АКАДЕМИК ШАХМАРДАН ЕСЕНОВТЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ АТАЛЫП ӨТІЛУДЕ

20-21 қазан күндері Қызылорда облысында мемлекет және қоғам қайраткері, геология-минералогия ғылымдарының докторы, ғалым Шахмардан Есеновтың 90 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар өтуде. 

Облыс орталығында «Қазақстанның кен ресурстары: игерілуі, даму барысы мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясымен жалғасты. Конференцияға қатысқан облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Шахмардан Есеновтың қазақстандық геология-минералогия ғылымына қосқан еңбегін атап өтті.

«Шахмардан Есенов Ғылым Академиясын басқарып тұрған кезеңдерде Сыр өңірінің жер асты қазба байлықтарын барлауды қолға алу қажеттігін батыл дәлелдеді.  Бүгінде қорғасын мырышты өндірумен айналысатын «Шалқия кенішінің», «Құмкөл» мұнай кенішінің, Аралдағы өте жоғары сапалы кварц құмы кен орнының ашылуына зор еңбек сіңірді. Бұған қоса аймақта алтын мен күміс те бар екендігін алғаш ғылыми дәйектеген де Шахмардан Есенов болды. Міне, қазақтың маңдайына біткен асыл да, атпал азаматтың бастамасы бүгінде Сыр өңірінде кеңінен қанат жаюда. Аймағымыз «Хорасан-2» кенішінде жерасты қазба байлығын өндіруде айтарлықтай табысқа жетіп келеді. Уран өнеркәсібімен айналысатын кәсіпорындардың бірі - «Байкен-U» ЖШС-і кәсіпорнында бүгінде 497 адам жұмыс жасауда. «Шалқия» кенішінде 500-ге жуық адам еңбек етіп жатыр. Өндіріс орны тоқырап қалған тұста өзге өңірлерге көшіп кеткен мамандар елге қайта оралуда. Таяу арада кәсіпорын толықтай іске қосылған кезде мұнда 1540 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады», - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, конференцияға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы, Каспий мемлекеттік технология және инжиниринг институтының проректоры Гүлсара Жолдасбаева және еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, докторанттар мен магистранттар қатысты.

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми орталық кітапханасында Шахмардан Есеновтың өмір жолы мен еңбектеріне арналған "Өнегелі өмір" және "Шахмардан" кітаптарының тұсаукесері өтті.

Ертең 21 қыркүйек күні Шиелі ауданында Ш. Есеновтың бюсті мен мұражайының ашылуы және өзі туып өскен Тартоғай ауылында мәдениет Үйінің іргетасы қаланады. Сондай-ақ, қазақша күрестен республикалық турнир, республикалық айтыс, гала-концерт және өзге де мерекелік шаралар ұйымдастырылады.  

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 қазан 2017 г. 620 0