан өкілдер қатысуда.
Салтанатты ашылу рәсіміне «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директоры Ш.Қирабаева, халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов және облыстық білім басқармасы басшысы Бақытжан Сайлыбаев қатысып, шахматшыларға сәттілік тіледі.
– Бүгін дәстүрге айналған турнирдің Алаштың анасы - Сыр елінде ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген шахмат майталмандарымен қауышып отырмыз.
Осы бір зияткерлік ойынының көкжиегі облысымызда кеңейіп келеді. Ақыл-ойды дамытып, зиялылыққа жетелейтін зерделі ойын биылғы оқу жылынан бастап Сыр елінде мектеп бағдарламасына енгізілді. Қазіргі таңда мектеп жасындағы дарынды шахматшыларды айқындау және дайындау, сондай-ақ жоғарғы деңгейде насихаттау мақсатында іріктелген мектептер пилоттық режимде өз жұмыстарын бастап кетті.
Биылғы шахмат турниріне қатысушы балғындар еліміздегі үздік шахматшылардың қатарына қосылып, болашақта әлем чемпиондары болатынына сенімдімін. Бүгінгі турнирге қатысушы жастарға сәттілік – дей отырып, табыс пен жаңа биіктерді бағындыруды тілеймін, – деді басқарма басшысы Б.Сайлыбаев.
Шахмат – адамды жүйелі түрде ойлауға үйретеді. Осындай ойлау қабілеті бар жастар еліміздің рухани жаңғыруы мен экономикалық дамуына ауадай қажет. Он екі жыл бұрын бастау алған балалар шахмат турнирі бүгінде Қазақстанның шахмат мектебінің іргетасын қалады. Жаһанды мойындатып жүрген дарынды ұл-қыздарымыз да баршылық. Мәселен, Динара Садуақасова, Жансая Әбдімәлік, Әсел Серікбай, Назерке Нұрғали, Самал Әбдуали әлемдік додаларда қарсыластарын шаң қаптырып, биік-биік белестерді бағындырып жүр.
Халықаралық турнир щвейцария жүйесі бойынша 9 турдан тұрады. Командалар үш жас аралығы қатысушыларынан тұрады. Олар 9, 13 және 17 жасқа дейінгі топтар. Төрешілер алқасы әр жастағы топтың ер және қыз балалар арасында жекелей есепте жеңімпаздарды анықтайды. Сонымен қатар, барлық қатысушысы атсалысып жинаған ұпай саны бойынша ең үздік шахматшылар командасын анықтайды.
Шара аясында халықаралық гроссмейстер Нұрлан Ибраев қатысушылармен бір уақытта шахмат ойынының сеансын жүргізіп, шеберлік сабағын өткізеді. Сондай-ақ, шахматшылар қаланың мәдени-танымдық бағдарламаларына қатысып, өңір тарихымен жете танысатын болады.
Жарыстың алғашқы күнінде халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов пен жастар арасындағы әлем чемпионы Әсел Серікбай қатысушылармен шахматтағы жылдам ойын саналатын блиц шахматтан бақ сынасып, жастардың қарымын байқады. Блиц ойында шеберлігімен көзге түскен Қырғызстанның вице–чемпионы Айгүл Малайканова әсерімен бөлісті.
– Гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовтың кубогына арналған республикалық шахмат турниріне осыменен екінші мәрте қатысудамын. Мен үшін бұл жарыс шахмат әлемінің көкжиегін кеңейтуге ықпалы зор. Өзім Қырғыз республикасы Президенті кубогының жүлдегерімін. Менде Дәрмен аға секілді халықаралық дәрежедегі гроссмейстер болуды армандаймын. Осы жолы еліме олжалы қайтуды көздеймін. Барлық қатысушыға сәттілік тілеймін, – деді шахмат шебері.
Бір аптаға созылатын зиялылар ойынының жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубокпен, медалдармен, ұйымдастырушы «Дарын» РҒПО-ның І,ІІ,ІІІ дәрежелі дипломдарымен және естелік сыйлықтармен марапатталатын болады.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.