БАЛЫҚ – БАҒАЛЫ БАЙЛЫҚ

Соңғы жылдары Елбасының тікелей қолдауымен жүзеге асқан «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасының бірінші кезеңінің өзінде Арал өңірінің қайта жанданғаны, аудандағы балық шаруашылығының даму қарқыны жылдан жылға артқаны әмбеге аян. Бұл туралы сан мәрте айтылып, жазылып жүр. Тек өткен жылдың өзінде  ауданда 7100 тонна балық ауланып, қыруар тонна балық өңделді. Ал осы жылға Кіші Арал теңізімен Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйесінен  жалпы аудан бойынша 7332 тонна балық аулау лимиті бекітілген. Осының өзінен ел ағаларының жанашырлығы, мемлекеттің қолдауы, ат арқасындағы азаматтардың іскерлігі мен қаншама жағымды жаңалықтардың жүзеге асып жатқанын аңғаруға болады.
Бұған қоса ауданда өткен жылы балық өнімдерін сыртқа шығару да қарқын алды. Арал балығын тұтынғандардың арасында Польша, Грузия, Әзербайжан, Ресей сынды алыс-жақын мемлекеттер бар. Өнімді  экспорттаушы кәсіпорындар «Арал СДО», «Камбала балық», «Қарашалаң СДО», «Бөген СДО» және басқалар болып табылады. Бұл қадамның айдынды Аралдың айбынын асқақтата түсетіні анық. Ел ішіндегі берекелі тірлікті іргелі ұжымдардағы тұрақты еңбек ырғағы паш еткендей.
Арал өңірінде ата-бабасының ежелгі  кәсібі балық аулауды жанына серік қылған қабырғалы қауым өмір сүруде. Турасына көшсек, теңіз жағалаған қауымның нақты кезеңдегі тұрмыс-ахуалы бөтен емес. Мұның өзі «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген қанатты қағиданы жандандыра түседі. Арал аймағындағы ағайынның басты тіршілік көзі балық кәсіпшілігі болып саналады. Сондықтан аудан көлемінде балықты аулап, өнімдерін өңдеумен қатар экспортқа шығару жайы да қарқын алып жатқаны ауыз толтырып айтуға лайықты.
Өңірдегі балық шаруашылығына назар аударған жан облыстық мәслихат депутаты  Аманбай Ерхатовтың есіміне тоқтамай кете алмас еді. Қашанда байыпты мінезінен жаңылмайтын жігіт ағасының бұл саладағы орны тым ерекше.  Іскер азаматтың Арал мен Қазалы ауданының бірқатар тұрғынын  жұмыспен қамтып отырғанын, ол басқаратын  «СПК Қызыл-орда Балық» серіктестігінің құрамына «Бақыт» шаруа қожалығы, «Бөген сервистік дайындау орталығы» қарайтынын, «СПК Қызылорда Балық» ЖШС-нің  индустриалды-инновациялық жобаларды дамыту бойынша «Байқоңыр» ӘКК» АҚ-мен бірлескен жобасы іске асырылғанын, жоба аясында балық өнімдерінен сүбе (филе) дайындайтын цехы пайдалануға берілгенін, серіктестік «Бақыт» шаруа қожалығымен бірлесіп, кіші Арал теңізінің учаскесінен,  Байтақ, Қазалыдағы «Қашқан су» көлінен балық аулайтынын, экспортқа шығу үшін  сапа сертификаты барын бұған дейінде бірнеше мәрте жазған едік.
«Жақсының жақсылығын айт», оған қоса А.Ерхатовтың «Балық өңдеу» цехы балық өнімдерін тазалайтын, тоңазытып сақтайтын бөлмелер, сыйымдылығы 750 тонналық балық сақтау қоймасымен жабдықталған. Балық аулау, тасымалдау үшін арнайы көліктер мен құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сапасы жоғары  балық сүбесіне сұраныс мол. Балық өнімдері Германия, Дания, Голландия, Бельгия, Австрия, Польшаға экспортқа шығарылады. Өнімді экспорттауға еурокод алынған.
Аманбайдың есімі тек еліміз емес, шет мемлекетке де белгілі. Олай болмағанда ше?! Ресейдің Ульяновск облысы, Димитровград маңынан балық өңдеу зауытын іске қосқан А.Ерхатов өзінің кәсіпкерлік саласының қыр-сырын жетік меңгергендігін дәлелдеді. Зауыт жылына 1500 тонна балық өнімін шығаруға есептелген. Аталған зауытта қыруар адам еңбек етеді.  Ресейден зауыт салудың пайдасы  ең алдымен  уақыт үнемделеді. Өнімнің сапасы сол қалпында сақталады. Әрі жыл бойы тоқтаусыз жұмыс жасайды.  Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Нұрбек Әйімбетовтің де есіміне көпшілік жақсы қанық. «Жас келсе іске» демекші, Нұрбек басқаратын «Арал сервистік дайындау орталығы» ЖШС еңбек өнімділігін арттыруға баса мән беріледі.  Кіші Аралдан бес учаске ұжымға бекітілген. Еврокод белгісін иеленген «Арал» СДО-ның өнімдері тұтынушы талғамынан табылуда. Балық шаруашылығында кәсібін жандандырып жүрген Төребек Игіліков, өзге де көптеген есімдер аймақ кәсіпкерлерінің арасында ілтипатпен аталады.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал, Қазалы аудандары.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қазан 2017 г. 707 0