ЖАҢА ӘЛІПБИ – ЖАСАМПАЗДЫҚ ҮЛГІСІ

Елбасы «Мәңгілік Ел» идеясының аясында еліміздің рухани жаңғыруына негіз болатын болашаққа бағдарымызды айқындап, бұл тұрғыда жаһандық бәсекелестік талаптарына сай біршама батыл шешімдерін алға тартқан болатын. Соның бір жарқын көрінісі – мемлекеттік тілімізді реформалау саясаты. Яғни қазақ тілінің латын графикасына негізделген жаңа әліпбиін қабылдау жөнінде бастама көтерілді. Бұл Тәуелсіз еліміздің тарихындағы аса маңызды қадам деп айтуымызға толық негіз бар.

Өздеріңізге белгілі, аталған мәселе қоғамда қызу талқыланып, оған еліміздің ғалымдары, саясаткерлері, халық қалаулылары, тіл мамандары өз тарапынан ұсыныс, пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, қоғам өкілдері, қалың бұқара да осынау саяси салмақты бастамадан қалыс қалмай, үн қоса білді.

Жаңа әліпбиді әзірлеу барысында жүздеген жобалар қаралғанымен, оның ішінде екі жоба іріктеліп, Елбасының назарына ұсынылған еді. Мемлекет басшысы қоғам тарапынан қолдау тапқан соңғы жобаны қабылдау жөнінде өзінің нақты шешімін алға тартып, қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды.

Жағымды жаңалықты аймақ жұртшылығымен бөлісу мақсатында өңірлік коммуникациялар қызметінде арнайы брифинг ұйымдастырылды. Онда аталған мәселе төңірегіндегі қоғамдық талқылауларға белсенді түрде атсалысып жүрген облыстағы белгілі тіл мамандары – Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры Аман Абасилов, тілдерді оқытудың өңірлік орталығының директоры Нұрсәуле Мусаева және аталған университеттің аға оқытушысы Болат Боранбай БАҚ өкілдерімен кездесіп, жаңа әліпбидің қабылдануы барысында ой-пікірлерімен бөлісті.

Ғалым А.Абасилов мемлекеттік тілді реформалау саясатын жалпы халық жылы қабылдағанын атап өтті.

– Ең бастысы, жаңа әліпбиіміз қабылданды. Онда қазақ тіліндегі 28 дыбыс, сонымен бірге төрт кірме дыбыстар бар. Елбасы 2025 жылға дейін мемлекеттік тілді жаңа әліпбиге көшіру жөнінде ел Үкіметіне нақты тапсырмалар жүктеді. Демек, алда атқарылатын шаралар ауқымды. Мәселен, жаңа әліпбиді қолдану барысы артқан сайын бұл тұрғыда туындаған мәселелер кезең-кезеңімен  шешімін табатын болады. Келешекте жаңа әліпбидің емле ережесі әзірленетіні белгілі. Осы ережені қабылдау кезінде де дәл осылайша тиянақты тұжырымдар жасай білуіміз қажет. Сондай-ақ, жаңаша пернетақталар дайындауда IT мамандарына артылатын жауапкершілік те ауқымды, – деді А. Абасилов. 

Өз кезегінде Нұрсәуле Мусаева:

– Иә, ең бастысы, әліпбиіміз ай­қындалды. Менің ойымша, бұл қайнауы жетіп, халықтың санасында қорытылған, заман талабына сай лайықты қабылданған шешім. Осынау тарихи таңдауымыздың жемісі келешектің еншісінде, – деді. 

Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың аға оқытушысы Болат Боранбай:

– Кез келген әліпбиді қабылдау барысында дыбыс және дыбыстың бейнеленуі және әліпбидің емле ережесі барынша сапалы жасалуы тиіс. Айталық, сонау 1930 жылдары қолданыста болған әліпбидің емле ережелерін негізге алуға болатын сияқты. Әрине, бұл орайда тіл мамандары жұмыс жасайтын болады. Қорыта айтқанда, Елбасының бүгінгі таңда алға тартып отырған рухани жаңғыру саясатының түп-тамыры осында жатыр,– деп ойын түйіндеді.

 

Ғазиза ӘБІЛДА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қазан 2017 г. 998 0