ҚҰДАЙБЕРГЕН САРЖАНОВ 80 ЖАСҚА ТОЛДЫ

Биыл Қазақ ССР балық шаруашылығының бұрынғы министрі, Еңбек ардагері Құдайберген Саржанов 80 жасқа толған мерейтойын атап өтті. Ол Арал теңізін құтқаруға және қаяз балығын сақтап қалуға үлес қосқан жандардың бірі. 

Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев Құдайберген Саржанұлын мерейтойымен құттықтады.

«Сыр өңірінде абыроймен еңбек еткен, ел мүддесі жолында аянбай тер төккен көптеген танымал тұлғалар бар. Осындай азаматтардың бірі – еліміздің балық шаруашылығы саласының дамуына айтулы үлес қосқан Қазақ ССР Балық шаруашылығының бұрынғы министрі, мемлекет және қоғам қайраткері Саржанов Құдайберген ағамыз! Сіз еліміздің дамуы, өсіп-өркендеуі жолында еңбек етіп, «ағаға құрмет - кішіден ізет» деген пайымды берік ұстанып, өнегелі ғұмыр кештіңіз. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енген Арал қаяз балығының шабағын өсіріп, бағалы балық тұқымының Арал теңізінде қайта қалпына келтіруге әлі де өлшеусіз үлес қосып келесіз. Балықшылар тұратын елді мекендерде мектеп, аурухана, тұрғын үйлер салынуына атсалысып, Арал, Балқаш проблемалары жөніндегі халықаралық қоғамдық комитетінің мүшесі бола жүріп, Арал проблемасын шешу үшін заң шығаруға үлкен үлес қостыңыз. Осындай еңбегіңіз үшін Құдайберген Саржанұлына Қызылорда облысының Құрметті азаматы атағы беріледі», - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Көп жылдардан бергі балық шаруашылығы саласындағы және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Саржанов Қызылорда облысының және «Нұр Отан» партиясының Құрмет грамоталарымен марапатталып, кеудесіне «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі тағылды.

Мерейтой иесін ҚР Ауыл шаруашылығы Министрлігінің басқарма басшысы Нариман Жүнісов және өзге де әріптестері құттықтады. Өз кезегінде Құдайберген Саржанұлы құрмет жасағандарына алғыс айтып, Арал ауданында ашылған мұражайды тамашалауға шақырды.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 қазан 2017 г. 728 0