КӘСІПКЕРЛІК САЛАСЫ ӨРКЕНДЕЙ БЕРЕДІ

Мәдениет және өнерді дамыту орталығында ҚР ҰКП “Атамекен” кәсіпкерлер палатасының Жалағаш аудандық филиалы директоры Самат Карипов 9 айда атқарылған жұмыстар жайында  кәсіпкерлер алдында есеп берді.

Басқосуға аудан әкімі Талғат Дүйсебаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов, аудан прокурорының міндетін атқарушы Бекжан Әбілдаұлы мен мекеме, бөлім басшылары және жергілікті кәсіпкерлер қатысты.

Жиынды облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғ.Жақсылықов жүргізіп отырды. Алдымен, аудан әкімі Талғат Тұрсынұлы кәсіпкерлік саласының жай-күйін айта келе, өткен жылмен салыстырғанда кәсіпкерлік субектілері бірнеше жаңа нысанға көбейгенін жеткізді. Қазіргі таңда 2545 кәсіпкерлік нысан тіркеліп, онда 9 мыңға жуық адам жұмыс жасайды. Кәсіп бастауға ниет білдірген ауыл тұрғындары ұсынған жаңа жобалар оң шешімін тапса, жыл соңына дейін кәсіпкерлік нысанының қатары артады деп көзделуде.

 “Атамекен” ҰКП-ның аудандық филиалы директоры С.Карипов кәсіпкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындарға кеңес беру, оқыту жайын баяндады. Аталған  палатаның даму стратегиясында 5 басым бағыт көрсетілген. Осыған сәйкес, палата филиалында кәсіпкерлік субъектілердің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, бизнес ортаны жетілдіру, қаржы, инфрақұрылым және өткізу нарықтарының қолжетімділігін қамтамасыз ету, адами капиталды дамыту, бизнеске сервистік қолдау көрсету жұмыстары жүргізілген.

– Кәсіпкерлерді қолдау орталығымен Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері мен кәсіпкерлік бастамалары бар тұрғындарды кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік қолдау құралдары туралы ақпараттандыру, мемлекеттік бағдарламалар туралы, жеңілдетілген несиелер және қаржы институттарымен жұмыс жасау алғышарттарын түсіндіру бойынша 2017 жылыдың 9 айында 655 адамға кеңес берілді. Ал, сервистік қолдау бойынша есепті кезеңде 175 кәсіпкерге қолдау шаралары жүргізілді. Бүгінгі таңда халықты бизнестің негіздеріне оқытып-үйретуге «Бизнес-кеңесші» және «Іскерлік қатынастар» жобалары бойынша «Бизнестің жол картасы-2020» және «Нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021» бағдарламары шеңберінде жүзеге асырылуда. Осы орайда оқыту тақырыбына байланысты «Бизнес-кеңесші» жобасы бойынша жыл басынан – 250 адам кәсіпкерлік негіздеріне жан-жақты оқытылды. Ағымдағы жылдың І жартыжылдығына «Іскерлік қатынастар» компоненті бойынша 10 жобаға өтініш түсті. 2017 жылдың басынан  кәсіпкерлерге қолдау көрсету мен құқығын қорғау жайлы 13 өтініш түсті. Барлығы оң шешімін тауып, кәсіпкерлердің мүдделері толықтай қорғалды. Аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалы аудандық прокуратурамен бірлескен өзара ынтымақтастық пен іс-қимыл туралы іс-шаралар жоспарын жасап, кәсіпкерлердің құқықтарын бұзудың жолын кесу шаралары ретінде оңтайлы топ құрылды. Осы мобильді топ Заңсыз тексеру фактілері туралы хабарлама немесе арыз түскен жағдайда жедел топ құрамымен оқиға орнына барып, заңдылығына сәйкес зерделенеді, – деді С.Карипов.

         Шағын және орта кәсіпкерлікті бастау немесе дамыту мақсатында мемлекет ұсынған бағдарламалар бойынша жыл басынан бері жалпы құны 538,2 млн. теңгені құрайтын 77 жоба қаржыландырылған. Ал, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында ағымдағы жылы жалпы құны 313,8 млн теңгені құрайтын 9 жоба екінші деңгейлі банктер арқылы қолдау тауып, Өңірлік үйлестіру кеңесінің оң қорытындысына сәйкес пайыздық үстемақысы субсидияланды. Оның ішінен 4 жоба 98,6 млн теңгеге ішінара кепілдендірілген.

         Сонымен қатар, аталған бағдарламаның мемлекеттік гранттар беру бағыты бойынша өткізілген конкурсқа ауданнан құны 86,2 млн теңгені құрайтын 47 жоба ұсынылып, 10 жобаға 6 млн 140 мың теңге қаржы бөлу жөнінде шешім қабылданса, «Микробизнес Қызылорда» бағдарламасы аясында РИЦ арқылы 3 жобаға 27 млн теңге берілді. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші, микронесие беру бағыты бойынша 66 жоба қолдау тапты. Оның ішінде, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалы арқылы 56 жоба 151,7 млн теңгеге, қалған 10 жоба 62,9 млн теңгеге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландырылған. Міне, осындай игі бастамаларды демеп, қолдау көрсеткен аталған палатаның аудандық филиалы кәсіп бастауға ниетті азаматтарды әрдайым қолдап келеді. Қажет болса оқытады, үйретеді, тіпті, бизнес жобаны да дайындап береді.

         Мұнан соң, аудан прокурорының міндетін атқарушы Бекжан Әбілдаұлы кәсіпкерлердің құқықтары қорғалып, олардың жұмыстарына кедергі келтірушілердің жолы кесілгенін айтты. Өздерінің жұмысын алаңсыз жасауға мүмкіндік берілген. Мұндай қолдауға ие болған іскер азаматтар соңғы жылдары жергілікті өнімдерді нарыққа молынан шығара бастады. Кездесу соңында тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдады. Бірі шағын несиеге қалай қол жеткізу керектігін сұраса, ал енді бірі ветеринариялық кленика ашқысы келетінін айтты. Жиында көтерілген бұл сауалдар ескерусіз қалмайтынын жеткізген сала басшылары кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілетінін тағы бір еске салды.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,

Жалағаш ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 қазан 2017 г. 651 0