Арқалы ақын, дарынды драматург, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Иран-Ғайып (Иранбек Оразбаев) 70 жастың желкенін керіп, кемел шағының кемесімен қазақ руханиятының айдынында кемеңгерлік көкжиегін бетке алып барады.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары әдебиет әлеміне дара даусымен қосылған ақынның шығармашылық бет-бейнесіне қазақтың марқасқа тұлғалары сол кезде-ақ «өлеңге тағы бір Абай келді» деп өзгеше бағаларын берген болатын.
Алдағы қараша айында Сырда туып, сарыны Алашты кезген ақынның мерейтойы облыс орталығында аталып өтпек. Осы айтулы күн қарсаңында «Сыр бойы» газеті ақын жайындағы әр кезеңде жазылған белгілі тұлғалардың пікірлерін, мақалаларын, арнауларын жариялап отыруды жөн көрді.
АБАЙДЫҢ МҰРАГЕРІ
...Мен өзім Иранбектің парасатты поэзиясын қатты құрметтейтін қазақпын. Оның шығармашылығы туралы әлі жарияланбаған мақаламның тақырыбын «Абайдың Мұрагері» деп қоюымның сыры көп нәрсені аңғартар-ақ деймін. Иран, аңдағанға, о бастан «Абайшыл»: туған жері, өскен ортасы, бәрі-бәрі – ұлы ақынның атымен де, затымен де тікелей байланысты. «Абай» кеңшары, «Қарауыл-Төбе»... Арғы аталары – Қырғызбай, Оразбай, Омар, Оспан... Ұлы аналары – Ұлжан, Балқыз, Қимыш сияқты... көп жәйттерді еске салатындай. Оның үстіне, Иранбектің жас кезінде жазған өлеңдерінің бірлі-екісіне зер салшы:
«Жыр сарайын тамашалап Абайдың,
Күмбезіне көз тіктім мен талайдың:
Орда бұзар отызымның отауы –
Өзге отауға ұқсамауын қалаймын!
Күн кешпеймін күрсінумен, күндеумен,
Күмбір-күмбір күй төгумен жүр кеудем.
Ит тұмсығы батпас нуға нұр болып,
Сіңіп кетсем деймін соны сүрлеумен!
Жаным – жайсаң, жанарымда – жаз-маусым,
Туған жердің таң самалы – қозғаушым.
Қазақы аспан құндағынан құйылып,
Қобыздайын қоңырласын қаз дауысым.
Жол әлі ұзақ... Шыда, жүрек! Шыда, бел!
Шыдай алсаң – шындығыңды ұғады ел.
Кім біледі, кермедегі кер құнан,
Баптай білсең, болмайтынын Құлагер?!
Сырда сырбаз еркін өскен, бұлам-ай,
Ауыр сыннан өтермісің құламай?
Кім біледі озық ойлы қаламын –
Кімге сыйлап кеткендігін Ұлы Абай?!...» –
дейді «Кім біледі» атты шәкірт-жырында. Тегіннен-тегін емес тәрізді, осының өзі! Ол тағы бірде:
«Бір туатын ғасырда... рабайда,
Мен ешкімді теңемен ұлы Абайға.
Тұрғызбасақ бәріміз бір Абайды,
Поэзия шаңырағы құламай ма?!
Қарлы шыңнан ағатын басын құрап,
Әр жас ақын – аптыққан асыл бұлақ.
Барша бұлақ бір өзен құрамаса,
Дала шөлдеп қалмай ма, ғасыр жылап?!
Жүрегіңнен нұр-шуақ, таппаса арай,
Тарих шенін төсіңе тақпас оңай.
Бір Мұрагер қалдырған шығар, бәлки,
Аруақты арқалы ақ бас Абай?!
Не шығады бос даурық, құр таластан,
Кәусар жырға халқымның іңкәрі асқан.
Өлең жүгін өгіздей өрге сүйре,
Маң-Кеңшілік, Хан-Темір, Дүр-Жарасқан!
Өтер өмір жылжытып ай, аптасын,
Еркелетсін сұм-тағдыр, таяқтасын!
Өлгенімше көзіме бір көрінші,
Абайдың Мұрагері, қаяқтасың!..» –
деп, Абайды, өз қоғамынан, өз заманынан, әз-ортасынан, қала берді, өзінен өзі іздеп, жан-дүниесінен тау қопарып, тынымсыз алас ұрады. Осыдан кейін қалайша оны «Абайдың Мұрагері» демейсің?!
Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ.
ИРАНБЕККЕ
Иранбектің бір өлеңін және Абай туралы бір мақаласын жақында оқыдым. Жас буындардың жаңа беталысы дұрыстала бастағанына қуанамын. Мастық мақтан надандықтан заман, айығатын үміт бар. Иранбек замана ахуалын терең түсінген адал сезімді жан, үлкен талапты жастардың алдыңғы қатарындағысы деп білемін.
Халқымыздың ауыр нәубетімен қатар алдыңда үміт те бар. Сол үміттің басы осы жастар болар деп ойлаймын.
Абай жөніндегі мақаласы терең ойдан, жүрек тебірентер толғаудан туған екені сезіліп тұр. Абайдан үлгі алуға дайын жастардың басы осы Иранбек болар деп білемін. Мұндағы бір жаңа қуаныш Иранбектің айқын түрде Абай жолымен Исламды тануы. Бұл ең керекті шындық жолы. Соған бет бұрған жастарды біздер жанымыздай жақсы көреміз. Біздердің айтып жеткізе алмай, арман етіп келген дүниені Иранбек айқын ашып айта алған деуге болады. Әрине, көп замандардан бері қалыптасып қалған жалғандық түсініктерден бірден тегіс арыла қою оңай емес, жаңылыс жерлері де көп. Солай бола тұрса да, негізгі бағытының дұрыстығына разылық білдіреміз.
Кейінгі бір ғасыр бойында ислам елдерін отарлыққа айналдырған Батыс елдерінің исламға жаппаған жаласы жоқ шығар. Біздің жастар көбінесе соған ұрынып, өз елінің хасиетін теріс түсінетіндері көп. Осы салада біздердің алдымызда, «анық» пен «танықтың» арасын ашу жолында зор істер жатыр...
Абай айтқан ғой: «Бұл Хакимдерден мұрад – мұсылман хакімдері...» – деп. Демек, шындықты алдымен ислам хакімдерінен іздеу керек. Адам сонда ғана адаспай хақтың жолын табады. Зор бақыт сонда.
Осы саладан алып қарағанда Иранбектің алдында әлі зор асқар асулар тұр... Мен сол сапарын жақсы аяқтауды тілеймін.
Батыс ғылымына негіз берген де сол ислам ғалымдары. Ол есте болсын. Осы жөнінде Иранбек сынды талапты жастарға әл-Фараби сынды данадан үлгі алуды ұсынар едім.
Иранбектің жас талабына, шындық іздеген жолына разы болып сапарың оң болсын дейміз.
Ақжан Ибн Жақсыбек
Әл-Машани.