ТЫҢ ЖОБАЛАРҒА ТҮРТКІ БОЛҒАН

Мемлекет басшысы жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалада Қазақстанның заманауи келбетін танытуға арналған бағыттың бірі – «100 жаңа есім» жобасы. Өз ісімен елге танылған жандарды кейінгі буынға үлгі ету арқылы жастарды жаңа жетістіктерге жетелейтін жобаға қатысушыларға қазіргі таңда el.kz сайты арқылы дауыс беру жүргізілуде. Өңірімізден үздік жүздікке үміткер ретінде қатысып жатқан жанның бірі – Сымбат Әбдрахманова. Қоғамға қажетті бастамаларымен көзге түскен жас маман озықтар қатарынан орын алуға лайық деп санаймыз. Себебі...

Ол әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған бірнеше жобаның авторы. Соның ішінде тоқталып өтетін тамаша бастамасы – балаларға арналған қазақ тіліндегі мультфильмдер. Бұның басты артықшылығы балалардың санасын дамытуға арналған. Сонымен қатар, артық шығынсыз-ақ жүзеге асырылады. Сымбат тілінде мүкістігі бар балаларға арналған бірнеше мультфильм шығарды. Атап өтсек, «Дыбыстарды машықтандыру», «Көңілді түстер» деп аталатын жас өскіннің санасына лайықталған көрсетілімдер жасады. Одан бөлек, жасөспірімдер арасындағы психологиялық өзгерістерді анықтауға арналған «Логоритмика» әдістемелік құралы, сондай-ақ «Компьютерлік психодиагностика» атты жобалары қоғам үшін қажетті. Келешегін ұрпағымен байланыстыратын қай ел үшін де жастар мәселесі бірінші орында болмақ. Ал кейінгі буында кезігетін мәселелерді қанаты қатаймай тұрып алдын алудың маңызы ерекше. Сондықтан жерлесіміз жасаған жаңа істі ел болашағы үшін жасалған жұмыс деп бағаласа болғандай.

Сымбат Нұртазақызы 1988 жылы 10 желтоқсанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Абылай хан атындағы Қазақ Халықаралық қатынастар мен Әлем тілдері университетінде 2005-2009 жылы «Филология» мамандығы бойынша, 2007 жылы Иран мемлекетінің «Таботабои» университетінде арнайы біліктілік арттыру курсында білім алды. Ол жастайынан-ақ жетістікке ұмтылды. 2008 жылы парсы тілі бойынша Орта Азиялық олимпиадада І орын алған.  «Педагогикалық ізденіс» ғылыми-әдістемелік журналының редакция алқасының мүшесі. Сонымен қатар, Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінде аудармашы қызметін атқарды. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, білімін жетілдіру үшін ілеспе аудармашы мамандығы бойынша магистратурада білімін шыңдады. Жобаларымен танылған жас маман Қызылорда облысының білім басқармасы жанындағы облыстық оқу орталығында қызмет атқаруда.

Сымбат өз ісін әлде де дамытқысы келеді. Айналамыздағы түйткілді мәселелерді тарқатуға үлесін қосуды қалайды.

– Шығармашылықты сүйетін жан өз туындысын дайындағанда, оның пайдаға жарағанын, қолданылғанын көргісі келеді. Шығармашылық адамының басты жетістігі осы. Себебі, әр жобаны қолға алғанда идеяны жетілдіріп, оны жүзеге асырудың жолдарын қарастыруға қаншама уақытыңды кетіресің. Бар күш-жігеріңді, сана-сезіміңді арнайсың. Соның барлығы бос кетпесе екен деп ойлайсың. Ал елге қажетті жобаға айналғанда сенен бақытты адам болмайды. Қазір жобаларымның пайдаға жарап жатқанын көргенде ерекше сезімге бөленемін, – дейді жас маман.

Ол 2016 жылы Испанияның Овьедо қаласында өткізілген 16-шы «Суицид және суицидалды әрекет» тақырыбында өткен симпозиумда «Қазақстандағы кәмелетке толмағандар арасында суицидтердің алдын алу: Қызылорда облысының тәжірибесі» тақырыбында баяндама жасап, өз тәжірибесін әлем сарапшыларымен бөлісті. Оның дәл осылай қоғамға алаңдаушылығы, айналасындағы мәселелерге бейжай қарай алмайтындығы талай тың жобаларды тудырады деп сенеміз.

М.ЖАСҰЛАН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қазан 2017 г. 486 0