СПОРТ САЛАСЫ СЕРПIНДI ДАМУДА

Сыр өңірінің спорт саласы қарқынды дамып келеді. Жеткен жетістіктер аз емес. Елбасы спорт саласының дамуына айрықша мән беруде. Халыққа арналған Жолдауында 2020 жылға дейін қазақстандықтардың 30 пайызын бұқаралық спортпен айналысуға нақты тапсырма берiлген. Тапсырмаға сәйкес, облыста айтарлықтай жұмыстар жүргізілуде.

Бірінші кезекте спорт нысандарының жеткілікті болуы маңызды. Соңғы жылдары  аймақта  9 спорт кешені бой көтерген. Сонымен бірге биыл Жанқожа батыр, Мәдениет, Ақжарма, Еңбекші, Түгіскен ауылы мен Сексеуіл, Төретам кентінде 7 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жаңа нысандар келер жылы пайдалануға беріледі. Орталық стадионның қосалқы футбол алаңы қайта жаңғыртудан өтті. Қаланың шеткі аймағынан жастар мен жасөспірімдерге арналған Ұлттық Олимпиада Комитетінің қолдауымен заман талабына сай 4 стрит воркаут алаңы салынды.

Жыл басынан бері саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында облыста 1198 бұқаралық спорттық іс-шара өтіп, оған 287190 адам қатысқан. Ұлттық өнеріміз – қазақ күресінен «Алтын белбеу» облыстық турнирі өтті. Биыл Астана қаласында өткізілген ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүлдесіне арналған «Қазақстан барысы» турнирінен жерлесіміз Еламан Ерғалиев топ жарды. Ақтөбе қаласында өткен ҚР VI «Ақ бидай» ауыл спорт ойындарында облыс құрамасы спорттың 14 түрінен қатысып, жалпыкомандалық есепте 3-орынды иеленді.

Атқарылған жемісті жұмыстардың нәтижесінде дене шынықтыру және спортпен жүйелі шұғылданушылар қатары 26,5  пайызға артты.  Жоғары білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында Олимпиада резервін даярлау орталығы, спортта дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі және 22 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс жүргізуде. Cпорт мектептерінде 18133 оқушы 36 спорт түрімен шұғылданады.

Облыс спортшылары жыл басынан бері ҚР чемпионаттарында 660 медаль жеңіп алса, Азия, Әлем чемпионаттарында 67 медаль иеленді. Нәтижесінде ҚР еңбек сіңірген спорт шебері – 2, ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері – 3, ҚР спорт шебері – 41 және спорт шеберлігіне үміткер 518 спортшы дайындалды. Айта кетерлігі, спорт түрлері бойынша 420 спортшымыз ҚР ұлттық құрама командасының сапына енді. Сондай-ақ, жыл басының басты жетістігі – мәнерлеп сырғанаудан Элизабет Тұрсынбаева VIII қысқы Азия ойындарында қола медаль еншіледі. Сәуір айында Ташкент қаласында шахматтан өткен Азия чемпионатында Әсел Серікбай 3 дүркін Азия чемпионы, мұнан кейін Румынияда оқушылар арасында Әсел 2 дүркін Әлем чемпионы атанып, еліміздің даңқын асқақтатты. Назерке Нұрғали күміс жүлдені қанжығаға байлады. Тағы бір жетістігіміз Ташкент және Гамбургте бокстан өткен Азия, Әлем чемпионаттарында Қамшыбек Қоңқабаев күміс жүлдені олжалады.  Ал, Астана қаласында каратэдан өткен Азия чемпионатында Мөлдір Жаңбырбай 3 рет чемпион атанды. Осы жылдың тамыз айында Душанбе қаласында әмбебап жекпе-жектен өткен Азия чемпионатында жерлестеріміз 3 алтын, 1 қола жеңіп алды. Тайбэйде өткен Бүкіләлемдік жазғы Универсиада ойындарында ауыр атлетикадан Рүстем Сыбай күміс жүлделі болды. Астанада тоғызқұмалақтан өткен Әлем чемпионатында Хәкімжан Елеусінов 3 дүркін Әлем чемпионы атағын иемденді. «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне арналған Қызылорда облысының мәдени күндері аясында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Оқушылар арасында 2 дүркін Әлем, 3 дүркін Азия чемпионы Әсел Серікбай 12 тақтада бірмезгілдік сеанста ойнады. Сонымен бірге Ашхабад қаласында өткен жабық кешендегі Азия ойындарында Әсем Садықова алтыннан алқа тағып, ел тарихында әйелдер арасында тұңғыш медальға қол жеткізді.

Жыл басынан бері спорт түрлерінен 11 ҚРЧ, 3 халықаралық турнир, 35 республикалық турнир және спорт мектептерінде 27 облыстық біріншіліктер ұйымдастырылған. Айта берсек, бұл саланың жеткен жетістіктері аз емес. Соңғы кезде Сыр елінің даңқын асқақтатып жүрген спортшылар талай додаларда оза шауып, өз мықтылықтарын дәлелдеді. Мұның бәрі де тынымсыз еткен еңбектің жемісі.

Сара АДАЙБАЕВА.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 қазан 2017 г. 775 0