СЕРПІНДІ ЖЫЛДАР, СЫНДАРЛЫ ІСТЕР

  Кеше Қазақстан Республикасы Үкіметінің  баспасөз орталығында  облыс әкімі Қырымбек Көшербаев брифинг өткізіп, республикалық БАҚ өкілдері мен блогерлерге  аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы кеңінен ақпарат берді.

Тұңғыш рет өзгеше форматта өткен брифингке облыстан – «Бахыт» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Аманбай Ерхатов, «Таң LTD»  ЖСШ-ның директоры Имамзада Шағыртаев, шахматтан жасөспірімдер арасындағы Әлем және Азия чемпионы Әсел Серікбай, шыны зауытының директоры, «Orda Glass» ЖШС-ның басқарма төрағасы Ержан Сағымбаев және басқалар қатысты.

– Құрметті журналистер, әрине, аз ғана уақыт ішінде аймақтың бар тыныс-тіршілігі туралы айтып шығу мүмкін емес. Сондықтан, өңірдің қазіргі дамуындағы аса маңызды аспектілеріне тоқталып өтейін, содан кейін Сіздердің барлық сауалдарыңызға жауап беруге әзірмін.  

Сонымен бірге, бүгін менімен залда жерлестерім, әріптестерім, пікірлестерім, тіпті түрлі бағыттың өкілдері отыр. Алайда, барлығы қызылордалықтар, қызықты адамдар, туған жерінің игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген жандар, олардың да айтары бар. Олар – Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының электронды әкімдікті дамыту жөніндегі орынбасары Ақжігітова Индира, бүгінгі күні Иран нарығын меңгере отырып, жаңа деңгейге шыққан («Таң LTD» ЖШС) алдыңғы қатарлы күріш шаруашылығының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Шағыртаев Имамзада, сонымен қатар, еліміздегі тұңғыш кальцийлендірілген сода өндіретін «Арал сода» ЖШС бас директоры Оспанқұлов Санжар, Қазақстандағы алғашқы табақша шыны өндіру зауытының жетекшісі, “Orda Glass” ЖШС басқарма төрағасы Сағымбаев Ержан, кондитерлік дүкендердің ауқымды жүйесінің негізін салушы кәсіпкер, «Браунис» ЖШС директоры Сайлығараев Айдос, серіктестерімен бірге  Ресейдің Поволжье өлкесіндегі Дмитровград қаласында балық өңдеу зауытын салған, «Бахыт» шаруа қожалығының жетекшісі, облыстық мәслихат депутаты Ерхатов Аманбай, К.А.Тимирязев атындағы Ресей аграрлық университетінің 3-курс студенті, Ресей Федерациясы Үкіметі білім грантының иегері Қашапова Наргиза, шахматтан жасөспірімдер арасында Әлем және Азия чемпионы Серікбай Әсел қатысып отыр.  

Сіздерге олармен сұхбаттасу әсерлі болады деген ойдамын, – деген аймақ басшысы сонан соң өңір­дің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелерін айтты.

– Облыстың серпінді дамуына Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын  жүзеге асыру ықпал жасады. Осының нәтижесінде облыста 20 жоба жүзеге асырылды, бүгінгі таңда олардың 16-сы толық өндірістік қуатына енді.

Жүзеге асырылатын жобалардың сапасын арттыру мақсатында  біз Индустрияландыру картасын инвентаризацияладық. Тиімсіз, бәсекелестікке қабілетті емес жобаларды және экспорттық әлеуеті төмен жобаларды тізімнен шығарып, қазір қалғандары бойынша нақты жұмыс атқарып жатырмыз. Бұл орайда экспортталатын өнімдердің көлемі соңғы жыл ішінде 23 пайызға, ал импорттаушы елдер саны 8-ден 11-ге артты (Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан, Дания, Тәжікстан, Ауғанстан, Қытай, Ұлыбритания, Польша, АҚШ, Тайвань).

2018 жылы молибден қышқылын өндіретін кәсіпорын іске қосылып, оның негізгі өнімі Жапонияға экспортталады. Шыны зауытының құрылысы аяқталып келеді. Астана қаласының туған күніне алғашқы өнімнің партиясын шығаратын боламыз. Сонымен бірге облыс үшін маңызды басқа да жобалар жүзеге асырылуда. Шиелі ауданында тампонажды цемент өндіру зауытының құрылысы жүргізілуде. Оның өнімі құрылыста, оның ішінде мұнай-газ және уран салаларында пайдаланылады. Ол 2018 жылы пайдалануға беріледі.

Қыркүйек айының аяғында Қызылорда облысында түріктің «Юлдызлар ССС холдинг» компаниялары тобымен бірге жыл аяғында 2 үлкен нысан құрылысын бастауға келісім жасалды. Олар – керамика және керамогранит плиталарын жасайтын зауыт (жылына 128 млн доллардың өнімі – 27 млн шаршы метр) пен газпоршень электрстанциясы (қуаты 138 МВт/сағат – өнімі 60 млн доллар).

Керамикалық плита өндіретін зауыт осындай өнім шығаратын Қазақстандағы ірі өндіріс ошағы болып табылады.  Оңтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстарындағы осы тектес өндіріс қуаттары 2 млн шаршы метр екенін еске салғым келеді.

2018 жылы іске қосылатын газпоршень электрстанциясы электрмен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, аймақта өнеркәсіптің дамуына ықпал жасайтын болады.

Айтпақшы, біз аймақта газда электр энергиясын өндірудің экономикалық мақсаттылығын ескеріп, «Астана-ЭКСПО»-дағы көрмелік нысандардың өңірдің энергетикалық саласында қажеттілік үшін қолданылуын зерттедік. Нәтижесінде, қазіргі таңда түрлі салаларға жаңа технологияларды ендіру мақсатында 20 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. 20 жобаның 11-і тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына қатысты. Бұл – біздің жұмысымыздың басты басымдықтарының бірі.   

Сонымен бірге, облыс аумағында жаңғырмалы энергия (возобновляемая энергия) өндіру бойынша 2 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда:  «Жаңақорған ауданындағы қуаттылығы 50 МВт-тық күн электрстанциясы» жобасы («Жанакорган Энерджи» ЖШС) және «Бәйтерек-25» қуаттылығы 24940 кВт жел электрстанциясының (ветропарк) құрылысы бойынша жоба («Global Energy Company» ЖШС), – дей келе, облыс әкімі өндірісті аймақтың артықшылықтарына тоқталды. 

– «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнындағы  сауықтыру жұмыстарын  аяқтап, біз енді сол жерде газ-турбиналық электрстанциясымен бірге кен-байыту комбинатының  құрылысын жүргізуге кірісіп кеттік. 2019 жылы комбинат жылына 2 млн тонна,  2020 жылы 4 млн тонна кенді қайта өңдейтін болады. Комбинаттың іске қосылуымен 1500 жаңа жұмыс орны ашылады. Осы жерде гидрометаллургия зауыты құрылысының жобасын жасау жұмыстары басталды.  Британ инвес­торларымен бірлесіп, «Баласауысқандық» ванадий кенішінде қара тақтатас автоклавты қайта өңдеу жобасы жүзеге асырылуда. Алғаш рет 110 тонна метаванадат аммонийі қазірдің өзінде Тайваньға экспортталды.

Қызылорда қаласында ферроқорытпа зауытының жобасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тәжірибе-өнеркәсіптік жұмыстарды аяқтауға 3,2 млрд теңге бөлінді. Кремнийді күріш қауызынан алатын боламыз.

 Үстіміздегі жылдың соңында Арал қаласында елімізде тұңғыш рет салынатын кальцийленген сода өндірісі зауытының құрылысы басталады. Бүгінде бұл өнім жөніндегі еліміздің нарығы 100 пайыз көлемінде импорт өнімімен қамтамасыз етілген. Біздің зауыт ел сұранысының 75 пайызын қамтамасыз ететін болады.

Облыстың Арал, Жаңақорған және Шиелі аудандарында іс жүзінде химия және тау-кен металлургия кластерінің дамуына берік негіз қалап отыр. Егер аймақтың өнеркәсіп өндірісінің 70 пайызына жуығы мұнай өндіру секторына тиесілі екенін ескерсек, бұл біз үшін өте маңызды болып табылады. Қазір аймақтағы жекелеген мұнай ұңғымаларының сулануы 98 пайызға жетті. Жыл сайын мұнай өндіру орта есеппен 12 пайызға азаюда. Бұл факторға, өкінішке орай, біз ықпал жасай алмаймыз. Осының салдарынан соңғы 5 жыл ішінде мұнай өндіру көлемі 4,2 млн тоннаға кеміді.( 2013 жыл – 11 млн тонна, 2017 жыл – 6,8 млн тонна).

Біз мұнай саласы бойынша қазіргі таңда оңды жағдайды еңсере алмай отырмыз. Бұл өнеркәсіп өнімінің көлемі бойынша объективті салдары бар жағымсыз жалғыз көрсеткіш болып табылады.

Дегенмен, облыста мұнай секторының экономи­каға кері әсерін төмендетпеу үшін қосымша мүм­кіндіктер іздестірілуде. Бұл орайда  жер қойнауын пайдаланушыларды ынталандыру, газ өңдіру жә­не  газ бағасы жөніндегі мәселелер Үкіметке ұсы­нылды.

Қалған макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша аймақ дамуының қарқыны оң динамиканы құрайды, – деп нақты нәтижелерді саралап берді. Ал ендігі кезекте  ол өзге де  салалардың бағытын баяндады. Оның ішінде аграрлық саланы қамтыды.

– Агроөнеркәсіп секторында да өсімдік шаруашылығын (растениеводство) әртараптандыру бағдарламасы нәтижелі жүзеге асырылуда. Соңғы 3 жылдың ішінде малазықтық дақылдар (1239 гектарға өсім), майлы дақылдар (1173 гектарға өсім) және азықтық дән (3682 гектарға өсім) алқабы 6 мыңнан астам гектарға артқан. Өндірістік негізде картоп, көкөніс және бақшалық дақылдар өндірісін дамытуды бастадық. Оған қоса, осы кезең ішінде, әсіресе, сорт өнімділіктерін арттыру есебінен күріштің жалпы өнімі 30 пайыздан астамға өсті.

Біз биыл облыс тарихында бірінші рет 500 мың тоннадан астам Сыр маржанын қамбаға құйдық.

Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін сату нарығын кеңейту бойынша жұмыстарды жүргізу­деміз: Қытайға (жылына 5 мың тонна), Түркияға (жылына 1 мың тонна) және Иранға (жылына 8 мың тонна) күріш жіберу бойынша келіссөздер жүргіздік, көп жылдардан бергі бақшалық дақылдар экспортын да қолға алдық – биылғы жылы оның көлемі 8 есеге артты (700-ден 5,5 мың тоннаға дейін).

Үкіметтің қолдауымен облыстың буферлік аймақтан шығуы малды экспорттауға мүмкіндік берді. Мәселен, бүгінде малдың алғашқы партиясын Иранға жөнелтіп те үлгердік.  Жыл аяғына дейін аталған елге 10 мың бас қой экспортталатын болады. Ал, болашақта экспортқа ет және ет өнімдерін шығаратын боламыз.

Осы аптаның аяғында Иранға баруды жоспарлап отырмыз. Сауда-экономикалық саласында ынтымақтастық және де ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында бірнеше жобаларды жүзеге асыру бойынша ұзақ мерзімдік келісімге қол қоюды ойластырудамыз.

Айта кету керек, соңғы жылдың өзінде ауыл шаруашылығы өнімінің экспорты бізде 48 пайыздан астамға, күріш экспорты 53 пайызға артты.

Ет экспортын одан әрі арттыру үшін облыста 2 ет комбинатының құрылысы бойынша жобаларды жүзеге асырудамыз («Сыр маржаны» және «Шаған жер» ЖШС).

Ет бағытындағы құс шаруашылығы қай­та жаңғыруда – Қармақшы ауданында құс фабри­касының құрылысы басталды. 2018 жылы оны іске қосатын боламыз.

Ауыл шаруашылығы кооперацияларын дамытуға аса мән берудеміз, әсіресе, ет және сүт бағытында.  Біржарым жыл ішінде 2806 ұсақ тауарлы өндірістерді біріктірген 241 ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылды (оның ішінде 2036 жеке қосалқы шаруашылықтардың бірігуі нәтижесінде 81 кооператив құрылды).

Ағымдағы жылы облыста қабылданған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың “Агрокартасы” аясында екі маңызды міндетті шешпекпіз, ол – сұранысқа ие экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін кеңейту және жедел дамуды қажет ететін агроөнеркәсіп кешені секторларын дамыту (құс шаруашылығы, жылыжай шаруа­шылығы, майлы дақылдар өндірісі, ет ба­ғы­тындағы мал шаруашылығы және т.б.).  

2020 жылға қарай ауыл шаруа­шылығының жалпы өнім көлемін 2,4 есеге (200 млрд теңгеге дейін),  ал, оның экспортын 5 еседен астамға арттыруды (50 млрд теңгеге дейін) жоспарлаудамыз, – деп өңір басшысы  балық шаруашылығына маңыз қойды. «САРАТС» жобасының I кезеңі бойынша  соңғы  4 жылда  балық аулау  65 пайыз, экспорттау 8 есе, өңдеу көлемі 2,5 есе, балық өнімдері  3 есеге өсті.

Мемлекет басшысының экономиканы цифрландыру туралы тапсырмасына сәйкес, біз облыс әкімдігінің ситуациялық орталығында аймақтың дамуын сипаттайтын экономикалық көрсеткіштер қорытындысын болжау бойынша бағдарламалық-математикалық үлгіні енгізу жұмыстарын бастадық. Оның ішінде қазіргі таңда «Ауыл шаруашылығы» блогында Machinе-Learning технологиясын қолдану арқылы күріштің шығымдылығын болжау, ал су шаруашылығы саласында су тасқыны жағдайларын рельефті модельдеу бағытын дамытып жатырмыз, – деді аймақ басшысы.

– Еске салсақ, Machinе-Learning технологиясы – «Microsoft» компаниясының әлемде кең қолданылатын өнімі. Ағымдағы жылдың сәуір айында Қызылорда облысы республикада бірінші болып «Microsoft» компаниясымен ынтымақтастық жөнін­дегі меморандум жасаған болатын. Шілдеде облыста онлайн-оқыту арқылы заманауи инженерлік-компьютерлік технологиямен жұмыс істейтін жоғары кәсіби мамандарды бірлесе дайындауды бастадық. Сонымен қатар, бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-эксперименттік жұмыстар жүргізу мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің базасында «Microsoft академиясын» құру туралы келісімге қол жеткізілді.

Одан бөлек, ЭКСПО аумағын қолдана отырып, біз Мәскеу болат және қорытпалар институтымен Қызылордада машина құрастыру, 3D принтерінің көмегімен түйіндер мен детальдар өндіруге бағытталған мәскеулік ғылыми-зерттеу инжиниринг орталығының баламасын құру жөнінде келіссөздер жүргізудеміз, - деді Қ.Көшербаев.

Инжиниринг орталығында сондай-ақ композициялық қорытпа өндірісі бойынша тәжірибелі пирометаллургиялық желіні іске қосу жоспарланған.

Тағы бір жаңашылдық – облыс­та жобалық басқару тәсілінің сәтті қолданысқа енгізілуі. Бұл – Батыс Еуропа елдері мен Ресей Федерациясында тиімділігін дәлелдеп үлгерген жоба.

Қазақстанда жобалық басқару Бас прокуратурада, Инвестиция және даму ми­нистрлігінде, Астана қалалық әкім­дігінде қолданысқа енгізілген. Қазақ­стан Үкіметі, Ұлттық экономика, Ауыл шаруашылығы және тағы бас­қа министрліктерде Жобалық кеңсе құрылған.

Қызылорда облысында жобалық басқару тәсілін енгізу жұмыстары ағымдағы жылдың көктемінде басталды. Облыс әкімінің өкімімен «Жобалық кеңсе» жұмысшы тобы құрылып, алғашқы жобалар әзірленді. Бұл ретте Қызылорда өңірі Ресейдегі өмір сүру деңгейі жоғары әрі табысты аймақтардың үштігіне енген Белгород облысының тәжірибесін негізге алды.

– Әрине, – деді аймақ басшысы, – болашақ ірі кәсіпорындарда емес, шағын және орта бизнесте. Біз соңғы кезде шағын және орта бизнес субъектілерінде қамтылғандардың үлесін 22-ден 26 пайызға арттыруға қол жеткіздік, ал, жұмыс жасап тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны (мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігінің арқа­сында) тек соңғы жылда 6,4 пайызға өсті. Алайда, бұл – біз көздеген нәтиже емес. Тоқмейілсуге әлі ерте. Мақсат – орта-кіші бизнестің үлесін     45-50 пайызға тез арада жеткізу!

Сол себепті, біз жыл басында жаппай кәсіп­кер­лікті дамыту бойынша өзіміздің бірыңғай «Жол Кар­тамызды» қабылдап, онда Үкімет пен облыс әкімдігінің қолданыстағы бағдарламалары шең­берінде аталған саланы қолдаудың мүмкін болатын барлық бағыттарын өзара байланыстырдық. Оны жүзеге асыру үшін барлық көздерден 29 млрд тең­геге жуық қаржы жұмсауды жоспарлап отырмыз.

«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойынан жол бойы сервистік кешендерін дамытуға баса назар аударудамыз. 2017 жылдың аяғына қарай олардың саны 36-ға жетпек (2018 ж. – 41 нысан), мыңнан аса  жаңа жұмыс орны ашылуда.

Оған қоса, біз тиімділігін дәлелдеген Ресей Федерациясының Белгород облысының тәжірибесін пайдалана отырып, «Жобалық басқаруды» (проектное управление) енгізу бойынша жұмыстарды да белсенді жүргізудеміз.

Тұрғын үй алаңын  пайдалануға беру бойынша  тұрақты  өсу байқалады. Биылғы жылы 467 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Ал салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2013 жылы бар болғаны 270 мың шаршы метр тұрғын үй алаңын берген болатынбыз. Соңғы бес жылда облыста 2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жеке тұрғындар  салған үйлер де артып келеді. Сонымен бірге үш жылда  20600 жеке жер учаскелері берілді.

Тұтыну бағалары индексі (облыс – 103,8%, рес­пуб­лика – 104,2%) мен жұмыссыздық деңгейі (облыс – 4,8%, рес­публика – 4,9%) орташа республикалық көрсеткіштерден төмен қалыптасуда.

Жыл басынан бері 9,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды. Соңғы жылдары облыста жұмыссыздық  5-тен 4,8 пайызға төмендеді. Бұл ретте, «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «Нәтижелі жұмыспен қамту және шағын кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламалары аясында жүзеге асырылған іс-шаралар тиімді нәтиже беріп отырғанын айту керек.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды (самозанятые) рәсімдеу жұмыстарын кең көлемде жүргізудеміз (үйлерді аралаудың нәтижесінде анықталғаны: тіркелмеген жұмыссыздар – 45 мың адам,  нәтижесіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 64 мың адам), деп бір түйіндеді. Ендігі  кезекте жастар болашағына  байланысты ой  тарқатты.

– Айтқандай, ресейлік жетекші техникалық жоғары оқу орындары 2014 жылдан бастап Ресей Үкіметінің гранты есебінен Қызылорда өңірінің түлектері арасынан IT-мамандар, металлургтар, технологтар, химиктер және басқа да мамандар, әсіресе, инженерлік мамандықтар бойынша мамандар (бізге қазір өте қажет) әзірлеу туралы ұсынысымызды қабылдады. Бүгінде Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарында біздің 452 түлегіміз грант негізінде білім алуда. Келесі жылы алғашқы бітірушілерді күтудеміз. Оларды жұмысқа орналастыруда мәселе туындамайды.

Оған қоса, тек Ресейдің ғана емес, әлемнің ең беделді жоғары оқу орындарының бірі, Ресей ғылымының орталығы, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Садовничий Виктор Антонович, облыс жастары үшін 2018 жылдан бастап Мәскеу мемлекеттік университеті есебінен физика-математикалық және механика-математикалық мамандықтарға 20 гранттан бөлінетіні туралы шешім қабылдады.

Біз – осындай гранттарды тарта алған Қазақстандағы бірден-бір өңірміз. Және де аймақ тұрғындарының 98 пайызы қазақ бола тұра,  балаларын кешегі кеңестік-ресейлік ең жетекші жоғары оқу орындарына жіберіп отырған облыс екенін баса айту керек.  

Дәл осы балаларымыз өңірге жаңа индустриалдық келбет беріп, болашақта аймақта заманауи зиялы қауымды қалыптастыратын болады. Біз олардың көршілес (өзара шекара 7562 км) екі мемлекеттің арасында достық қарым-қатынаста дәнекер болатынына сенімдіміз.

Ағымдағы жылы мектеп бітірген түлектеріміздің 97 пайызы жоғары және арнайы орта оқу орындарына түсті! Бұл көрсеткішпен біз мақтанамыз!

Яғни, біз білім саласын облыс бюджетінің ауқымды шығыс бөлігі ретінде жайдан-жай айқындаған жоқпыз! Бюджетіміздің 40 пайыздан астамы осы салаға бағытталуда. Сонымен бірге, бұл өңірімізде ондаған жылдар қордаланып қалған проблемаларды қазір шешуге мәжбүр болдық деген сөз.

Біз үшін 97 пайыз – тек білім сапасының көрсеткіші ғана емес, оған қоса бұл балалар бейтарап маргиналды жастардың қатарын толықтырмайды деген сенімділік те бар...

Осы себептерге байланысты 2013 жылы аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасынан шыққан, әсіресе, талапты ауылдық жерлердің  балаларына аймаққа қажетті мамандықтар бойынша жоғары оқу орындарында оқу үшін әкім грантын тағайындадық. Бүгінде 694 бала грант иегері болып отыр.

Сонымен қатар, өңіріміз жыл сайын «Серпiн» бағдарламасы бойынша грант алу конкурстарында ең үздік нәтижелер көрсетуде. Бұл бағдарлама аясында бүгінде 4 мың жас оқып жатыр. Келешекте олар тәуелсіз еліміздің нығаюына өз үлестерін қосады.

Орта білім беру саласында ішкі резервтердің есебінен апаттық жағдайдағы мектептердің мәселесі биыл толығымен шешілді.   2013 жылдың басында олардың саны 37 болатын.

Үш ауысымдық оқу процесін жою, 3 және 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтуға қатысты Елбасының барлық тапсырмаларын мерзімінен бұрын орындадық.

Бүгінде балабақшалардың 71 пайызы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жұмыс жасауда. Соңғы 4 жылда мұндай балабақшалар саны екі есеге артты. Осылайша, біз бюджетке ауыртпалықты жеңілдетудеміз.

Қаланың сол жағалау құрылысында мемлекеттік-жекешелік бағытында көпте­ген жұмыстар атқарылуда. Сонымен бірге осы әріптестік бойынша жалпы сомасы 22 млрд теңгеден астам 29 жоба жүзеге асырылуда.

Бүгінгі таңда орталықтандырылған  ауыз сумен жабдықтау бойынша облыс республикада алдыңғы қатарда, бұл көрсеткіш 95 пайызды құрайды. Ал елді мекендерді газдандыру 63 пайызды құрап отыр, – деп білімге  деген жастар ынтасын бағалап өтті.

Аймақ басшысы брифинг соңында  мынадай мысалдарға ерекше тоқталды.

– Құрметті журналистер! Қазіргі таңда облыста 800 мыңға жуық адам тұрады. Туу деңгейінің жоғарылығын ескере отырып, сарапшылар таяу жылдары халық саны 1 миллионға дейін жетеді деп болжап отыр. Біздің жаңаша тарихымызда (тәуелсіздік жылдары) жеткен жетістіктерімізді Елбасының айтуынша, тек қана Қызылорда облысының дамуынан ғана көруге болады. Тәуелсіздігімізді жаңа ғана жариялаған елең-алаң кезеңде Елбасына Үкімет облысты тарату, Арал тұрғындарын басқа аймаққа көшіру туралы ұсыныстар берген. Бірақ Тұңғыш Президент елді жұмылдырып, қиындықтарды жеңуге шақырды. Сөйтіп, Солтүстік Арал жобасының бірінші кезеңі іске асты, күре жолдар (автомобиль, темір жол, газ және су құбырлары) салынды. Кәсіпкерлік дамып, аймақ құрылыс алаңына айналды.  Ал, егіншілер соңғы 5 жыл бойы рекордтық өнімдер алуда, даламыз мыңғырған малға толды, күрделі әлеуметтік мәселелер шешімін табуда. Осылайша, Сыр өңірі халқының өмір сүру сапасы өсуде.

Бүгінгі күні Сыр өңірі, Арал маңы – бұл қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрінің өзіндік тірек нүктесі, сарқылмас күш-қуаттың бастауы, достық пен сенімнің, халықтар достығының аясы. Біз болашаққа сеніммен қараймыз және еліміздің дамуына нақты істерімізбен зор үлесімізді қосқымыз келеді, – деді.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қазан 2017 г. 698 0