МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАРҒА ҚОЛДАУ

Мүгедектерге арналған оңалту орталығында мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау және олардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселесі көтерілді. Облыс әкімінің орынбасары Евгений Ким мен облыс прокуроры Халидулла Дәуешовтің, басқарма басшыларының қатысуымен өткен жиында әлеуметтік және құқықтық көмек көрсету кезіндегі жүйелі проблемалар, оңалтудың жеке бағдарламасын толық қамтамасыз ету басты назарға алынғаны айтылды. 

Қолда бар мәліметке сүйенсек, қазір облыста 29 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың жеке оңалту бағдарламасының орындалуына облыстық бюджеттен 415 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Соның нәтижесінде 12 мыңға жуық бағдарлама жүзеге асырылыпты. Жуырда облыстық прокуратура мен облыс әкімдігі бірлесіп, “Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қамқорлық” жобасын қолға алды. Ол туындаған түйіткілді мәселелерді мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесіп шешуді көздейді. 2013 жылдан бері республикада бірінші болып мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында арнайы “Жол картасы” бекітілді. Әлеуметтік қызметтерді қолданыстағы талапқа сай ұсыну қажеттілігі де күн тәртібіне қойылды. Бүгінде бұл жүйелі жұмыстар жемісін беруде. Ең бастысы, нәтиже бар. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұрат Ергешбаевтың айтуынша, мемлекет тарапынан әлеуметтік мәселелерге айрықша ден қойылған. Мүгедектерге арналған оңалту орталығының ашылуы – соның бір дәлелі. 

– Осыдан 5 жыл бұрын қолданысқа берілген орталық сырқатына шипа іздеп келген 6 мың адамға демеу, жанына дауа болды. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде де үкіметтік емес ұйымдар арқылы 16 жоба іске асырылды. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша жағдай жасау мақсатында Қызылорда қаласында – 4, аудандарда 14 инватакси жұмыс жасауда. Елбасының “Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар” бағдарламалық мақаласының аясында әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Қазір мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға тарту шаралары нәтиже беруде. Мәселен, 2015 жылдан бастап Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету балалар орталығынан 27 бала отбасына оралған. Олардың ата-анасының лайықты жұмыспен қамтылуы, жаңа мамандықты игеруі үшін кәсіби оқытудан өтуі назарға алынды. Бүгінде орталықтың күндізгі бөлімінде 46 балаға қызмет көрсетіліп жатыр. Оның ішінде 19 бала қыркүйек айынан бастап жеңілдетілген бағдарламамен үйден оқытылуда, – деді М.Ергешбаев.  

Сондай-ақ, кездесуде ерекше қажеттілігі бар балаларға иппотерапиямен оңалту шаралары жүргізіле бастағаны жеткізілді. Қазір бұл қызметті дәрігердің қорытындысы негізінде алуға мүмкіндік бар. Биылдан бастап мүгедектерге ұсынылатын протез-ортопедиялық, тифлотехникалық  көмекші, арнайы жүріп-тұру құралдарының тізбесі де кеңейтіліпті.  

 

Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ 

Н.НҰРЖАУБАЙ (сурет). 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қазан 2017 г. 687 0