КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫ КЕНЖЕЛЕМЕУІ ТИІС

Сенбі күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен жаппай кәсіпкерлікті дамыту жайын талқылаған селекторлық мәжіліс  өтті. 

Жиында жыл басында аймақта кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай жол картасы әзірленгені айтылды. Елімізде кәсіпкерлік саласына қолайлы жағдай жасалған. Өз ісін ашып, жұмысын жандандырамын дегендерге ешқандай кедергі жоқ.Тіпті бірнеше жобалар мен бағдарламалар арқылы ынта білдірген адамдарды оқытып та жатыр. Тек сол елді мекенді басқарып отырған әкім мемлекеттік бағдарламалармен тиімді жұмыс жасаса болғаны.

Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданындағы жаппай кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі селекторлық мәжілісте облыс басшысы осы мәселелерге тоқталды.

– Наурыз айында менің қатысуыммен барлық ауданда ак­тив отырысы өткен болатын. Сол жиындарда ауыл әкімдеріне кәсіпкерлікті дамыту бойынша нақты тапсырмалар берілді. Бұған дейін Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі аудандарындағы шағын және орта кәсіпкерліктің даму динамикасын қараған болатынбыз. Бүгін Қызылорда қаласы мен Жаңақорған ауданы әкімдерінің есебін тыңдаймыз, – деді аймақ басшысы.

Көтеріліп отырған мәселеге орай қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев хабарлама жасап, Қызылордадағы кәсіпкерліктің ахуалын баяндады. Қала басшысының сөзіне сүйенсек, Қызылордада 25 мыңнан аса шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Ағымдағы жылдың наурыз-қыркүйек айларында 1800-ден астам кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Сонымен қатар, 1900-ден аса жаңа жұмыс орны ашылған. Кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен 150-ге тарта кәсіпкерлік нысан ашылып, 1380 адам жұмыспен қамтылды. Облыстық кәсіпкерлік палатасы тарапынан қала мен оған қарасты ауылдық округтерде 339 бизнес жоспар дайындалып, 85 жоба жүзеге асырылды. Жоба аясында 112 жаңа жұмыс орны ашылды. «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы әзірленген 34 бизнес жоспардың 13 жобасы жүзеге асырылды.

Кәсіпкерлікті дамыту бойынша Қызылордада бұдан да басқа атқарылған жұмыстар баршылық. Әлеуметтік жұмыс орындарына да, жастар тәжірибесімен жұмыс жасауға да адам жіберілген. «Бизнес-кеңесші» жобасы аясында 500-ге тарта адам оқытылған. «Алтын асық», «Құлан» бағдарламаларымен де жұмыс жасалуда. «Сыбағадан» да сырт қалып жатқан жоқ. Кооперативтер де құрылған.

Жаңақорған ауданында да шағын және орта бизнесті дамыту жолға қойылған. Аудан әкімі Ғалым Әміреевтің мәліметінше, «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша 137 адам оқыған. Сондай-ақ, 52 жоба қаржыландырылған. Несие алушылардың 70 пайызы мал шаруашылығымен айналысушылар екенін де айта кеткен жөн. Бұл ауданда кооперативке бірігушілердің қатары өскен. Жаңақорғанда кәсіппен айналысамын деушілер де артып келеді. Қазірдің өзінде 3 мыңнан аса кәсіпкер жұмыс жасауда. Бұл аталған аудандағы шағын және орта бизнестің қаншалықты әлеуетті екенін көрсетеді. Наурыз-қазан айларында 400-ден аса кәсіпкерлік нысан тіркелгенін айта кетудің артықшылығы жоқ. Бұл ауданда нәтижелі жұмыстар жеткілікті.

Селекторлық мәжілісте облыс әкімі Қызылорда қаласына қарасты Қосшыңырау, Ақжарма ауылдарының және Жаңақорған ауданының Қаратөбе, Көктөбе, Сүттіқұдық округтерінің әкімдеріне кәсіпкерлік мақсаттағы жұмыстарды әлі де болса жетілдіре түсу қажеттігін ескертіп өтті.

Жиын соңында облыс басшысы қараша айында қала, аудан, ауыл әкімдерінің кәсіпкерлікті дамыту бойынша атқарған жұмыстары қайта қаралатынын назарға салды.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 қазан 2017 г. 1 106 0