« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кеше Н.Бекежанов атындағы облыстық драма театрында мерекелік «Алтын дән – 2017» салтанаты болып өтті. Мерекелік шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Ауыл еңбеккерлерінің жемісті еңбегін паш ететін жиын егіс басында тербелген алтын дәнді күрішті алқапты бейнелейтін хореографиялық композициямен ашылды.
Думанды кештің салтанатты бөлімінде облыс басшысы сөз сөйлеп, аймақ диқандарын толағай табыстарымен құттықтады.
– Ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін ескере отырып, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттік» атты Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық секторды экономиканың жаңа көшбасшысына айналдыру жөніндегі міндетін орындауды мақсат тұтқан облыстың ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері үстіміздегі жылды да табысты қорытындылады, – деді облыс әкімі.
Шынында да, биылғы жылы 91 мың гектар күріштен тұңғыш рет облыс тарихында болмаған жарты миллион тоннадан астам алтын дән қамбаға құйылды. «Диқандардың ерен еңбегінің, қуаттылығы жоғары жаңа заманауи астық жинайтын агрегаттардың арқасында биылғы астық жауын-шашынға ұрынбай ысырапсыз жиналды. Бүгін біз дала еңбеккерлерінің нәтижелі жұмыстарының жемісін көріп, еңбек мерекесін тойлаудамыз», – деген аймақ басшысы ерен еңбектің жоғары үлгісін көрсете білген Сыр диқандарына Елбасы ерекше ризашылығын жеткізгенін, жеделхат жолдағанын айтты.
Биылғы жылдың 9 айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 61 млрд теңгеге жетіп, өсім 4,1 пайызды құрап отыр. Жыл сайын салаға салынып жатқан инвестиция көлемі еселеп өсіп келеді. Соңғы үш жылдың ішінде ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 17,7 есеге артса, тамақ өнімдерін өндіру саласына тартылған инвестия көлемі 6 есеге дейін өсті. Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін сату нарығын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Көп жылдардан бері қордаланып келген бақшалық дақылдар экспорты да қолға алынды. Нәтижесінде биылғы жылы оның көлемі 8 есеге дейін артты. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 48,3 пайызға өскенін айрықша атап өту қажет.
Өткен жылмен салыстырғанда биыл күріш экспорты 53 пайызға немесе 19 мың тоннаға артты. Биыл күріштің алғашқы 60 тоннасы Иранға экспортқа жіберілетін болса, алдағы жылдары ирандық күріш сорттарын 5 мың гектарға егу көзделуде. Нәтижесінде жылына кем дегенде 10 мың тонна күріш экспорттау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, биылғы жылы Ресейге 110 тонна көкөніс, 5933 тонна бақша өнімдері экспортталса, Иран Ислам Республикасы мен Біріккен Араб Әмірлігіне 2 мыңға тарта қой жіберілген. Жуырда облыс делегациясы Иран Ислам Республикасының Мазандаран, Гүлістан провинцияларына іссапармен барып қайтты. Сапар нәтижесінде ирандық сорттарды аймақта өндіруді қаржыландыру және өнімді Иранға экспорттау жөнінде келісім жасалды.
Облыс әкімі өз баяндамасында ауыл шаруашылығы саласында атқарылған осындай жетістіктерді тарқатып айтып, бұл бағыттағы жұмыстар әлеуметтің әлеуетін арттыратынын атап өтті.
Шара барысында күзгі егін жинау жұмыстарының қорытындысымен еңбек озаттары марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар азаматтарға ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Құрмет грамотасы» берілсе, бірқатар азаматтар «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі», «Еңбек ардагері», «Еңбек даңқы» және «Ы.Жақаев» төсбелгілерімен наградталды.
Салтанат соңы мерекелік концертке ұласты.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |