СОЛ ЖАҒАЛАУДАҒЫ ЖАҢА ҚАЛА

«Журналисті екі аяғы асырайды» дегендей, қалам ұстаған ағайынның қатарынан болғаннан кейін газетке «азық» іздеп бірде далада, бірде қалада жүретініміз бар. Өндіріс орындарын көріп, егінжайды аралаймыз, шеберханаларда, құрылыс алаңдарында боламыз. Әртүрлі адамдармен кездесеміз, олардың небір әңгімелерін тыңдаймыз.

Осындай кезекті «жорық» кезінде жас құрылысшыдан естіген екі ауыз сөз бұдан мың жылдай бұрын айтылып, тарихта қалған белгілі тіркестерді есіме түсірді.

Францияда әлемдік сәулет өнерінің туындыларының арасынан ойып тұрып орын алатын әйгілі Шарт соборы бар. Оның құрылысы 1194 жылы басталған. Сол уақыттары собордың іргетасын қалап жатқан адамдардың бірінен не істеп жатқандығы туралы сұрағанда, «Көрмейсің бе, ауыр тастарды тасып жатырмын» десе, екіншісі, «Отбасыма тамақ тауып жүрмін» деп қысқа қайырыпты. Сонда үшінші құрылысшы еңсесін тіктеп, терлеген маңдайын сүртіп, «Мен Шарт соборын салып жатырмын!» деген екен мақтаныш сезіммен.

Міне, сол секілді Сырдария өзенінің сол жағалауында 40 пәтерлі үй салып жатқан «Сәт Сервис» ЖШС-ның тас қалаушысы Бауыржан Мінайдаров бізбен әңгіме барысында «Аға, біз жаңа қала салып жатырмыз, жаңа Қызылорданы тұрғызудамыз!» деді жадыраған кейіпте. Нағыз тарихта қалатын сөздер.

Иә, сөз жоқ, қазір біз Қызылорда қаласының дамуындағы жаңа кезеңге, тарихи сәттерге куә болудамыз. Ал тікелей, сол жұмыстардың бел ортасында жүрген жандарды, жаңа Қызылорданы тұрғызып жатқан құрылысшыларды қалай мақтасақ та жарасады. Бауыржанның бригадирі Бақыт Сәменов те, учаске бастығы Талғат Уәлішеров те құрылыстың жұмыс кестесіне сай  жүріп жатқанын мәлімдеді. Сол жағалауға Елбасы келіп, жүріп жатқан жұмыстарды өзі көріп, ризашылығын білдіріп, құрылысшыларға табыс тілеп кеткеннен кейін барлық нысандағы жұмыс тіптен қарқын алғандай. Жүк көліктері құрылыс материалдарын тасып жеткізіп жатса, биік крандар оларды жоғары көтеруде. Тас қалаушылар, монтажшылар, дәнекерлеушілер өз жұмыстарын дәлдікпен сапалы орындауда. 

Осы маңайда мұражай құрылысын «Промстройсервис-Е» ЖШС жүргізіп жатыр. Құрылыс шебері Нұрсұлтан Құдайберген салынып жатқан мұражайдың жобасымен таныстырды. Ғимараттың ұзындығы – 63, ені – 13, биіктігі 3,5 метр екен. Оның биыл салынып бітетінін естігенімізде шын мәнінде қуанып қалдық. Негізінде бұл мұражай Қазақ Орталық Атқару Комитеті ғимараты нұсқасында салынуда екен. Ол салынып біткеннен кейін оның бір бөлігінде Қызылорда қаласының мұражайы, орналасса, екінші бөлігінде Рухани жаңғырту орталығы болмақ.

Жалпы Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру Қызылорда қаласының бас жоспарына сәйкес жүзеге асуда. Сол жағалауды дамытудың түбегейлі жоспарлау жобасының жалпы көлемі 1 мың 532 гектар. Бірінші кезекте 500 гектар аумаққа әкімшілік ғимараттар мен түрлі мақсаттағы әлеуметтік нысандар салынады.

Негізінен сол жағалаудағы аумақ 15 ауданнан құралады, оның ішінде: 11 тұрғын аудан, 1 индустриалдық аймақ және 3 ірі парктер мен бульварлар.

2013 жылы облыстық бюджеттен бөлінген 132,9 млн теңгеге Сырдария өзенінің сол жағалауындағы 1 мың 532 гектар аумаққа инженерлік-геологиялық және геодезиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Осы аумақтың түбегейлі жоспары 2014 жылы дайындалып біткен болатын. Оған 107 млн теңге қаржы жұмсалды.

Жобаның 1-ші кезеңі – сол жағалау алаңының және қажетті инфрақұрылымының құрылысы 2017-2024 жылдар аралығында жоспарланған. Ал Сырдария өзенінің екі жағалауын байланыстыратын автомобиль көпірі өткен жылдың соңында пайдалануға берілгені бәріміздің есімізде. Көпірдің пайдалануға берілуі сол жағалауда жұмыстардың басталуына серпін әкелді. Елбасы оны көргеннен кейін «Мына көпірді жолын кең әрі үлкен етіп, жақсы салған екенсіңдер» деп ризашылығын білдірген болатын.

Үстіміздегі жылдың мамыр айында құрылыс компанияларының өз қаражаты есебінен Сырдария өзенінің сол жағалауынан 5 қабатты 18 тұрғын үйдің және 320 орындық балабақшаның құрылысын бастады. Ал шілде айынан бастап «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, жастар орталығы, мұражай ғимараттары салынуда.

Жоба құны 742 млн теңгені құрайтын 320 орындық балабақшаның құрылысы «Абу-Сер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынуда. Аталған құрылыс нысандары 2018 жылы пайдалануға беріледі.

Келесі жылы осы аумақта «100 келушіге арналған емханасымен қоса 300 төсектік көпсалалы облыстық аурухана», «Неке сарайы», 600 орындық мектеп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхананың құрылысын салу жоспарлануда.

Сол жағалаудың инфрақұрылым желілері бойынша да нақты жұмыстар жүзеге асырылғанын айта кету керек. Қазіргі таңда ауыз су жүйесі, газ құбыры, электр желісі құрылысына барлығы 7 млрд 607 млн 151 мың теңгенің мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Биылғы жылы осы жобаларды бастауға оның ішінде, атап айтқанда,  электр желісін жүргізуге 900 млн теңге, газ құбырын тартуға 200 млн теңге, ауыз су және кәріз жүйесіне 300 млн теңге облыстық бюджеттен қаралды.

Жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында, «Шіркейлі» каналы үстінен өтетін көпір, қала орталығындағы жаңа көпірден бастап «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолына дейінгі аралықты жалғайтын 5 шақырымдық магистральдық көше және ұзындығы 7,8 шақырым болатын Сырдария өзенінің сол жағалауы бойынан автомобиль жолының құрылысы жүргізіледі. Сонымен 2017 жылды Сырдарияның сол жағалауында құрылыс басталған кезең деп сеніммен айта аламыз.

Уақыт өтер. Енді бір 40-50 жылдан кейін бүгінгі жас құрылысшы Бауыржан ата болып, немерелерін алдына алып ойнатып отырар. Сол кезде «Мына үлкен қаланы біз салғанбыз, онда атаңнын да қолтаңбасы бар» деп мақтанышпен айтатын болады.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 қазан 2017 г. 583 0