– Қазан айы жақсы жаңалықтар мен сәттіліктерге толы болды. Елбасы Сыр өңірінде жұмыс сапарымен болып, атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдіріп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң бағасын берді, – деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихаттың кезекті 15-сессиясының басында депутаттарға арналған сөзінде.
Облыс басшысы Сыр өңіріндегі сапарына орай Елбасы Үкіметке тиісті тапсырмаларды жүктегенін жеткізді. Қырымбек Елеуұлы осыдан кейін Астанада Премьер-Министрдің қабылдауында болып, Президент тапсырмаларын орындау мақсатындағы жоспарларды айқындап алғаны туралы депутаттарды хабардар етті.
Облыс әкімі ЭКСПО көрмесі кезінде Астанада облыстың күндері өткізілгенін, оған Президент арнайы келіп, тамашалағанын еске салып өтті. ЭКСПО-2017 көрмесі бағдарламасына енгізілген Қорқыт ата кешені мен Байқоңыр ғарыш айлағын тамашалауға 20 мыңнан аса турист келді, оның ішінде 3,5 мыннан астамы шетелдік, сондай-ақ көрмеге қатысушы барлық елдердің эмиссарлары болды. Тағы бір қуанышты жағдай, өңірімізде мектеп бітірушілердің 97 пайызы жоғары және орта арнаулы оқу орындарына түсті. 15-16 қыркүйекте Елбасы бастамасымен Қазақстан делегациясы Өзбекстанда болды. Халықаралық бизнес форумы шеңберінде Қызылорда облысы әкімдігі мен Навои облысы хокиматы арасында сауда-экономикалық және мәдени байланыстар туралы келісімдерге қол қойылды. Өзбекстанның 5 аймағы делегациясы қараша айында Сыр өңіріне келеді. Иран байланысы нығаю үстінде. 21-23 қазан аралығында облыс делегациясы Иран республикасында жұмыс сапарымен болып қайтты. Гүлістан, Мазандаран провинцияларымен және ірі кәсіпорындармен сауда-экономикалық саласында ынтымақтастықты арттыру және ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу жобалары бойынша 8 меморандумға қол қойылды. Жыл аяғына дейін 10 мың бас қойды экспортқа шығару жоспарланып отыр. Болашақта ет және ет өнімдері экспортын ұлғайту межеленуде. Сондай-ақ, Иран жағы жылына 1 млн тоннаға дейін күріш алуға мүдделі екендіктерін білдіріп отыр.
Депутат Жорабек Нұрымбетовтың төрағалық етуімен өткен сессияда алғашқы талқыланған мәселе жергілікті полиция қызметінің басым бағыттары мен құқықтық тәртіп жағдайына арналды. Ол туралы баяндаған облыстық ішкі істер департаментінің басшысы Қайрат Мұхитов аймақтағы жергілікті полиция қызметкерлерінің жалпы саны 1006 бірлікті құрайтынын жеткізді. Атқарылған профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылдың 9 айында жалпықылмыстық құқық бұзушылық түрлері 9,6 пайызға, оның ішінде ауырлығы мен онша ауыр емес, сондай-ақ денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, зорлау, ұрлық, мал ұрлығы, тонау, бұзақылық, алаяқтық қылмыстарының тіркелуі төмендеген. Сондай-ақ қоғамдық орындарда, көшеде, мас күйінде жасалған қылмыстар саны азайып отыр. Есепті кезеңде облыс көлеміндегі учаскелік полиция инспекторлары өздерінің әкімшілік аймақтарында тұрғындар алдында 774 мәрте есеп беру кездесулерін өткізді. Осы мәселеге орай құрылған облыстық мәслихаттың Уақытша комиссиясының төрағасы депутат Бақдәулет Махашов сессияда қосымша баяндама жасап, комиссия атқарған жұмыстар туралы айтып берді. Мұнан кейін депутаттар Ибадулла Тілеп, Әнуар Дәуренбаев және Құлмырза Қасымов жарыссөзге шығып, ұсыныстарын жеткізді. Олар мал ұрлығын ашуға қатысты тұрғындар тарапынан болатын сын-ескертпелерді ескеру, жол белгілерін талапқа сай орнату, Төретам мен Ақайда жергілікті полиция өкілеттіліктерін ашу, осы елді мекендердегі білім ошақтарында мектеп инспекторларының болуы секілді ой-пікірлерін ортаға салды.
Сессияда облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Құлымбетова 2017 жылғы облыс бюджеті депутаттар келісімімен 5 млрд теңгеге нақтыланып отырғаны туралы хабарлады. Оның ішінде облыстық бюджеттің кіріс көзі 1,5 млрд теңгеге ұлғайып отыр. Аудандар мен Қызылорда қаласы бюджеттерінен облыстық бюджетке қайтарылатын қаржы көлемі 442,4 млн теңге. Ал босатылатын қаржы 2,7 млрд теңгені құрайды, оның ішінде үнемделген қаржы 1,9 млрд теңге.
Сессия күн тәртібіндегі келесі мәселе сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен болдырмау туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абзал Мухимов хабарлама жасады. Хабарламашы Мемлекеттік қызмет туралы жаңадан қолданысқа енгізілген заң елімізде мемлекеттік қызметті дамытудың жаңа кезеңі басталғанын көрсететінін атап өтті. Кешенді аттестациялаудан өтуге облысымызда 2700 қызметші жатқызылса, оның ішінде 928 қызметкер аттестациялаудан босатылған. Аттестациялаудың бірінші деңгейінде – 44, екінші деңгейінде – 1318, үшінші деңгейде – –1306, барлығы 2668 қызметкер мемлекеттік аттестациялаудан өткен. Агенттік тарапынан бұл науқанға өте жоғары баға берілді. Мемлекеттік қызметкерлерді оқыту, үйрету өз деңгейінде жүргізілуде.
Ағымдағы жылдың 9 айында Әдеп жөніндегі кеңестің 10 отырысы өткізіліп, 34 мәселе қаралды. Қаралған мәселелердің алтауы Әдеп кодекстері талаптарын бұзу жайына арналып, 11 мемлекеттік қызметші атына кір келтіретін теріс қылықтары бойынша мәселелері қаралды. Осы істерді қарау нәтижесінде кеңес шешімімен 14 қызметшіге әртүрлі жаза белгіленген. Оның біреуі – ескерту, екі сөгіс, бір қатаң сөгіс және он мемлекетттік қызметшіге қызметіне толық сәйкес еместігін ескерту туралы жазалар қолданылды.
Сессияда белгіленген басқа да мәселелер талқыланып, тиісті шешімдер шығарылды. Мерейлі жасқа толған депутат Райкүл Байназароваға облыстың «Құрмет грамотасы» табыс етілді. Аймақ басшысы мерейтой иесінің облыстың қоғамдық өмірінде өзіндік лайықты үлесін қосып келе жатқанын айрықша атап өтті. Төрт мәрте Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты болып сайлануы соның дәлелі деген облыс әкімі халық қалаулысына ізгі тілектерін арнады.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.