ОБЛЫС ЭКОНОМИКАСЫНДАҒЫ ОҢ ДИНАМИКА

Қазіргі күні аймақта мұнай өндіру көлемі 691 мың тоннаға кеміді. Жыл аяғына таман бұл көрсеткіш 840 мың тоннаға дейін жетуі мүмкін. Одан әрі де мұнай қоры азаймаса, көбеймейтіні анық. 

Жиында облыс әкімінің орынбасары Қуанышбек Ысқақов аталған жағдай экономиканы әртараптандыруға жол ашқанын айтты. Бүгінде мұнай қорының 90-95 пайызы суланған әрі «Құмкөл», «Қоныс», «Бектас», «Ақшабұлақ», «Арыс», «Ащысай» сияқты кеніштер тартыла бастаған. Бірақ мұнай өндірісіндегі жағдай макроэкономикалық көрсеткішке әсер етпеуі тиіс.

– Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының экономиканы әртараптандыру жөніндегі қабылдаған шешімі облыстың дамуына айтарлықтай серпіліс берді. Өңір экономикасының дамуын сипаттайтын басқа да көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасты, – деді Қ.Ысқақов.

Биыл 9 айда өңдеу өнеркәсібінде 78 млрд теңгенің өнімі өндірілген, өсім – 6,2 пайыз. Негізгі капиталға 142 млрд теңге инвестиция тартылды, өсім – 8 пайыз. Көлемі 467 мың шаршы метр болатын тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Егін жинау жұмыстары аяқталды, сарапшылар түсімнің былтырғыдан тәуір болатынына сенімді.

– Есепті кезеңде 10997 жаңа жұмыс орны құрылса, оның 9587-сі тұрақты. Соңғы жылдары жұмыссыздық 5-тен 4,8 пайызға төмендеді. Бұл ретте «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» және «Нәтижелі жұмыспен қамту және шағын кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары аясында жүзеге асырылған іс-шаралар тиімді нәтиже беріп келеді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Жалақы қарызының төлену мәселесі ерекше бақылауда. Жедел әрекет ету шаралары нәтижесінде 79 кәсіпорын-мекеме 1805 жұмысшысына 225 млн теңге жалақы қарызын өндіріп берді. Еңбек инспекторлары жыл басынан бері 246 мекеме-кәсіпорынды тексеріп, 319 заңбұзушылықты анықтады. Оның 262-сі – еңбек, 40-ы – еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, 17-сі халықты жұмыспен қамту заңнамалары бойынша. Анықталған заңбұзушылықтардың 303-і немесе 95 пайызы жойылды.

Қ.Ысқақов облыс бюджетінің жай-күйіне де тоқталды. Жалпы шығыстың 137,6 млрд теңгесі әлеуметтік салаға бағытталды. 97 тендердің қорытындысымен 1,7 млрд теңге үнемделді, ол – жалпы сатып алу сомасының 6,4 пайызы. «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары шеңберінде 7,9 млрд теңгеге ұйымдастырылған 18 тендер өтті.

Сондай-ақ облыстың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жөнінде тиісті басқарма басшылары баяндап берді.

Назерке Саниязова.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 қазан 2017 г. 480 0