« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Арғы тарихқа көз жіберіп, зерделеп зертесек, қазақ елінің басынан талай қайғы-қасірет, зобалаңдар із салып өткен. Осындай шешуші оқиғалардың бел ортасында елі үшін белі қайысып, бар ауыртпалығын көтерісуге білек сыбана кірісіп, жанын да, қасық қанын да аямаған, жалаң қылышпен жауға шапқан ұлт мақтаныштары да жеткілікті болған. Сондай басын бәйгеге тіккен ерлердің бірі – батыр, қолбасшы, би, тархан, есімі әйгілі Есет Көкіұлы бабамыз.
ХVII-ХVIII ғасырларда Қазақ даласын жаулап алуға жанталасқан жоңғар, қалмақ, ойрат, торғауыт жан-жақтан анталап, алапат соғысты бастап жіберді. Қыр мен ойды, көл мен өзенді, жанға жайлы жайлауды алаңсыз жайлап жатқан қазақ жұрты аяқ астынан абдырап қалды. Басқыншылар қыршын жасты да, кәрі-құртаңды да аямады. Мал-мүлкін тартып алып, қыз-қырқынын күң, ұлын құл етті. Сарыарқа мен Жетісу, Еділ мен Жайықты, Алакөл бойын отқа орап, жан біткенді оққа байлап, қылышпен шауып, найзамен түйреп, қалың елдің қабырғасын қаусатты.
Қазақ жұрты кімге арқа сүйерін білмей, есеңгіреп қалды. Басқыншыларға қарсы күш біріктіріп, қарсы шықпаса. Қазақ халқының басына аспаннан жай оты түскендей күн туды. Осы шешуші кезеңде Жетіру ішіндегі Тама руынан шыққан Есет батыр жас та болса, тегеурінді жауға қарсы тұрып, айбат көрсетті. Оны замандастары қолдап, қуаттап, жауға қарсы қол жинады. «Әкем Базарқұлұлы Көкі де батыр болып, аты шыққан. Әке аруағы жар болып, рухы қолдасын!» деп қолға түскен қаруын алып, атқа отырды.
Кезінде жауына тайсалмай тура шапқан әкесі «Таймас батыр» деген ерге лайық құрметті атаққа ие болған. Жетісудағы Белжайлаудың Орбұлағында Салқам Жәңгір хан жоңғардың Батыр қонтайшысының 50 мың қолына 600 жауынгерімен қарсы тұрып, шайқасып жатқанында Самарқаннан 20 мың әскерімен көмекке келген Жалаңтөс баһадүр жауынгерлерінің ішінде осы Көкі батыр да бар еді. Осы шайқаста ерекше ерлік көрсетіп, қарсы келген жауын жер жастандырған, ержүрек ер атанған.
Есет те ел қорғау жорығына ерте араласып, күресте есейіп, ер жетіп, ұлтының намысын берік ұстап, туын биікке көтерді. Еділ, Жайықтан қалмақтарды Ресей жеріне дейін қуып тастап, бетін қайтарды. Дегенде, Сарыарқа мен Жетісу бойын ойрат, жоңғарлар басып алып, әңгір таяқтарын ойната бастады.
Қазақтың бас көтерер батырлары мен билері, ру басшылары амалсыздан жиналып, ақылдаса бастады. 1710 жылы Арал теңізі аймағындағы Қарақұмда игі жақсылар бас қосты. Кең көлемде құрылтай өтті. Мұнда ел келешегіне байланысты маңызды мәселе көтеріліп, жоңғарларға қарсы күш біріктіріп, тойтарыс беріп, елден қуып шығу керектігі басты ойластық болса, екінші мәселе – Кіші жүзге хан сайлау еді. Есет батыр осы құрылтайда ерекше белсенділік танытып, пікірін қостата білді. Әбілқайыр сұлтан Кіші жүзге хан болдып сайланса, Табын руының батыры Бөкенбай қолбасшылықты қолға алды. Оны құрылтайға қатысушылардың бәрі қолдады. Есет батыр өз жауынгерлерін бастап, Әбілқайыр ханның барлық бастамаларының қолдаушысына айналып, жорықтарға бірге қатысып, Бөкенбайға да сенімді серік болды.
«Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейін ес жиып, ел болып біріккен қазақ халқы жоңғарларға қарсы тұрып, ес жидырмай соққы берді. Бұланты шайқасы мен Аңырақай соғысында жан аямай ерлік көрсетіп, жаудың бетін қайтарып, Қытай шекарасына дейін қуып салды. Жау саны көп болса да, тегеурінді қазақ батырларына шыдас бермей, қансырап, бір-бірін тастап, бытырай қашты.
Есет батыр жауға шапқанда ерекше дараланып, ерекше үрей туғызып, атой салып, лап қойған да, жау шебінің біресе оңына, біресе солына құйғыта шауып, қарсы келгенін баудай түсіріп бара жатады екен. Оның қарасын көрген жау «Есет келді дегенше, Әзірейіл келді десеңші» деп жан-жаққа бұқпантайлап бас сауғалап, жанталаса қарасын батырады екен.
Жоңғарларға қарсы соғыстарда Әбілқайыр, Қайып хандармен бірге жүріп, Аякөз, Түркістан маңындағы Бөген, Шаян, Арыс өңіріндегі кескілескен шайқастарда талантты қолбасшылық қабілетіне бас игізіп, таңқалдырған. Елден ерекше жанын шүберекке түйген, көзсіз батыр екенін мойындатты.
Есет батырдың аты 1726 жылы Бұланты өзені жағасында ерекше аталып, қалың әскерінің туын көтерген, қарсы жауынан қайтпаған айтулы ержүрек батыр екеніне жұртшылықтың көзін жеткізді. Осыдан бастап «Қалмақ қырылған» деп аталған әйгілі шайқаста жауына ойсырата соққы бере жүріп, бірнеше жерінен жараланып, басы жарылады. «Ет қызуымен аңғармай жүрсе керек. Басы бірнеше жерден мылжа-мылжасы шыққан-ау» деп жолдастары аяушылық танытады. Шайқастан соң Есет басын таңып, қанын сүртіп дым болмағандай сыңай танытады. Сонда қасындағы серіктері «Есеттің басы қатты ма? Алланың тасы қатты ма?» деп таңғалысып қайран қалыпты. Кеудеден жаны шыққанша ел бостандығы үшін жанқиярлықпен күресетін ұлтжанды адам ғана осылай шыдамдылық көрсетсе керек.
Ия, осындай ерлікке лайық батыр бабамыз қазақтың арын арлап, намысын қорғап, халқының жеңіс туын биікке көтерді. Оны бір рудың, не бір жүздің батыры деп санамай, исі қазақ ұлтының қас батыры, пір тұтар әулиесі деп мақтаныш етуіміз керек.
1749 жылы Шекті ішіндегі Бәйімбет батырдың асына қатысыпты. Сонда аруақты батырларын еске алып, ағайыны күңіреніп, жоқтапты. Асқа жиналған қауымға қарап, Есет батыр: «Уа, жамағат, әке жолын ұл басар. Бәйімбет өмірден кетсе, ұрпағынан өзі секілді дауыл тектес батыр шығар. Абзалы, ел аман болсын, ұрпақ күйремесін!» деп басу айтқан екен. Осы сөзі әулиеліктей келіп, Бәйімбет батырдың ұрпағы Қайдауыл әке атын шығарыпты. Айтулы батыр Көтібармен бірге башқұрт, түрікпен шапқыншылықтарына қарсы күресіп, ерлігімен таңғалдырыпты.
Есет әулиенің басына Көтібар батыр түнепті. Оның түсіне ақбоз аттың қырға құйғыта шапқаны еніпті. Сәйгүліктің құйрығы ту секілді алаулап көтеріліп, кейін көзден ғайып болыпты. Әулиенің берген аянын өзі шеше алмай, замандасы әрі тумасы Көрпебайға жорытыпты. «Абыз өз атағың. Ақбоз аттың туша алаулаған құйрығы тегін емес. Күндердің күнінде дүниеге келіп, жарияға жар салар, өз беліңнен шыққан батырың болар» деп шешімін айтыпты.
Көтібардың түсі қабыл болып, алтыншы баласы дүниеге келіпті. Ұлының есімін түсінде аян берген Есет әулиенің атымен Есет деп азан шақырып қойыпты. Бұл Есет Жаңқожа батырдың туған нағашысы еді. Жанқожа Нұрмұхамедұлы да ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен, елі мен жері, халқының бостандығы үшін орыс отаршылдары мен Қоқан және Хиуа хандықтары жаулаушыларына қарсы күресіп, жеңіске жетіп, ұрпағына рух беріп, ұран тастап кетті.
Қазақ тарихында Есет батырдың ерекше өлшеусіз маңызды ерлік еңбегі бар. Елінің азаттығын аңсап, туған халқының жүрегінде мәңгілік орын алды. Ерлікке толы өмір жолы тәуелсіздікті аңсап-армандағаны ұрпағының рухын көтеріп, ел болашағының баянды болып, қазақ ұлты түбінде теңдікке жететінін болжап кетіп, көрегендік жасады. Өз заманында қазақ батырларының ұланасыр ерлігін жоғары қойып, ұлтының ар-намысын, азаттығын, тұтастығын, бірлігі мен ынтымағын баянды ету үшін күресті.
Тәуке хан басқарып, жоңғарларға қарсы шыққан соғыста Қарабура бабамыздың ұрпағы Есет Көкіұлы қол басқарып, жауынан тайсалмай асқан ерлік көрсетіп, қарсыластарын қан қақсатып тойтарыс берді. Сонда Тәуке хан Есет батырдың алапат шайқасымен, шабуылды ұйымдастырудағы шеберлігіне риза болып «Айбатың аса түссін, найзаң мұқалмасын, ел намысы тұздығын болсын. Жарайсың батырым!» деп шын ризашылығымен бәтесін беріп, құшағына алып, жаурынынан қағыпты. Сонда сапта тұрған жауынгерлер: «Хан шынымен Есеттің нағыз батыр екенін мойындаған екен» деп ризашылықтарын білдіріп, шаттаныпты.
Тарихи деректерде 1710 жылдан 1748 жылға дейін Есет батырдың есімі Әбілқайыр ханмен бірге аталып, жазылып отырады. Ал Есет 1722 жылы Жетірудың аға биі болып сайланып, Бөкенбай, Арал Баймұрат батырлармен бірге елге қауіп төндірген Еділ қалмақтары мен Жайық казактарына қарсы аяусыз күресіп, елін жауынан қорғап отырған. 1724 жылы қалмақ ханы Аюке өлгеннен кейі Әбілқайыр хан Есет батырмен ақылдасады. Елге маза бермей, оқтын-оқтын шабуыл жасаған қалмақтарды біржолата Ресей жеріне қуып тастауды ойластырады. Бұл жұмысты Есетке тапсырады. Жем бойындағы қарақалпақтармен одақтасып, 700-ден астам жасақпен қалмақ ұлысына басып кіріп, тас-талқан етеді. Қалмақтарды айтақтап, дем беріп қазақтарға қарсы салып отырған Ресей патшалығы екенін осы шайқаста Есет батырдың көзі жетеді. Себебі олардың қолданып отырған қарулары Ресей патшалығыныкі еді.
Көрші Ресей мен Хиуа, Қоқан хандықтары бейбіт қазақ еліне ойына келгендерін жасай бастады. Малын бағып, түтінін түзу ұшырып отырған бейқам елге жасаған қысымы шектен шықты. Патшалық Ресей Қазақ даласында әскери бекіністер салып, өзінің отаршылдық пиғылдағы әрекетін бастады. Қазақ даласын шығыс мемлекеттерімен жалғастырушы көпір етуді ойластырып, жымысқы әрекеттерге барды. Бұл істі қазақ елінің хандарымен ойласпай, игі жақсыларын бір-біріне айдап салып, жүзеге асыруға ұмтылды. Ресей саясатының түпкі мақсаты өте тереңде жатты. Қазақ жерін бүтіндей отарлап, бұратана халық етуді мақсат етті. Сөйтіп Орта Азия, Ауғанстан, Персия мен Қытай, Үндістанға еркін барып, қарым-қатынас жасауды жоспарлады. Қазақ елін белден басып, көзге ілгісі келмеді.
Іргелес елдермен байланыс шиеленісіп, тіпті асқына бастады. Әбілқайыр бастаған орда билеушілері, бек-билері, батырлары жиналып ақылдасты. Олардың келісімді шешімімен Ресей империясының патшасына хат жазылды. Ол хаттың мазмұны Ресейге бодандық емес, бітімгершілік тұрғыда баяндалды. Қазақ еліне көз алартқан басқыншылықты болдырмай, тыныштықты сақтау үшін, бір күшті мемелекетке арқа сүйеп, тең дәрежеде қарым-қатынас жасау керек болды. Бұны біреулер қолдаса, екінші біреулер қарсылық танытты. Есет батыр бастаған топ Әбілқайырдың бұл амалсыздан барып отырған саясатын қолдады. Екі халық арасындағы экономикалық, саяси және бейбіт қарым-қатынастарға белсене атсалысты.
Батыр өмірбойы Әбілқайырдың сенімді серігі, айнымас адал досы болып, көп мәселені келісіп, шешіп отырғанын аңғарамыз. Старшиналық қызмет атқарған тұста Кіші жүз бен Орта жүздің атынан Орынборда князь В.Урусовпен еларалық келіссөздер жүргізіп, қазақ елі мен орыс патшалығы арасындағы бірсыпыра қайшылық туғызған мәселелерді шешуге бар ынта-жігерімен белсене кірісті. 1743 жылы осы маңызды қызметі орынды бағаланып, екі ел арасындағы қарым-қатынасты жақсартқаны үшін Ресей патшалығының «Тархан» шенін алды.
1724 мешін жылы Мұғалжар таулары мен Жем, Сағыз, Ырғыз, Елек, Ойыл, Жайық өзендері мен қырларында қыс өте қатал болып, жұттан төрт түлік мал біраз шығынға ұшырап, малшылар таяқтарын ұстап қалды. Жазы құрғақшылыққа ұласып, мал жайылымы тақырға айналды. Шаруалар қатты күйзелді. Осы тұста жұртшылық Есет батырдан бір шарасын жаса дегендей, көмек сұрады. «Сыр мен Арал аймағы халқының жазда жайлауы – қыр. Осы жаққа келеді. Шыбын-шіркейсіз, маса-сонасыз жер. Қыс жайлауы сыңсыған қамыс пен жыңғыл-бұтаға толы Сыр бойы жердің құты. Балығы да тайдай тулаған, құт қонған, өзен-көлі жеткілікті. Сендерді жері шұрайлы, шүйгін әрі сулы өңір – Сырдың Жаңадариясы мен Қуаңдариясына және Арал теңізі жағалауына қоныстандырайын. Ондағы ағайын бұған қарсы болмас. Қайта ел қарасы көбейгеніне қуанады» деді Есет. Бұған олар келісті.
Құнарлы жерге қоныс тепкен жұрттың төрт түлік мал басы өсіп-өнді. Егін салып – бидай, тары, күрішке, тағы басқа жеміс-жидекке қарық болды. Сулы жер – нулы жер дегені осы. Түгін тартса, майы шығатын алқаптар туыстастарының құт-береке орнаған баянды мекендеріне айналды. Сыр мен Қырдың байланысы бұрынғыдан да жақсарып, қыз алысып, қыз берісіп, құда-жекжат болып, ұрпақтары өсіп-өнді. Есет батырдың жақын туыстары да осы өңірден бақыттарын тапқандай қуанысты. Екі араны ала шаңдақ жол етіп, барыс-келіс көбейді.
Батыр Есет қоластындағы халқын патшалық Ресейдің отарлауынан қорғаған, елінің қамын ойлаған, қазақтың адал ұлдарының бірі екенін көрсетті.
Біз елінің азаттығын аңсап, өткен өмірі теңдесі жоқ ерлікке, үлгі-өнегеге толы атақты Көкіұлы Есет батыр туралы әңгіме желісін тарқатып отырмыз. Қазақ елі тарихында Есет есімді үш атақты адам дүниеге келіп, өмір сүрген. Екіншісі, Есет Көтібарұлы (1803-1889 жыл). Әрі батыр, әрі би. Бұл Есет – Ресей отаршылығына қарсы ұлт-азаттық күресін бастап, ұйымдастырғандардың бірі. Ал үшіншісі, Есет би. Ол 1779-1869 жылдары өмір сүрген. Сөзге шешен, ержүрек батыр. Кезінде Кіші жүздің Төбе биі атанып халқының қамын ойлап, қандай дау-дамайды да әділдікпен шешіп, тура биде туған жоқ дегендей қадір-қасиет мен құрметке бөленген.
Есет Көкіұлы дарынды әскери қолбасшы ғана емес, ол сонымен қатар сол заманның білгір әрі көреген саясаткері. Тәуелсіздік пен еркіндік және бостандық үшін күрескен шынайы мемлекет қайраткері.
Ол 1749 жылы 82 жасында өмірден өтті. Ақтөбе қаласынан 35 шақырым қашықтықтағы Елек өзенінің бойындағы Бестамақ ауылының биік төбесіне жерленген. 1750 жылы қабірінің басына кесене тұрғызылып, 1979 жылы жергілікті тұрғындар ұлы батырға арнап ұзындығы 5 метр, ені 3 метр, биіктігі 1,7 метр құлпытас орнатты.
Ұлтымыздың «Мәңгілік ел» болу тұсындағы, рухани жаңғыру мақсаттарымен батыр бабамыздың ұмытылмас ерлігі, сіңірген өлшеусіз еңбегі еліміздің тәуелсіздік жолындағы асыл армандарымен үндес келеді. Себебі, оның есімі ұрпағына ұран болып қалды.
Бегімбай ҰЗАҚБАЕВ,
жазушы,
Арал, Қазалы аудандарының
құрметті азаматы,
ҚР Мәдениет қайраткері.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |