« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаев ауыл шаруашылығы саласының ардагерлерімен кездесті.
Жылы жүздесуде аймақ басшысы ауыл шаруашылығы саласының жетістіктері жөнінде әңгімеледі.
Облыс әкімінің айтуынша, Сыр диқандары биыл да ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, ала жаздағы еңбегі мен тынымсыз тіршілігінің арқасында орасан табыстарға қол жеткізді.
– Облыс күрішшілері биыл осымен бесінші жыл қатарынан күріштен рекордтық өнім жинады. Нақтырақ айтқанда, күріштің әр гектарынан әзірше 55,3 центнерден өнім алынып, Отан қамбасына бірінші рет жарты миллион тоннадан астам күріш салысын құйды. Сыр астығының мол жиналуы – облыс жұртшылығының ынтымағы мен бірлігінің жемісі, инженерлік жүйелердің жөнделгендігінің, Краснодар аймағының ғалымдарымен бірге дән сапасына байланысты атқарған қыруар жұмыстың, күріш кластерін қалыптастырып, «Байқоңыр» агрохолдингінің нәтижелі жұмысын ұйымдастырудың, басқа да шаралардың нәтижесі деп ойлаймын,– деді облыс әкімі.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың 9 айында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 61 млрд теңгеге жетіп, өсім 4,1 пайызды құрап отыр. Жыл сайын салаға салынып жатқан инвестиция көлемі еселеп өсуде. 2013 жылмен салыстырғанда 2016 жылы ауыл шаруашылығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 17,7 есеге өссе, тамақ өнімдерін өндіру саласына тартылған инвестиция көлемі 6 есеге өскен. 2013 жылдан бастап аграрлық секторды әртараптандыру қолға алынды. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығының өзінде облыс бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 48,3 пайызға өсті.
Салада атқарылған ауқымды жұмыстарды және қол жеткізген жетістіктерді баяндай келе аймақ басшысы бұл табыстарға тоқмейілсуге болмайтынын, саланы мұнан әрі дамыту бағытында әлі де түрлі маңызды жұмыстардың жасала беретінін жеткізді.
– Ардақты ардагерлер, сіздердің ауыл шаруашылығын дамытудағы жасаған ерен еңбектеріңізді қазіргі ұрпақ лайықты жалғастырып келе жатыр деуге әбден болады. сіздер сала жұмысын жақсы түсінесіздер, себебі, еңбектің қайнаған қазанында пісіп жетілдіңіздер. Сол себепті бүгінгі кездесуде өздеріңізбен ой бөлісіп, пікірлеріңізді тыңдасам деген ниетім бар,– деді облыс басшысы.
Осы ретте еңбек ардагерлері Сейілбек Шаухаманов, Сәмит Далдабаев, Исағали Жұмағұлов және басқалары ауыл шаруашылығын дамытуда көкөніс, бақша өнімдерін көптеп егу, кооператив жұмысын жандандыру, мал шаруашылығын дамытуда еңбек адамын ынталандыру, малға азық, жерге құнар болатын жоңышқаны көптеп егу жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды. Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекова ауыл шаруашылығын дамытуда аянбай еңбек етіп жүрген азаматтардың берекелі тірліктеріне ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
Айнұр БАТТАЛОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |