Шиелі ауданындағы биылғы «Алтын күз» мерекесі үлгілі тойланды. Оның аясында Мемелекет және қоғам қайраткері геология-минералогия ғылымдарының докторы, ғалым Шахмардан Есеновтің 90 жылдық мерейтойы өтті. Ауыл еңбеккерлері асыға күтіп, шаттана тойлайтын мерекесі халықтық сипат алып, үлкен салтанатқа ұласты. Аптаның жұма күні Қызылорда қаласында басталған шара ертеңіне Шиелі ауданында жалғасын тапты.
Сенбі күні академиктің туған жері Тартоғай ауылындағы №153 мектептің алдына орнатылған бюстінің лентасы қиылды. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев кіріспе сөз сөйлесе, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Қойшығара Салғарин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, қоғам қайраткері Абдолла Дәулетов және басқалар естеліктер айтты. Сонан соң осы мектеп ішінде арнайы ғалымның атына жабдықталған кабинеттің ашылу рәсімі өтті. Аудандағы үздік білім ордаларының бірі сана¬латын №153 мектеп-лицейінің директоры Айжан Қаракеева бұл бөлмені «Шахмардан Есенов атындағы кіші академия» деп атап, мұнда ғалымның құнды еңбек¬тері қойылғандығын айтып, таныстырды. Кабинеттің жабдықталуына «Ш.Есенов атындағы қордың» қызметкері Ирина Грищенко арнайы Алматы қаласынан келіп, көп көмек бергендігі де құрметпен айтылды. Аудан басшысы оған өз алғысын білдірді.
Қазақтың «жақсыдан – шарапат» деген сөзінің ас¬тарын¬да үлкен мән жатқандығы белгілі. Міне, дала кезген айтулы ғалымның 90 жылдық мерейтойының құрметіне облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қолдауымен Ш. Есеновтің туған ауылы Тартоғайда осы күні 150 орындық Мәдениет үйінің іргетасы қаланды. Бұл ауыл жастарының жиі бас қосып, мәдениетті өрістетуіне жол ашады. Ауыл тұрғындарының алқалы жиындары өтеді. Мәдениет үйінің іргетасы қалану рәсімінде елдің ынтымағына сүйсінген қоғам қайраткері, «Қазақстан әйелдері» журналының бас редакторы Алтыншаш Жағанова: «Ауылдардың көркеюі елдің өскендігін білдіреді» десе, ауыл ардагерлер кеңесінің төрағасы Алтынбек Әлсейітов қамқорлық танытқан тілектес ағайынға ауылдастарының атынан алғыс айтты. Аталған ғимарат құрылысы жуық арада басталады деп күтілуде.
Шиелі ауданының орталығы «Көкшоқы» шағын ауданындағы «Арман» мәдениет үйінің алдында академикке қойылған ескерткіш бар. Осы жерге аялдаған мәртебелі меймандар гүл шоқтарын қойып, ғалым рухына құрмет жасады. Тағы да академиктің өнегесі мен қайраткерлігі туралы жылы лебіздер білдірілді.
Ал осы күні аудандық спорт кешенінде ғалымның 90 жылдығы құрметіне арналған қазақ күресінен республикалық турнирдің ашылу салтанаты да өткізілді. Оны аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев ашып, Шиелінің жалпы дамуымен қатар спорттық шараларды жиірек өткізуімен де алдыңғы қатарда екендігін айтты. Мәселен, жылма жыл Мұстафа Шоқай атындағы республикалық турнир өткізілсе, Бала би атындағы айтулы жарыс та бұл өңірден мықты палуандардың өсіп шығуына себепші болуда. Турнирдің ашылу салтанатында қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жақитов палуандар белдесуіне сәттілік тіледі.
Айтары жоқ, 90 келіге дейінгі салмақтағы еліміздегі мықтылардың бас қосқан бәсекесі болды бұл. Оған әр кезеңдегі 4 бірдей Әлем чемпионының қатысқандығын еске алатын болсақ, кілем үстіндегі айқастың нағыз алыптар бәсекесі болғандығын аңғарасыз. Алайда, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші алғашқы белдесулерде қарсыластарынан басым түсіп отырған төрт мықты іріктеле келе ақтық айқасқа жолдама алды. Олар алматылық Саят Шәмшиев, жамбылдық Дәулет Жақыпов пен Айбек Айболов және Өзбекстаннан келген Жасүрпек Шүкіров болатын. Олардың өзара белдесуінен соң үшінші орын үшін күресте Дәулет Жақыповтың мерейі өзбекстандық палуаннан үстем болды. Расында екеуі тең дәрежеде өнер көрсетті, тек қазақ палуаннының бір бүгі артықтау болып, жүлдеге қолын іліндірді. Ал бірінші орын үшін айқаста бұрындары Әлем чемпионы атанған Айболов та, Шәмшиев те аянып қалмады. Екеуі бірін-бірі ала алмай тура 5 минут алысты. Тек соңғы секундтарда ғана бағы өрлеп тұрған Саят Шәмшиев бір тәсіл жасап үлгерді. Бұл оған бас жүлдеге тігілген 1 миллион теңгені қанжығасына бөктеруге мүмкіндік берді. Ал екінші орын үшін 500 мың, үшінші жүлдегерге 300 мың сыйақы берілді.
Ал Иманжүсіп атындағы орталық стадионда «Алтын күз-2017» мерекесіне арналған театр¬ландырылған көріністер тартымды жүр¬гізіліп, жұртшылық қызықшылыққа кенел¬ді. Осы күні табиғат та тосын мінез көр-сетпей, арайлы күн жайдарлана нұрын шашып тұрды. Ортадағы сахнаға көтерілген аудан басшысының құттықтау сөзінен соң академик, философия ғылымдарының докторы Д.Кішібеков шиеліліктерді «Алтын күз» мерекесімен құттықтап, жерлестерінің жеңісіне ризашылығын танытты. Жылдағы дәстүр бойынша мереке аясында ауыл шаруашылығы озаттары марапатталды. Олардың арасында ең үздік шаруашылық атанған «Ақмая» шаруашылығы (төрағасы – Дәулет Жұмбеков), жақсы еңбек көрсеткішін көрсеткен «Төңкеріс К» шаруа қожалығы (төрағасы – Бауыржан Көпеев), «Бидайкөл» шаруа қожалығы (төрағасы – Талғат Байдалиев) және озат агроном – Сәрсенбай Көбегенов, озат бригадир Әбдімәлік Сейтжанов және басқа да сала озаттары бар. Олардың барлығына аудан әкімдігі белгілеген бағалы сыйлықтар табысталды. Осы күні бірқатар азаматтарға ауданның «Құрметті азаматы» атақтары да берілді.
Тойдың қызығы «Салтанат сарайында» өткізілген республикалық ақындар айтысымен жалғасты. Айтысты Жүрсін Ерман жүргізсе, айтысқа республикалық «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп бастаған қазылар төре¬шілік етті. Сөз маржаны төгілген аламан айтыста соңғы жылдары шашасына шаң жұқпай жүрген шиелінің тумасы Мейірбек Сұлтан¬хан бас жүлдені иемденсе, бірінші орын¬ға жамбылдық ақын қыз Аруана Керімбек кө¬терілді. Ал астаналық Серікжан Дүйсенғазин мен шиелілік Иранғайып Күзенбаевтар екінші, үшін¬ші орындарды өзара бөлісті. Айтыстың бас жүлдегеріне жеңіл автокөлік кілтін облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов тап¬сырды.
Ал жексенбі күні ауылшаруашылық жәр¬меңкесі өткізіліп, түрлі дақылдар мен мал өнімдері арзан бағада саудаланды.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.