«Арал-Сарыбұлақ» су құбырының өткені және бүгіні

1986 жылы «Арал-Сарыбұлақ су құбырын пайдалану басқармасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны негізінен Арал және Қазалы аудандарының халқын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылған болатын.

Иә, Арал ауданы елді мекендерін таза таза сумен қамтамасыз ету үшін  1970-1975 жылдар аралығында Арал аймағының Солтүстігінде орналасқан Толағай жер асты су қойнауларына, геологиялық барлау жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде, ондағы су көздерінің ауыз суға пайдалануға жарамдылығы анықталып, су қорының күнделікті өнімділігі 68 мың текше метр құрайтыны дәлелденді. Осы зерттеулерге сәйкес, 1985 жылы бірінші кезекте су қорының өнімділігіне тәулігіне 21 мың текше метр Бердікөл су тартқысы (водозабор) пайдалануға берілді. Осы жер асты суларын Арал және Қазалы аудандарының елді мекендеріне жеткізіп беру үшін 5 кезеңнен тұратын топтық су құбырының жобасы жасалды. 

Жүйелі жұмыстардың арқасында 1986 жылы Арал-Сарыбұлақ су құбырын пайдалану басқармасы құрылды. Басқарма құрылған жылдары Арал қаласына ғана су жеткізіліп тұрды. Ал, 1993 жылдан бастап Жалаңаш, Ақбай, Шижаға, Қосаман елді мекендері мен Қазалы аудандарына су жеткізіле бастады. 1994 жылы Ақеспе елді мекені, 1995 жылы Құланды жылқы зауытының орталығы ауыз суды тұтына бастады. Сондай-ақ,  Арал ауданының 9 елді мекені, Арал қаласы және Қазалы ауданы ауыз сумен қамтамасыз етілді. Су құбырының ұзындығы-345 шақырым.  Бүгінде бөлімшеде Қосаман және Бердікөл су тартқысы мен 12 дана екінші су көтеру насос станциялары жұмыс жасайды. Насос станцияларының өндірістік қуаттылығы барлығы тәулігіне 275 текше метрді құрайды.

Тағы бір айта кетерлік жайт, тоқырау жылдарынан кейін, тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарында көптеген өндірістік қиындықтар болды. Атап айтқанда, жөндеу жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуі мен жаңадан техникалар алынбауы,  жұмысшы-қызметкерлерге уақытылы жалақы берілмеуі мекеменің  алға жылжуға мүмкіндік бермеді.  Алайда, 1996 жылдан бастап мемлекеттік меморандумға сәйкес, «ЮСАИД» бағдарламасы арқылы ұңғылар қайта бұрғыланып, насос станцияларына қайта жарақтандыру, жөндеу жұмыстары жүргізілді.             

2006 жылы «Арал-Сарыбұлақ су құбырын пайдалану басқармасы» МКК-ның меншігіндегі мүлігі түгелдей «Арал» СЖКБД филиалының меншігіне берілді.  2011 жылдан бастап «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесі болып қайта құрылды.

Республикада қаржы мәселесі шешіліп, 2012-2013 жылдар аралығында Арал-Сарыбұлақ магистральды су құбырының ІІ-желісі Қосаман-Арал- Қазалы магистральды су құбырлары  салынып, пайдалануға берілді.

Елбасының назарында тұрған, ең маңызды деген бағдарламалардың бірі халықты таза, сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы екені баршаға аян. Осы бағдарлама аясында, Райым, Үкілісай, Құмбазар, Бекбауыл, Қызылжар, Ескіұра, Шөмішкөл және  Ақшатау елді мекендері тіршілік атаулының тірегі-ауыз судың игілігін көріп отыр.  120 шақырым жерден құбыр арқылы тартылған ең таза, ең қымбат суды пайдаланып отырған халық судың сапасына дән риза.

Қазіргі уақытта Арал және Қазалы аудандарының 48 елді мекенінің 130,0 мыңнан астам халқы, оның ішінде Арал ауданы бойынша 66,8 мың, Қазалы ауданы бойынша 67,1 мың тұрғын «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырынан» сапалы ауыз су тұтынып отыр.

Бүгінгі күні «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырының» иелігінде  733,34 км магистральды су құбыры және 807,376 шақырым су жүйесі, барлығы- 1540,7 шақырым су құбыры бар.

Енді биылғы атқарылып жатырған жұмыстар жайлы сөз қозғар болсақ, аудан бойынша Сексеуіл, Конту, Шижаға, Аралқұм, Қамбаш, Аманөткел, Бөген елді мекендеріне жоба бойынша  ауыз су құбырының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қысқы дайындық жұмыстары бойынша магистральды су құбыры бойындағы 20,5 шақырым құбырды қайта көму және елді мекендер мен Арал қалалық ішкі су құбыры бойындағы құдықтарды қымтау, құбырларды жабу жұмыстары қазан айының соңына дейін жүргізіліп аяқталады. Өндірістік бөлімшеге қарасты негізгі 22 су айдау насос станциясы дизельді генераторлармен қамтамасыз етілген. Мүның бәрі айтуға жеңіл болғанымен, іс жүзінде өтке қиын шаруа.

Бөлімшеде бүгінгі күні 282 адам жұмыс істейді. Әсіресе, Ш.Мамбетжанов, Қ.Айменов, Н.Есбембетов, Ә.Утегулов, Т.Ахметов, Ж.Абишов сынды  учаске аға шеберлері мен қарамағындағы жұмысшылар қыстың 40 градус аязында өздерінің  міндетті жұмыстарын ұқыпты  атқарып, көпке  адал еңбектің үлгісін көрсетіп жүр. Яғни, бұлар  күндіз-түні талмай еңбек етіп, бір құбырда ақау байқалып, жұмысқа қатысты төтенше жайлар орын алса, уақыт талғамай жұмыс жасайды.

Жаздың аптап ыстығы мен қыстың қарлы боранды күндері халықтың қамы үшін зыр жүгіріп жүретін бөлімше жұмысшыларының ерінбей еңбек етуіне басшының да үлесі мол. Бөлімше  басшысы  Ислам Қапаров үнемі ұжымның ауызбірлігін ойлап, тығырыққа тірелген тұстарда оларға  бағыт-бағдар беріп отырады. Өз ісінің білгір маманы, тұрғындардың мұң-мұқтажына жанашырлықпен қарап, мәселені оңтайлы шешуге бар күш-жігерін жұмсай біледі.  Мамандығына адал.  Бастаған шаруаны аяғына дейін жеткізе білетін басшы өзі қызмет атқаратын сала жұмысын жетік біледі. Ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибесін кейінгі буынға үйретіп отыратын жауапкершілігі мол, тиянақты басшы жайлы айтар болсақ, ол 1964 жылы ауданымыздағы Бөген елді мекенінде дүниеге келген. 1982 жылы қаламыздағы №220 орта мектепті бітірген соң, Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша тәмамдады. Алғашқы еңбек жолын Қызылорда облысы, Жалағаш поселкесіндегі СПМК 08 құрылыс мекемесінде құрылыс монтажнигі, құрылыс шебері болып бастады.  Осы уақытқа дейін көптеген жауапты жұмыстарды абыройлы атқара білді. Атап айтар болсақ, 1992 жылы «Арал» құрылысы салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дерекциясында аға маман қызметін атқарған. Одан соң, Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырын пайдалану басқармасында жетекші инженер, экономикалық жоспарлау бөлімінің басшысы болса, одан кейінгі жылы басқармада бас инженер боп істеді. 

2004-2006 жылдары Қосаман-Бердікөл-Сексеуіл магистральды құбырын салуға және Арал қаласы бойынша  су құбырларын толық жаңарту жұмыстарын халықаралық «Кувейт қоры» қаржыландырылған еді.  Маман сол кездері Халықаралық жобаның  құрылыстарын қадағалаудың техникалық инспекторы болды. Мұқият атқарылған игі істің нәтижесінде, 100 пайыз қалаішілік су құбыры жаңартылып, тұрғындарға тегін су кіргізіп берілді. 2012 жылы «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің басшысы болды. Сол жылдары  қыс мезгілінің қатты суық болуына байланысты, магистральды су құбыры істен шығып, төтенше жағдай туындап, екі ауданның халқы біршама уақыт ауыз сусыз қалған болатын.  Аудандарды ауыз сумен қамтамасыз ету үшін облыстан қаржы бөлініп, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. И.Қапаровтың жетекшілігімен  2013 жылы 20 скважина жөндеуден өтіп, магистральды су құбырының Қосаман-Арал бағытындағы ІІ-желісі жүргізілді. Жобаның іске асу барысында  қиындық туған уақытта халыққа жанашырлық танытып, адал еңбек еткен басшы тұрғындарды сапалы ауыз сумен үздіксіз қаматамасыз етуде үлкен үлесін қосты. Және де ауыз судың стандарттық сапасының артуына, өндіріске заманға сай жаңа технологиялардың енгізілуіне атсалысты. Тікелей басшысы «Қазсушаруашылығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Арал» филиалының директоры Имаммадин Оңғарбаевтың тапсырмасымен топтық су құбырларын күрделі жөндеуден өтікізіп шығу секілді  басқа да қажетті жұмыстарды  мұқият орындап отырады. Ұжымға да тегеурінді талап қояды.

Басшының елеулі еңбегі еленіп, көптеген марапаттарға да ие болды. Облыс әкімі Қ.Көшербаевтың Құрмет грамотасымен, ҚР Ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу ұйымдары қызметкерлері кәсіподақтар одағы заңды тұлғалар бірлестігінің Орталық комитетінің ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен марапатталуы және ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздіктің  25 жылдық» мерекелік медалімен наградталғаны айтулы маманның жемісті жылдарының жеңісі іспетті.  Сонымен қатар, жас мамандардың жұмысқа орналасуына жағдай жасап, кәсіби біліктіліктерін шыңдап жүрген И.Қапаровты нағыз заман талабына сай өз ісінің майталманы деп айта аламыз.

Г. Есіркегенова,

«Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің

Кадр инспекторы, іс жүргізуші.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қазан 2017 г. 1 562 0