« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Еліміздің табиғи ресурс көздеріне бай екені белгілі. Алайда жерасты қойнауы қазба байлыққа кенде емес Қазақстан түгелдей шикізатқа тәуелділіктен арылуға бет бұрды. Нақтырақ айтсақ, экономиканы әртараптандыруға күш салуда. Себебі, табиғи байлық таусылуға жататын байлық көзіне жатады. Болашақтың табыс көзі тек табиғи шикізатта емес екенін ескерген елімізде өзге саланы өрістетуге, соның ішінде ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыруға ерекше назар аударылып келеді. Осы бағытта оңтайлы шаралар қабылдаған Қызылорда облысы аграрлық салаға айрықша көңіл бөлген.
Соңғы жылдары әлемдік рыноктарда ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұраныс тұрақты өсуде. Аграрлық аймақ ретінде бұл қажеттілікті өтеуге Сыр өңірінің де қосар үлесі мол екенін айта кетуіміз қажет. Облыста сала бойынша соңғы жылдары атқарылған ауқымды істер жетерлік. Өңірдің басты ерекшелігі – егін, мал және балық шаруашылығын бірдей дамытуында. Ауыл шаруашылығының ішіндегі бұл бағыттарды біріздендіруге біздегі мүмкіндік мол.
Қызылорда облысы бүгінде Сыр маржанымен мәлім. Халықта «Несібесі мол елдің егіні бітік шығады» деген сөз бар. Сол тәмсіл Сыр жұртының еңбекқорлығы мен ептілігін үнемі айқындап келеді. Соңғы жылдары қатарынан рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп келеміз. Мысалы, 2015 жылы гектарынан 50,5 центнерден өнім алынған еді. Ал былтыр бұл көрсеткіш біршама артып, 52,8 центнерге өсті. Ал жекелеген шаруашылықтардың өнімі 90-ға дейін жетіп жығылды. Биылғы меже де бұдан аз болмайды деп күтілуде.
Биыл облыс бойынша барлығы 181,2 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Бүгінде Жер-ананың несібесін жинау қызу жүргізіліп, егін орағы аяқталды. Қамбаға мол өнім жиналды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы құрылымдарымен 799 мың тонна мал азығы дайындалған. Мұны 743 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Қазақтың атакәсібі – мал шаруашылығы бойынша да жетістік мол. Қазір Сыр өңірі экспорттық әлеуетті арттыруды көздеп отыр. Оның алғашқы шаралары басталып кеткен. Атап айтсақ, Иранға ет экспорттауды қолға алды. Сыр өнімін сыртқа шығару үшін мал басы санын көбейту қажеттігі айтпаса да түсінікті. Ал төрт түліктің көбейгенін статистикалық көрсеткіш айқындап береді. Биылғы жылдың қазанына дейінгі мәліметте облыста 295,4 мың бас мүйізді ірі қара, 704,3 мың бас қой мен ешкі, 120,9 мың бас жылқы, 44,7 мың бас түйе, 2,1 мың бас шошқа және 103,4 мың бас құс өсіріліп жатқаны көрсетілген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қараның 5,8, қой мен ешкінің 5,2, жылқының 15,3, түйенің 12, құстың саны 4,9 пайызға көбейгенін көрсетеді. Осылайша ет өніміне деген сұранысты қанағаттандыру қызылордалық шаруалардың қып-қызыл еңбегінің арқасында жүзеге асып отыр.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен экспортқа ет шығарудың индикативтік жоспарына сәйкес биыл облыстан экспортқа 100 тонна сиыр етін, 25 тонна қой етін шығару межеленген еді. Алайда өңірде халықаралық стандарттарға сәйкес келетін ет комбинаты болмағандықтан, экспортқа салқындатылған немесе тоңазытылған етті шығару мүмкіндігі болмады. Бұл мәселені шешу мақсатында ет комбинатын салу мәселелесі көтерілді. Осылайша «Сыр маржаны» ЖШС Иран Ислам Республикасының «Inchen Broon Cooperative, Inc» компаниясымен келісімге келіп, ет комбинатының жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Биыл «Күшімбаев Агро» ауыл шаруашылығы кооперативі ирандық серіктес компаниямен жасалған келісімдерге сәйкес оларға салмағы 26,5 тонна болатын 812 бас қозыны экспортқа шығарды. Сонымен қатар, Жаңақорған ауданы да 1132 бас қозыны Жамбыл облысы арқылы Біріккен Араб Эмиратына жөнелтті.
Саладағы өндірістік көлемнің артқанын көрсеткіш сандарынан-ақ білуге болады. Биыл былтырмен салыстырғанда ет өнімі 2,7, сүт 1,3, жүн 6,3 және жұмыртқа өндіру 15,8 пайызға артқан екен. Мүмкіндігі мол Сыр елінің аграрлық саладағы әлеуеті одан әрі де арта түсетіні анық.
Мәди ҚҰРМАНӘЛІ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |