ҚАЗАЛЫ ҚАЛАСЫ АТАУЫНЫҢ 150 ЖЫЛДЫҒЫ ӨТТІ

Тамыры – терең, тарихы – кенен Қазалы қаласының атауына – 150 жыл. Мерейтой аясында биыл қаланы абаттандыру жұмыстарына бюджеттен 434,3 млн. теңге бөлінген болатын. Орталықтан жастар алаңы салынды. Ардагерлер алаңы абаттандырылып, қаланың150 жылдығына арналған монумент қойылды. Бүгінгі таңда қаланың 6 көшесіне түнгі  жарықшамдар орнатылды. 5 көшені асфальттау жұмыстары жүргізілді. 4 көшеге бордюрлар мен жаяу жүргіншілер жолы салынды. 5 көшеге гравий тас төселді. Яғни, қалада 11 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, қаладағы спорт мектебінің ғимаратын жөнделіп, айналасы абаттандырылды.
Мерейтойға арналған шара кеше Қазалы қаласында өтті. Алдымен облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов бастаған шара қонақтары Ғани Мұратбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жастардың жалынды жетекшісі болған тұлғаға тағзым етті.
Мұнан соң жеке кәсіпкер Қ.Шункановтың «Ағайын» мейрамханасымен  танысып, аудан кәсіпкерлерімен кездесті. Ардагерлер алаңындағы қала мерейтойына арналып қойылған монументтің ашылу салтанатына қатысты. Қала ардагерлері атынан Кәрім ақсақал рахметін айтып, қала тарихынан сыр шертті.  
Биыл салынған жастар алаңында қала жастарымен кездескен облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов Қазалы дегенде Ғани Мұратбаевтың есімі бірге аталатынын, оның өмірі мен жастарды білімге шақыру жолындағы еңбегі бүгінгі ұрпаққа үлгі екендігін жеткізді. Қала жастары атынан сөйлеген Жәнібек ЖұбатқановҒанидыңұрпақтарығҒанидың жерлестері деген атқа лайық болуға ұмтылатындықтарын айтты.
Шара спорт алаңында «Атамекен - Қазалым» атты мерекелік салтанатты жиынға жалғасты. Р.Рүстемов қала тұрғындарын мерейтоймен құттықтап, Ғ.Мұратбаевтың 115 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық Ғани Мұратбаев сыйлығы иегерлерін марапаттады.
Байқауға облыстағы аудандардан бөлек, Алматы, Тараз, Атырау, Ақтөбе, Шымкент, Түркістан, Павлодар қаласы мен Батыс Қазақтан, Маңғыстау сынды 10 облыстан іріктелген 79 жас қатысып, бақ сынасқан. Комиссия шешімімен жеңімпаз деп танылған 21 жасқа Ғани Мұратбаев сыйлығы табысталды. Мерейтой аясында спорттық шаралар ұйымдастырылып, ас берілді. Жиналған көпшілік Ретро-фестиваль және эстрада жұлдыздары Роза Әлқожа мен Еркін Нұржановтың концертін тамашалады.
Жалпы, Қазалы өңірі көне тарих пен рухани қазынаға кенелген  қазыналы жер. Орта ғасырдағы Оғыз мемлекетінің астанасы болған Жанкентте түркі халықтарының данышпаны, көреген-көсемі, ойшыл-философы, құдіретті күйші Қорқыт бабаның өмір сүруі де тегін емес.  Жалаңтөс пен Әйтеке бидің арғы аталарының, ұлт азаттығы жолындағы күрестің қолбасшылары, дүйім елдің арқа сүйер тірегі, халықтың қорғаны болған Жанқожа Нұрмұхаммедұлы мен Ақтан Ақайұлының осы өңірде дүниеге келуі Қазалы топырағының киесін аңғартса керек. Қазалыдан өз заманынан озып туған мемлекет және қоғам қайраткерлері де көптеп шыққан.
Қазалы қаласының 1867 жылдан 1928 жылға дейін Ақмешітпен бірге алдымен Орынборға, кейіннен Түркістан генерал-губернаторлығына қараған ояз орталығы болуы тарихтың еншісіндегі шындық. Ояздық кезеңде Қазалыға Ресейден орыстар, Қазан мен Ташкенттен татарлар мен өзбектер көшіп келіп, өз елінің мәдениетін де таратты. Мешіттер мен шіркеулер, орыс, татар, сарт мектептері салынды. Балық аулау мен қолөнер кәсіпшілігі дамыды. Кеңес өкіметі тұсындағы Азамат және Ұлы Отан соғысы жылдарында да қазалылықтар патриоттықтың үлгісін танытты.
1853 жылы Орынбор генерал-губернаторы В.А.Перовский Қазалыда №1 фортты салуға кірісу үшін бұйрық берген болатын. Ал 1867 жылдан бастап қала мәртебесін алды. 1928 жылға дейін уезд орталығы болып, осы күнгі Арал, Қармақшы аудандары Қазалы уезінің құрамына кірді.
20-шы ғасырдың басында Орынбор-Ташкент теміржолының салынуы, оның Қазалы жерінде түйісуі де тарихи оқиға. Болат жолды салуға Ресей мен өзге өңірлерден орыстардың көптеп келуі теміржолшылардың қатарын көбейтумен бірге, батыс Еуропаның мәдениетін де ала келді.
Тәуелсіздік тұсында да аудан халқы әлеуметтік-экономикалық дамудың алғы шебінен көрініп келеді. Ел егемендігін ерекше серпіліспен қарсы алған қазалылықтардың бүгінгі мемлекетіміздің іргесі бекіп, халқымыз әлемнің ең таңдаулы отыз елінің санатына қосылғалы отырған тарихи кезеңдегі облыс жетістіктеріне қосып  отырған үлесі елеулі.


 
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қазан 2017 г. 967 0