Қазақстан Қытайға газ экспорттауды бастады. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды құбырынан «Орталық Азия - Қытай» трансұлттық құбырына алғашқы газ жіберілді. Қазақстан аумағындағы табиғи газды экспорттау маршруты 3 мың шақырымды құрайды, тасымалдау процессіне 10-нан астам компрессорлық станция жұмылдырылған.
Газдың алғашқы бөлігін құбырға жіберу Шымкент қаласы маңындағы «Ақбұлақ» өлшеу станциясы мен ҚазТрансГаздың Астанадағы диспетчерлік орталығы арасындағы онлайн байланыс арқылы жүзеге асырылды. Енді жыл сайын Қазақстан Қытайға 5 млрд текше метр «көгілдір отын» жеткізеді. Болашақта оны 10 млрд текше метрге жеткізу жоспарланған. Оған құбырдың техникалық мүмкіндігі әбден жетеді. Осылайша көгілдір отын экспортының екінші бағыты ашылып отыр. Бұрын газ тек Ресей арқылы Еуропаға тасымалданатын. Жаңа жобаның құны 3,5 млрд долларды құрады. Биыл елімізде 40 млрд текше метр газ өндірілсе, оның 16 миллиарды шет елдерге шығарылады. Ал 14 млрд текше метрі ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандыруға жеткілікті.
ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев бұл оқиғаны тарихи сәт деп атады. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен «ҚазТрансГаз» АҚ Қытай тарапымен өте табысты келісім жасады. Шығысқа жөнелтілетін 5 млрд текше метр бұл ауқымды жұмыстың басы ғана. Алдағы уақытта оны екі есеге дейін көбейте аламыз. Бұл оқиғаны отандық газ саласының дамуындағы жаңа белес деп айтуға болады», - деді министр.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқармасының төрағасы Сауат Мыңбаев аталған шараны Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қойған міндеттердің орындалуы екенін атап өтті. «Ел Президенті оңтүстік өңірлерді үздіксіз және тұрақты түрде газбен қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл міндет толығымен орындалғанын көріп отырмыз. Енді газ саласында жаңа инфрақұрылымдық жобаларды іске қосу арқылы Қытай Халық Республикасына өзімізден артылған газды сату мүмкіндігі туды» - деген пікірін білдірді.
Жалпы газды шығыстағы нарыққа шығару жолы оңай болған жоқ. ҚазТрансГаз компаниясы орасан күш жұмсап, еліміздегі негізгі газ маршруттарын әртараптандырды. Түркіменнен бастау алып, Өзбекстан арқылы өтетін «Орталық Азия- Қытай» трансұлттық газ құбыры мен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырын және ондаған компрессорлық станцияларды іске қосты. Осының арқасында өзімізден артылған газ Қытайға экспорттала бастады.
Белгілі сарапшылар бұл оқиғаны - отандық газ саласындағы ең іргелі бетбұрыс деп бағалауға болатынын айтып отыр. Кеңес дәуірінде орталыққа ғана бағытталған газ құбырларының ағыны енді шығысқа бет бұрды. Бұл экономикалық және сауда мүдделеріміздің жаңа деңгейі деуге тұралық қадам.
Еліміздің ішкі нарығының сұранысы да толық өз газымызбен өтеліп отыр. Оның бағасы әр өңірде әрқилы. Дегемен, қазақстандық тұтынушылар ішкі нарықта газды арзан бағаға алып отырғанын осы рәсім барысында ҚазМұнайГаз басшысы Сауат Мыңбаев та растады. Оның пікрінше, «ҚазТрансГаз» компаниясы тауарлық газ операцияларынан және экспорттан түскен табысы есебінен ішкі нарықты субсидиялап, газ бағасын көтермей отыр. Естеріңізге сала кетейік, осыдан бір жыл бұрын ұлттық оператордың ішкі нарыққа арзан газ сатудан көрген шығыны 50-60 млрд теңге деген ақпарат жарияланған болатын.
Таханова Эльвира – Қызылорда қаласының тұрғыны:
Еліміздің газ саласы үлкен қадам жасады. Қытай нарығы өте үлкен, тіпті шексіз деуге болады. Сондықтан оларға газ сату – үлкен табыс әкелері сөзсіз. Шығысқа тартылған құбыр біздің облыстан бастау алып отыр. Бұл еліміздің, оның ішінде облысымыздың экономикасына табыс түсіріп жатыр. Осы газдың арқасында аймақтағы көптеген елді-мекендер былтыр табиғи газға қол жеткізді. Бұл біздің тәуелсіздігіміздің арқасы.