ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ СЫР ЕЛІ

Елбасы Н.Назарбаевтың 5-6 қазандағы Сыр бойына жасаған жұмыс сапары халықтың рухын көтеріп, елдің еңбекке деген құлшынысын еселеді.

Президент ең әуелі жер кіндігі болған, ел бірлігі болған ерен өлке – Байқоңырға табан тіреді. Елбасының өз сапарын ғарыш кешенінен бастауы жайдан жай емес. Мұнда Президент Қазақстан мен Ресей арасында қабылданған ынтымақтастық тұжырымдамасының іске асырылу барысын барлап көрді. «Бәйтерек» бірлескен жобасына қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Әлем көз тіккен ғарыш кешенін өнеркәсіп пен жоғары технологияға бағыттаған орталық ретінде дамыту, жаңа зымыран кешенін салу екі ел үшін де ерекше жоба.

«…Біз Ресеймен бірлесіп, ғарыш державасына айналуымыз керек», – деді Елбасы ғарыш айлағында айтқан сөзінде.

Елбасы Байқоңырдан бері Қармақшы ауданындағы «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне келді.

Жақында ғана «Қорқыт және Ұлы Дала сазы» деп аталатын дәстүрлі халықаралық музыкалық өнер фестивалі өтіп, әлемнің көптеген елінен келген ғалымдар мен өнерпаздар бас қосқан болатын. Сол бір сағымнан озған сарынның үні әлі құлақтан кеткен жоқ.

Елбасы сәулетті кешенді аралап, музейдегі жаңа жәдігерлермен танысқан сәтте облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың мәңгі өмір іздеген ұлы бабамыздың арманы мен Мәңгілік Ел мұратын қолға алған Елбасының жасампаз ісін сабақтастыруы көпшіліктің жүрегін қозғады. Бұл кездейсоқ сәйкестік емес. Ұлы Қорқыт мәңгілік өмірді халқы үшін іздеді, Ұлт көшбасшысы Мәңгілік Елді ұрпақ үшін көздеді.

Президент Қызылорда қаласында Сырдарияның сол жағалауында іргесі қаланып жатқан жаңа қаланың жобасымен танысты. Дарияның арғы-бергі бетін жалғайтын көпірге келгенде: «Мына көпірдің жолын кең, қалыбын үлкен етіп, жақсы салған екенсіңдер» деп ризалық танытты.

Өңір басшысы Елбасына сол жағалауды игерудің игі қадамдарын атап өтті. Жаңа қалада 15 шағын аудан, 1 индустриялық аймақ, 3 ірі парк пен бульвар орналасады. Аймақ басшысы сол жағалауды таныстыру барысында жаңа қаланың Елордаға қарап бой түзейтінін айтты.

Қызылорданың осындай бағыт-бағдарына көңіл қойған Елбасы облыстағы құрылыс жұмыстарының аса жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті.

Елбасы мұнан кейін Қызылорда қаласының «Титов» қыстағындағы индустриялық аймақта салынып жатқан шыны зауытына ат басын тіреді. Зауытты алдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында іске қосу көзделіп отыр. Отандық мамандар қытайлық әріптестерімен бірлесіп, күн батареялары, смартфондар мен планшеттерге арналған өте нәзік шыны шығаратын зауыттың екінші кезеңін қолға алмақ.

– Қызылордада бұрын-соңды мұндай ірі жоба болған емес. Халыққа жұмыс болсын деп басқа жерде салынып жатқан зауытты осында әкелдім. Ол жерде ауа райы қолайсыз, жазда ыстық, қыста суық деген сияқты әңгімелер де болды. Міне, құрылыс аяқталуға жақын. Зауыт іске қосылғанда бұл жерде бір ғана облыстың емес, бүкіл Қазақстанның сұранысына жауап беретін өнім өндіріледі, – деді Елбасы.

Елбасы сапарындағы ең әсерлі сәт Қызылордадағы «Арай» спорттық-сауықтыру кешеніндегі сырбойылық жастармен жүздесуі болды. Жүздері бал-бұл жанған жастардың Елбасымен кездескен кездегі қуаныш-шаттықтары маржан шашылғандай күйге бөледі. Елбасы әрбір жастың жанына аялдап, қолдасып амандасты. Биыл Германия елінде өткен бокстан Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаевпен қол алысып: «Ендігі кезекте алтын ал!» деді жас боксшыға сенім артып.

Елбасы сапарынан соң балғын Нұрсұлтанның арманын назарға алған аймақ басшысы оның әсем елордаға сапарлап қайтуына қолғабыс көрсетті. Бүгінде асқақ Астананы ата-анасымен бірге аралап жүрген аралдық оқушы бізге хабарласып, өз арманының орындалғанын, Елбасыға деген шексіз алғысын қайта-қайта айтты.

Міне, Елбасы сапары кезінде Сыр елі осындай ерекше көңіл-күйге кенеліп, кең тыныстады. Мемлекет басшысының Қызылорда өңіріне деген айрықша қомқорлығына аса риза сезімде екендіктерін паш етті.

Д.АЯШҰЛЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 қазан 2017 г. 821 0