ҚЫЛЫШЫНАН ҚАН ТАМҒАН БАТЫРЛАРДЫ, ТІЛ ҰШЫНАН БАЛ ТАМҒАН АҚЫН ЖЫРЛАР

Қазақ халқының тәуелсіздігі жолындағы күрескерлігімен тарихқа енген Есет батыр Көкіұлының туғанына 350 жыл толуына орай Жалағаш ауданында тағылымы мол шара өтті.

Әуелі батыр есімі берілген бұрынғы «Ақарық» аулының орталығында Есет батырдың қоладан құйылған кеуде мүсінінің ашылу рәсімі болды. Азаттық үшін аттан түспей алысқан батыр рухының орталарына оралғанына шаттанған ауыл тұрғындары байғазы шашуын шашып, аруаққа бағышталған құранға қол жайды.

Мұнан соң аудан орталығындағы мәдениет үйінде «Ұлт тарихы мен руханиятындағы Есет батырдың ролі» деп аталатын ғылыми конференция басталды.

Конференция жұмысын ашып, алғысөз алған облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов облыс әкімі Қ.Көшербаевтың конференцияға қатысушыларды құттықтаған хатын оқыды.

Алғашқы болып мінберге шыққан батырдың ұрпағы, көрнекті композитор Илья Жақанов батыр баянына тоқталып,  ұлт тұлғаларын ұлықтау ұрпақ тәрбиесінің басты құралы екендігін атап өтті. Сондай-ақ, ол жақында ғана Астанадағы көшелердің біріне Сыр бойында ізі мен ізгілігі аңыз болған Қарабура әулиенің аты берілгенін сүйіншілеп айтты.

Онан әрі елімізге белгілі тарихшылар – Х.Ақжанов, Ә.Мұхамедханұлы, Б.Кәрібаев, Н.Мыңжас қазақ хандығы кезеңіндегі қоғам, Есет батырдың дәуірі, бабалар ерлігі мен бүгінгі күннің  сабақтастығын тақырып өзегі еткен тұшымды баяндамалар жасады.

Конференцияны қорытындылаған мәслихат хатшысы Н.Байқадамов Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаралардың ұрпақ игілігіне тигізер зор пайдасы туралы айта келіп, батырды зерттеп-зерделеудің  ауқымы мұнан әрі кеңейе түсетінін еске салды.

Батыр тойының тер малшынған қызығы қолына ақ домбыра алған ақындар айтысымен айшықталды.

Аузымен құс тістеген – М.Ниязов, Д.Хамиев, А.Өзбеков, А.Қалиев, Р.Қайыртай, Н.Мансұров, М.Сұлтанхан, Е.Әбдиев, Ш.Сезімхан, С.Әділбек сияқты сөз жүйріктері  батыр мүсінін жырдан қалап, халық рухын тағы бір биікке алып шыққандай әсерге бөледі.

Ақындар қоғамдағы кемшіліктер мен адами құндылықтарды өлеңмен өріп, арасында көңіл сергітер әзілмен де қол соқтырды. «Қайтеді бұл ел батыр болмағанда, жау келсе тығылатын тауы да жоқ» деген Рүстем Қайыртайдың ұтырлы әзілі немесе Мұқтар Ниязовтың өз қарсыласын «Тұмар ханым ол менің апам еді, Кесіп ап Кирдің басын меске салған. Қорқытып отырғам жоқ апамменен, Былайынша тарихты еске салған» деп қалжыңмен қағытуы да тыңдарманның талғамынан шыққан тапқыр шумақтар болды. Сонымен бірге Шұғайып Сезімханның «Баламның атын қойдым Ханием деп» деген сөзіне қарсылысының «Ашулансаң хан иеңді ұрасың ба, келініңе ханшайым деп тұрасың ба?» – деуі де ақындардың тосылмай сөз суырып салатын дарынын танытты.

Батырдың сом бейнесін соғып, халықтың рухани кенезесін сусындатқан айтыскерлер сайыс қорытындысында қомақты ақшалай жүлделермен марапатталды. Бас бәйге қарағандылық Айбек Қалиевтың қанжығасына байланса, бірінші орынның олжасын жерлесіміз Ержеңіс Әбдиев алды. Мұнан кейінгі орын мен сыйды Р.Қайыртай, Д.Хамиев, А.Өзбеков секілді айтыскерлер өзара бөлісті.

Ауылына келген ақындарға «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов әдеппен жол беріп, қонақ сыйлайтын салтымыздың бұзылмай сақталғанын тағы бір паш етті.

Ел бесігін рухымен тербеткен Есет батырдың мерейлі шарасы осылайша жұрт ойында ұзақ сақталатын дәрпімен дараланды.

* * *  

Қазақ тәуелсіздігінің тарихына аты алтын әріптермен жазылған ұлт тұлғаларының бірі, ақ алмасты батыр, атақты қолбасшы Текей Қарпықұлының облыс орталығында аталып өткен тойы да қызыл тілмен темір иіп, түйін шешкен айтыс ақындарының сөз сайысымен асқақтай түсті.

Айтысқа орны аламанның ортасы мен алдынан төмендеген кіл жал-құйрықтылар, тағалы тұяқтылар келген екен. «Арқанға әр қылы қымбат» дегендей, Жүрсін Ерманның жүйріктерін бағалау қазылар алқасына да оңай соқпаған сияқты. Сайысты қорытындылаған қазылар төрағасы, Текей батыр зерттеушісі, ғалым Темірхан Тебегенов батырдың тұлғасын қара өлеңмен қашап соққан ақындарға ризалығын айта келіп, кіл жүйріктен шын жүйрікті айырудың қиын болғанын жасырмады. Дегенмен, айтыстың аты айтыс, оның бағасы берілуі тиіс.

Сонымен миллион теңгелік бас бәйгені Есет батырдың айтысында қонақтарға арнайы жол берген, екі мәрте «Алтын домбыра» иегері, жерлесіміз Мұқтар Ниязов жеңіп алды. Сыйлықты тапсырған академик Б.Досманбетов «Тәуелсіздікті айтыс ақындарындай дәріптеген ешкім жоқ» деген сөздің ақиқаты бүгін тағы көрінді. Ақындарға батыр рухы қашан да дем бере жүрсін» деп алғысын білдірді.

Бірінші орынның бәйгесі айтулы айтыскер Рүстем Қайыртайға тиесілі болды. 2-орын кеше ғана Шиелідегі Шахмардан Есеновтің тойында бас бәйгені жеңіп алған Мейірбек Сұлтанханға, 3-орын тағы бір шиелілік ақын Ержан Әміров пен жетісулық сөз жампозы Аспанбек Шұғаевқа  лайықталды.

Бұл сыйлықтарды сөз сайысын бағалаған Т.Тебегеновпен бірге ақын Ш.Әбдікәрімов, айтыскер А.Әлтаев, әнші-сазгер Е.Әбдіхалықова, ақын Д.Нәзікбай секілді  өнер тарландары табыстады. 

Міне, осылайша үш күн бойы Сыр елінің топырағын қазақтың қос батырына арналған айшықты шаралар рухпен түлетіп, рәуіш жыр құндағына бөледі.

Д.АЯШҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 30 қазан 2017 г. 880 0