Қызылорда облысының Иранмен байланысы артып келеді

Қызылорда облысы Иранмен тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатты. Биылдың өзінде Иранға күріш экспорттап, екі тарапқа да тиімді жұмысты бастап кетті.
Бұрнағы күндері Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев бастаған делегация жұмыс сапарымен Иран Ислам Республикасына арнайы барды. Сырбойылық кәсіпкерлер Гүлістан және Мазандаран провин­цияларындағы ауыл шаруашылығы, өндіріс орындарын аралап көріп, Иранның бизнес-қауымдастығына ортақ жобаларды таныстырды.  Қызылордалық делегация Гүлістан провинциясында ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу, мал шаруашылығы саласындағы ірі ком­паниялардың басшыларымен кездесіп, про­винцияның губернаторы Сейид Маноф Хашемимен бірлескен жұмыстарды талқылады.  Мұнан бөлек «Қызылорда облысы мен Гүлістан провинциясы арасындағы экономикалық және инвестициялық байланыс» тақырыбында бизнес-форум өтті. Форум аясында нақты жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Иран президенті Хасан Руханимен сая­си ке­ліс­імдерінің арқасында осындай ай­мақ­тық қарым-қатынастарға негіз қа­лан­ған. Болашақта бұл елмен бірге сауда-экономикалық қатынасты одан әрі да­мы­туға мүмкіндік бар. Өйткені Қазақ­стан­ның, Түрікменстанның және Иранның бірі­гіп салған «Жаңаөзен – Қызылқия – Берекет – Этрек – Горган» темір жолы бар. Ақ­тау теңіз портының мүмкіндіктері де кеңе­йіп келе жатыр. Сондықтан біз осыны дұ­рыс пайдаланып, экономикамызға қажетті жобаларды іске асыруға мүмкіндік алып отырмыз. Біздер өткен жылы Иран күрішінің сортын 70 гектар жерге егіп, жақсы өнім алдық. Қазір Иран Ислам Республикасы жылына 3 миллион тонна күрішті экспорттайды. Ал оның бағасы біздің күріштің бағасынан 10 есе қымбат. Сондықтан бұл бізге өте тиімді. Қазір Иранға Қызылордадан күріш жеткізу туралы келісімге келдік, Иран тарапы біз­бен жұмыс істеуге мүдделі екендіктерін көрсетіп, тиісті келісімдерге қол қойылды, – деді Қырымбек Елеуұлы.  
Мұнан басқа делегация Горган қала­сының ескі шаҺарын аралап, «Аққала» индустриялық аймағының жұмысымен танысып, Гүлістанда тұратын қазақ диаспорасымен кездесу өткізді.  Мазандаран провинциясында сыр­­бо­йы­лық делегация губернатор Рабие Фаллах Джелоудорының қабылдауында бо­лып, «Гаре Бурун» кооперативінің бекіре тұқымдас балықтарды өсіру және уыл­дырық шығару жұмыстарын көріп, сүт өнім­дерін шығаратын «Kale Dairy Company» компаниясының жұмысымен танысты.
Мазандаран провинциясында да бизнес-форум ұйымдастырылып, ортақ жобалар бойынша меморандумдарға қол қойылды. Қараша айында ирандық кәсіпкерлер «Байқоңыр» инвестициялық форумына қатысу үшін және қол қойылған меморандумдар бойынша жұмысты бастауға арнайы Қызылорда облысына келетін болды.  Айта кету керек, биыл Иран Ислам Рес­пуб­­ли­касына «Торем Хошеми» сортынан 60 тонна күріш экспорттау жоспарлану­да. 2020 жылға қарай ирандық күріш алқап­та­рын 5 мың гектарға дейін ұлғайтып, экспорт көле­мін 8 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Осындай жұмыстар жүгері егіп, өңдеуге қа­тысты да жүргізілетін болады. Мұнан бөлек, «Фарагир Инчеборон» ирандық ком­па­ния­сымен мал экспорттау туралы келісім жасал­ды.
Тамыз айында «Күшімбаев Агро» коопе­ративі Иранға малдың алғашқы легін жі­берді. Атап айтқанда 812 бас мал экспорт­тал­ды. Биыл жыл соңына дейін тағы 10 мың бас мал жіберу жоспарланып отыр. Сонымен қатар ирандық әріптестермен Қызылорда қаласында ет комбинатын және жеміс-жидектерді сақтау, жеткізу мақ­са­тын­да сау­да-логистикалық орталық салу көзделуде. Осындай келелі келісімдердің іскер­лік бай­ланысқа ұласып, аймақ экономи­касы­ның жаңаша дамуына серпін берері сөзсіз.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қазан 2017 г. 512 0