АЛДАҒЫ ҮШ ЖЫЛДА СЫР ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ЖЕТПІС ПАЙЫЗЫ КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ

АЛДАҒЫ ҮШ ЖЫЛДА СЫР ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ  ЖЕТПІС ПАЙЫЗЫ КӨГІЛДІР ОТЫНҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ
Өткен аптаның сенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Жалағаш ауданындағы бірқатар шаруашылық және әлеуметтік нысандарда болды. Облыс әкімі Бұхарбай ауылында жергілікті тұрғындармен жүздесіп, ашық-жарқын ой бөліссе, іссапар соңында Жалағаш кентінде аудан активтері және шаруашылық басшыларымен кездесіп, алқалы жиын өткізді. Аудан тұрғындарына Елбасының биылғы Жолдауының маңызы мен мәнін тереңірек түсіндіріп, Сыр аймағында бағындырылған белестер мен алда тұрған міндеттерді сарапқа салды. Облыстың өркен жаюы берекелі бірлікте екендігін тілге тиек еткен облыс әкімі Сыр елінің келешегі кемелдене беретініне зор сенім артты.
Облыс әкімі іссапары басында Жалағаш кентіне кіреберіске қоныс тепкен «Еңбеккерлер аллеясында» аялдады. Мұнда ардагерлер мен жастар оған өздерінің жүрекжарды лебіздерін жеткізді.
Аймақ басшысы мұнан әрі Бұхарбай батыр атындағы ауылға ат басын бұрды. Аудан орталығына іргелес ауылда 2026 адам тұрады. Сыр салысын егуді мұрат тұтқан ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршіліктері жыл өткен сайын түзеліп келеді. Ауылдағы шаруашылық жүргізуші субъектілері: «Қызылорда Агросервис», «Алтын дән ПВА» ЖШС, «Байтабын» шаруа қожалығы және де 19 жеке шаруа қожалықтары мен 13 кәсіпкер ауыл тұрғындарының тұрмыстары түзелуіне сүбелі үлес қосып келеді екен. 
Батыр ауылының әлеуметтік жағдайы да жыл сайын жақсарып келеді. Бүгінде ауылда зәулім де сәулетті орта мектеп, мәдениет үйі, «Балдырған» балабақшасы, ауылдық емхана, кітапхана, байланыс және халыққа қызмет ету орталықтары жұмыс істеуде. Айтқандай, өткен жылы Бұхарбай батырдың 200 жылдық мерейтойы тойланып, 18 млн. 732 мың теңге қаржыға батыр атындағы мұражай салынса, «Мелиоратор» ЖШС-ның директоры Б.Мыхановтың тікелей бастамасымен Бұхарбай батыр атындағы мешіт үйі шаңырақ көтерген. Аймақ басшысы бастаған топ осы мұражайда болып, батырдың өмір жолымен, ол тұтынған бұйымдармен егжей-тегжейлі танысып, батыр атындағы мешітте баба рухына құран бағыштады.
Ауылдық мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен жүздескен облыс әкімі Елбасы Жолдауының «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атануының тектен-тек еместігіне тоқталды. Басты мақсат: Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы болмақ. Аймақ басшысының осындай ұзақмерзімді жоспар мен тұрақты экономикалық өсу барысын бүкпесіз баян етіп, жұртшылықтың толғандырар мәселелерін де басты назарда ұстауы көпшілік көкейін дөп басты. Кездесу жиынында Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев сөз алып, өзіне көрсетілген құрмет үшін ауыл тұрғындарына алғаусыз алғысын айтты. Еңбек Еріне заманында Бұхарбай батыр бабамыз тұтынған қарулар іспеттес бес қару зор қошеметпен тарту етілді.
Аймақ басшысы мұнан соң бүлдіршіндерге өткен жылы маусым айында тарту етілген «Жасұлан» балабақшасына ат басын тіреді. Суы орталықтандырылып, сұйық отынмен жылытылатын балабақшада 3 пен 5 жастағы балғындардан 4 топ жасақталып, 90 сәби тәлім-тәрбие алуда. Балалардың үйден «Газель» автокөлігімен жеткізілетіні құптарлық жағдай десек, 33 адамның тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілуі де құптарлық.
Аудандық мәдениет үйіне жиналған жұртшылық алдында сөзін Елбасының биылғы жылғы Жолдауының маңыздылығынан бастаған облыс әкімі Сыр аймағының бүгінгісі мен келешегіне де баса назар аударды.
– Біздің басты мақсатымыз – Елбасы Жолдауында айтылғандай, 2050 жылға дейін әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру, яғни, «Мәңгілік Ел» болуымыз керек, – деді Қ.Көшербаев. Сондай-ақ, ол аймақта алынған асулар мен алдағы міндеттерге кеңінен тоқталды.
Айтса айтқандай, өткен 2013 жыл Сыр елі үшін толағай табысты жыл болды. Еліміздегі аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан 2012 жылы Сыр аймағы 16- орында болса, өткен жылы алғы шепке шыққан. Саралап айтар болсақ, аймақта өндірістік сала – 20 пайызға, құрылыс салу 40 пайызға өссе, инвестиция тарту 2,6 есеге артқан. Сондай-ақ, бір жылда салық түсімінен елімізде 4-ші орынға көтерілген. Ал, ауыл шаруашылығы саласы бойынша күріштің әр гектарынан аймақта бұрын-соңды болмаған 49 центнерден өнім алынып, рекорд жасалды. Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан бері тұңғыш рет Сыр елінің айтулы азаматы Абзал Ералиевке Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді. Бір сөзбен айтқанда, Қызылорда облысы еліміздің даму үрдісі бойынша 2-ші орынға көтерілген.
Алдымызда тұрған міндеттерді сарапқа салған аймақ басшысының айтуынша, «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» күре жолы биылғы жылы пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» көгілдір отын құбырының Сыр аймағынан өтуі де жергілікті тұрғындардың тұрмыс-тіршіліктерінің түзелуіне орасан зор ықпал етуде. Алла жазса, биылғы жылы Қызылорда қаласы тұрғындары көгілдір отынмен толықтай қамтамасыз етілмек. Ал, алдағы үш жылда Сыр аймағындағы елді мекендердің 70 пайызға жуығы да көгілдір отын рахатына кенелмек. Аймақтың экономикалық дамуына сүбелі үлес қосар «Сексеуіл-Бейнеу» темір жолы да іске қосылмақ. 
Облыс әкімі Сыр елі жұртшылығын толғандырып жүрген Байқоңыр мәселесіне де кеңінен тоқталды. Елбасымыздың тікелей қолдауымен екі ел арасында Байқоңыр, Төретам, Ақайға қатысты кешенді дамыту жоспары дайындалып жатыр. Биылғы жылдың І тоқсанында Қазақстан мен Ресей арасында осыған қатысты кешенді жоспар қабылданбақ. Айтқандай,  «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысушылар Байқоңырға келмек. Сондай-ақ, Қорқыт ата кесенесінде болып, баба рухына құран бағышталмақ. 
Аймақ басшысының айтуынша, ауылшаруашылықты аймақтан өндіріс орындарын ашуға да бетбұрыс жасалмақ. Яғни, Шиелі мен Жаңақорған аудандарындағы металлургия өнімдерін зерттеп, ел игілігіне жаратуға қатысты жоспарлы жұмыстар жүргізілуде көрінеді. Шыны және труба, тағы басқа зауыттар салу да жоспарға енгізілген.
– Сыр аймағында, – дейді облыс басшысы, – 263 елді мекен бар. Бұл елді мекендердің жай-күйімен мен толықтай танысып шықтым. Осы елді мекендердің 43-ін тіректі елді мекен қатарына енгізуді көздеп отырмыз. Биылғы жылы 8 елді мекен тіректі елді мекенге айналмақ. Соңғы жылдары Қызылорда қаласы да адам танымастай көріктеніп келеді. Биылғы жылы дарияның сол жағалауынан Астана пішінді жаңа қала шаңырақ көтермек.
Аймақ басшысы іссапар соңында Жалағаш кентінде қоныс тепкен «Қызыл мия тамырын өсіру және өңдеу зауыты» жобасымен танысты. Зауыт құрылысы өткен жылдың сәуір айында басталған, ол алдағы жылдың қаңтар айында іске қосылмақ. Жылына 6 мың тонна мия тамырын өңдейтін зауыт жұмысы басталғанда 156 адам тұрақты, ал 500 адам маусымдық жұмыспен қамтамасыз етіледі. Демек, жыл аяғында жалағаштықтар тағы бір қуаныш құшағына кенелмек.

Еркін ӘБІЛ.
Жалағаш ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 11 ақпан 2014 г. 1 030 0