ЕЛБАСЫ АЛҒЫС АЙТТЫ

Латын қарпіне көшу мәселесі – Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында аталып көрсетілген сәттен бері күн тәртібінен түскен емес. Аса ауқымды әрі өзекті осы құбылыстың қарқын алуы мен қадам-қадам бойынша жүйеленуін еліміздегі еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін қаперіне іліп, көңіліне түйіп жүр. Ұлт зиялылары мен аға буын өкілдері бұл мәселенің терең тарихынан сыр шертіп, бүгіні мен болашағы жайында тебірене айтып, талдап тұрып жазуда. Бұған Елбасының ресми хат қоржынына келген бума-бума үшбу хаттары дәлел.
Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова, елімізге танымал Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары: Ескендір Хасанғалиев, Нұрғали Нүсіпжанов, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық Опера және балет театрының бас балетмейс­тері Г.Тұтқыбаева, «Сал­танат» мемле­кеттік би ансамблінің көр­кемдік же­тек­шісі әрі бас балет­мейс­тері, Еңбек сіңірген өнер қай­раткері Г.Орымбаева, «Астана опера» мемлекеттік Опера және балет театры­ның жетекші солисі Ә.Бекетаева сияқ­ты қайраткерлер де латын қарпінің игілігін түсіндіруде шет қалмады.
Республикалық неміс драма театры дирек­торының міндетін атқарушы Н.Дубс «Латын қарпіне көшу – күрделі үдеріс. Бұл мәселені талқылауға ма­ман­дардың ғана емес, қалың бұқа­раның да қатысуы – халықтың бірлігі мен қоғам­дық сананың жаңғыруын көрсетеді. Қазақ тілінің реформасы тіл үйренудегі барлық кедергілерді жойып, оны ана­ғұр­лым жеңіл әрі тез дамытуға мүм­кіндік береді» деп жазады. Батыс Қа­зақ­стан облысының зиялы қауым өкіл­дері атынан хат жолдаған Т.Мер­ғалиев, Д.Мұштанова, Б.Ғұ­байдуллин, Ш.Қыдырниязова, М.Сүйіншалиева, Р.Сүйербаев қазақ тілін латын қарпіне көшіру жөніндегі бастамасын Мәң­гілік ел идеясының түпқазығына, жарқын болашаққа қызмет ететін озық ой, қазақ тілінің мәртебесіне дем берер игі қадамға балаған. Еліміздің ірі қала­ларындағы мәдени-әдеби ошақтары, сондай-ақ білім мен ғылым ордалары Елбасының бұл бастамасын толық қол­дайтынын әрі осы мәселенің ұлттың пайдасына жарау үшін жан-жақты атсалысатынын жеткізіпті.
Мемлекет басшысы қазақ әліпбиі­нің тағ­дырына алаңдап хат жазған ел азаматтарына жылы лебіздері мен қолдау білдіргені үшін алғысын айтты.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 23 қазан 2017 г. 561 0