«ЖАН-АРАЙДЫҢ» КӘСІБІ КЕҢЕЙІП КЕЛЕДІ

«Жан-Арай» ЖШС Сырдария және Қармақшы аудандарындағы бірнеше шаруашылықтарды біріктіріп, биыл 7000 гектарға күріш екті. Серіктестік өңірімізде алғашқы болып тәулігіне 80 тонна жем шығаратын зауытты іске қосты. Мұнда 150 адам еңбек етеді.
«Жан-Арайдың» агроиндустриалды кешенінің құрылысына облыс орталығындағы оңтүстік өндірістік аймақтан жер бөлінді. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кешенге су, газ, кәріз, электр жүйелері орнатылды. Зауытта немістің құны 927 мың евро тұратын «PETKUS» фирмасының жабдығы орнатылған.
Серіктестік бұл жобаны «Байқоңыр» ӘКК АҚ-мен бірлесіп іске асырды. Жем шығару, күріш өңдеу жұмыстары халықаралық стандартқа сәйкестендірілген. Зауыт аумағында шикізатты, дайын өнімді сақтайтын қоймалар, автотаразы, арнайы зертхана, қаптау цехы мен диірмен орналасқан. Шикізатты серіктестік өзі егеді және жергілікті шаруа қожалықтарынан сатып алады. Қапталған күріш Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстанға экспортталады. Жемге деген сұраныс та жоғары. Қазір 30-дан астам фермерлік шаруашылықтармен және жеке кәсіпкерлермен ай сайын жем жеткізіп беру туралы келісім-шарт жасасқан.
Алдағы уақытта мұнда макарон цехы жұмысын бастап, оған 75 адам жұмысқа тартылмақ. Оған қоса оңтүстіккореялық технологиямен тез дайындалатын күріш лапшасын шығару да жоспарланған.
Серіктестік базасындағы «Жан-Арай-Агро» қаз фермасы Сырдария ауданының Айдарлы ауылында орын тепкен. Нақты кезеңде фермада 7700 бас қаз өсірілуде. Қазір құс фермасының 20 гектар жайылымы мен Сорқұдық көлі бар.
«Жан-Арай» серіктестігінің іргесі нығайып, аясы кеңейген сайын берекесі тасып, табысы артып келеді. Бұл – еткен еңбектің, төгілген маңдай тердің өтеуі.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қазан 2017 г. 653 0