ТЕҢІЗ ТЕРБЕГЕН ТҰЛҒА

  

Биыл Қазақ ССР Балық шаруашылығының бұрынғы министрі, еңбек ардагері Құдайберген Саржанов 80 жасқа толды. Ол Арал теңізін құтқаруға және қаяз балығын сақтап қалуға үлес қосқан, қатардағы балықшыдан министр дәрежесіне дейін көтерілген қайраткер  азаматтың бірі. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Құдайберген Саржанұлын арнайы қабылдап, мерейтойымен құттықтады.  

– Сыр өңірінде ел мүддесі жолында аянбай тер төгіп, абыройға кенелген көптеген танымал тұлғалар бар. Осындай азаматтардың бірі  еліміздің балық шаруашылығы саласының дамуына айтулы үлес қосқан Қазақ ССР Балық шаруашылығының бұрынғы министрі, мемлекет және қоғам қайраткері Саржанов Құдайберген ағамыз. 

Қазақ халқында «Еліңде кімің бар?»-деген жөн сұрасудың жақсы дәстүрі қалыптасқан. Яғни, бұл дәуір жүгін қайыспай көтеріп, елдің ынтымағын, бірлігін сақтап, алдағы мақсатқа жол бастай алатын қабырғалы азаматқа қарата айтылатын сөз. Иә, біз жаудың бетіне білектімізді, даудың бетіне біліктімізді қойып, сасқанға сая, асқанға тосқан болатын азаматтарымызды ардақ тұтамыз. Осы тұрғыдан алғанда, Сіздің ел үшін еткен еңбегіңіз ерекше құрметке лайық. Сіз ауыл шаруашылығы саласының алдында тұрған ауқымды міндеттер мен Арал өңірінің өзекті мәселелерін өз деңгейінде көтере білдіңіз. Сол арқылы өңірдің тіршілік тынысының өркендеп, өсуіне өз үлесіңізді қостыңыз. Ердің ісі еңбегімен өлшенеді. Сізге  облыстың ең жоғары марапаты – «Қызылорда облысының Құрмет грамотасын» табыстауға рұқсат етіңіз, – деді облыс әкімі. Сонымен бірге, аймақ басшысы Құдайберген Саржанұлына «Нұр Отан» партиясының «Құрмет грамотасын» табыстады. Салтымызға сай ардагердің иығына шапан жауып, ізет білдірді. 

Көп жылдардан бергі балық шаруашылығы саласындағы және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Қ.Саржановтың кеудесіне «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі тағылды. Мерейтой иесін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқарма басшысы Нариман Жүнісов және өзге де әріптестері құттықтады.  

Өз кезегінде Құдайберген Саржанұлы құрмет жасағандарына алғыс айтып, Арал ауданында ашылған балық шаруашылығы мұражайын тамашалауға шақырды.  

 

Ғазиза ӘБІЛДА, 

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ (сурет). 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қазан 2017 г. 495 0