« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінің мәжілісі өтіп, онда аймақты индустриялық-инновациялық дамыту мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды. Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ж.Берденова Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығында облыста құны 610,1 млрд теңге құрайтын 25 жоба іске асырылуы жоспарланғанын айтты. Олардың аясында 6,3 мың жұмыс орнын ашу көзделген.
Тамыз айында «Жаңа-Арал» ЖШС-ның «Қаптама кірпіш өндірісі» зауыты іске қосылды. Осы ауданда жылдың соңына дейін «Арал құрылысы» ЖШС-ның асфальт-бетон зауыты іске қосылатын болады. Қармақшы ауданында биылғы жылдың шілде айында қуаттылығы жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы құрылысы басталды. Құс фабрикасы алдағы жылы іске қосылады. Жаңақорған және Шиелі аудандарында металлургиялық кластер құруға негіз болатын, «Шалқия» және «Баласауысқандық» кенішін игеру жобалары қарқынды жүзеге асырылуда.
Индустрияландыру бағдарламасымен қатар Қазақстан-Қытай бірлескен жобалар қатарында облыс бойынша 3 жоба іске асырылуда. Шиелі ауданында мұнай-газ және уран өндірісінде қолданылатын, жылына 1 млн тонна тампонажды цемент шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде.
Индустриялық жобалар аясында бұрын 8 елге өнім экспортталса, биылдан бастап 11 елмен сауда-саттық байланыс орнады. Өңірге арнайы келген 11 елдің делегацияларымен бірнеше меморандумдарға қол қойылды. Маусым айында өткен «Байқоңырда бизнес мүмкін бе?» атты тақырыптағы ІІ халықаралық интернет форумға 20-дан астам халықаралық компанияның және ҚХР, Израиль, Түркия, Әзербайжан, Ресей, Ұлыбритания, Нидерланд Патшалығы, Финляндия Республикасы, Дания сияқты әлемнің 9 елінің өкілдері қатысты. Дәстүрге айналған «Байқоңыр инвест» инвестициялық форумын қараша айында өткізу жоспарлануда.
Мәжілісте жылу беру маусымының басталуына орай облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы М.Усаин хабарлама жасады. Өңірдегі әлеуметтік сала нысандары мен тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындардың жылу беру маусымына дайындық жұмыстары 100 пайызға орындалды. Қазан айының 12-нен бастап, «Қызылордажылуэлектрорталығы» «Қазалы-Теміржолжылу» филиалы бойынша Әйтеке би кентіндегі 162 жеке және 24 көппәтерлі тұрғын үйге, 36 бюджеттік мекеме, 46 шағын және орта бизнес пен теміржол нысандарына жылу берілуде.
Облыс орталығының «Титов», «Ақмешіт», «Мерей», «Южный», «Шұғыла», «Ипподром», «Сырдария» және «Астана» шағын аудандарындағы 287 көпқабатты тұрғын үйге, орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған 22 мектепке, 6 балабақшаға, 2 денсаулық сақтау нысаны мен 3 бюджеттік мекемеге жылу беріле бастады.
Ауа райын болжау мекемелері алдағы қыстың ұзақ әрі қытымыр болатынын ескертуде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Б.Жаханов мал қыстату шараларына тоқталмас бұрын егін-терім науқанының алдын ала нәтижелерін айтты. Бүгінде күріш орағы аяқталды. Аймақ диқандары әр гектардан 55,3 центнерден өнім алып, 502 мың тоннадан астам күріш жинады. Бұл Сыр елі еңбеккерлерінің маңдай тері ақталғанының айқын дәлелі. Көктем кеш шығып, егін кешірек егілсе де, жарты миллион тоннадан астам Сыр маржаны қамбаға құйылды.
Одан әрі хабарламашы азық-түлік қауіпсіздігі және негізгі азық-түлік тауарларына негізсіз баға өсімін болдырмау шаралары туралы айтты. Қыркүйек айының басынан 19 әлеуметтік тауардың, 2 өнімі бойынша баға төмендеді, қалған 17 өнім бойынша баға бірқалыпты сақталуда. Тұрақтандыру қорына 245,1 млн теңгеге 1814 тонна өнім сатып алу белгіленді.
Бүгінде облыста және республикада картоп бағасы көтеріңкі. Себебі, республика бойынша картоп өнімінің өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға төмендеген. «Қызылорда қаржы компаниясы» ЖШС айналым қаражаты есебінен Қостанай, Оңтүстік-Қазақстан облыстарынан 200 тонна картоп алу жөнінде келісім шарт жасады.
Аймақтағы жанар-жағармай нарығындағы жағдайға талдау жасаған облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Н.Өмірсерікұлы мәселенің қатаң бақылауда екенін айтты. Бөлшек саудадағы жанар-жағармай бағаларына күнделікті мониторинг жүргізілуде. Май құю бекеттерінде мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті. Негізсіз баға өсімінің алдын алу, жасанды тапшылықты болдырмау мақсатында табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаментімен бірлесіп, май құю бекеттеріндегі бағаларды тұрақтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша облыстық әділет департаментінің басшысы Қ.Сапаров «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заң жобасын таныстырды. Құқықтық қоғам құру үшін бұл заңның әрбір азамат үшін маңызы зор.
Мәжіліс қорытындысымен қаралған мәселелер бойынша тиісті басшыларға бірқатар тапсырмалар жүктелді.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |