ӨМІРБАЯН ӨРІМІ
Әбуқожа әйгілі сынықшы еді. Бұл тылсым қарекет оған әкесінен, әкесіне атасынан, атасына арғы атасынан келіп қонған. Сынық салуды Әбуқожа өз баласы Шайзадаға сегіз жасында үйретті. Тегінде бұл көргенін қайталап жасаумен үйреніп алатын кәсіп емес-ті. Ол үшін балада атадан жұққан қасиет болуы шарт. Сынықты рентгенсіз көретін сол қасиет бала Шайзаданың бойынан табылды.
…Әкесі тауықтардың аяғын пырт-пырт сындырып қоя беретін. Аяғы сынған тауықтың жағдайы өзіне мәлім, қанатымен жер сабалап қалады. Шал сәлден соң сорлы тауықтарды қолына қайта алып, сынған аяғын алақанымен сипап жібереді, жаңа ғана құйрығымен жер сызып қалған тауықтар қыт-қыттап жүгіріп кететін. Ойын баласы аяғы сынған тауықты қанша аяп тұрса да, осы әрекетті ә дегеннен ойға тоқыды, көргенін жаңылмай қайталады. Әкесінің әрекетінен бір байқағаны, сынған сүйекті сыртынан сипай салады. Сынған қол-аяқты сипап салғанын талай мәрте көрді. Алақанын толтырып біреудің бір жерін ұстап жатпаушы еді.
Бір күні үйге қол сүйегі сынған бір адам келіп, босағаға жантайды. Сырттан кірген шал оған жақындамады да, «болды, тұра бер» деді. Әлгі адам аң-таң, сөйтсе сынған сүйегі сол сәтте орнына түсіпті. Сонда әкесі сол сынықты өзі ашып кірген есіктің лебімен салған екен. Мұның бес парызына адал, дәретсіз жер баспаған адамның ғана қолынан келетін әрекет екенін кейін түсінді.
Өсе келе Шайзада дін оқуына құмартты. «Жаңаталаптағы» орта мектепте жүріп-ақ әкесінен арабша оқу үйренген ол 1970 жылы Бұхараға барып діни білім алды. Бір жылдан соң Ташкент медициналық институтына оқуға түсті. Осы оқуды үздік аяқтап, Аққорған, Самарқан ауруханаларында көп жыл дәрігерлік қызмет атқарды. 1990 жылдардың аяғын ала Қызылордаға көшіп келді. «Жаңаталапта» тұратын әкесінен дем салуды, дұғамен емдеуді үйренді. Жарықтық шал дүниеден өткенше құдай берген қабілетінен жаңылмады, жасы 96-ға келген кезде де сынық салды.
Бүгінде Шайзада Әбуұлы жоғары санатты дәрігер, профессор. Тамыр ұстау, алтын инемен емдеу, сынықтың ауыр түрлерін салу, көз ауруларына, сал ауруларына шипа беру қасиеттерімен танылған халық емшісі.
ҚЫТАЙЛАРДЫ ТАҢҒАЛДЫРҒАН
Халықтық және рухани медицина тарихынан мол білімі бар Шайзада емші адам анатомиясы мен физиологиясын жетік меңгерген. Хиджама, биоөріс терапиясы, парапсихология, космоэнергетика, шөп дәрілер мен жануарлар ағзасынан алынған дәрілік заттарды қолдану тәсілдерімен ем жүргізеді.
Алдына келген адамның ауруын тамыр ұстау арқылы дөп басады. Адам бойында алпыс екі тарам тамыр бар. Тамыр райының кернеу, баяу, шөкпе, қалқыма, сырғақ соғу сияқты 62 түрлі өзгерісін парықтай алу тамыршымын деген екінің бірінің қолынан келмейді.
Шайзаданың бойына діни-ғұрыптық емшілік те, атадан балаға берілетін қазақы дәстүрлі емшілік те, заманауи медициналық емдеу де қатар қонған. Сондықтан болар, кеселді тамыр ұстап анықтауда бұл кісіден оздым деген біреу әзірге кездескен емес. Шайзада емші 2012 жылы Қытайдан, Ресейден, Қазақстаннан, барлығы 400 емші қатысқан Керекудегі халық емшілерінің кәсіби білім бәсекесінде бас бәйгені жеңіп алған. Жалпы, ол мұндай сындарға 11 рет қатысып, бәрінде де 1-ші болған.
Біз алтын ине салу десе, қытайдан епті ешкім жоқ деп есептейміз. Алтын ине салу байқауында Шайзада емшіге қытайлардың өзі таңғалған. Мойындау да бір өнер, таңғалған соң «Алтын ине» деп аталатын алтыннан жасалған статуямен марапаттаған. Емші мұнан бөлек «Үздік доктор», «Мейірім» алтын медальдарының иегері.
Расында, қытай медицинасы қазақ дәстүрлі емшілігінің артықшылықтарынан үйренуді артық көрмейді. Олардың Шынжаң медициналық институтының жанынан Қазақ емшілігі факультетін ашып қоюы – осының бір дәлелі.
БІР ТЫЛСЫМ КҮШ
Осыдан біраз уақыт бұрын оң қолым көтертпей, иық тұсым шаншып жанымды көзімнің алдына әкелді. Емханаға көрініп едім, рентгенге, МРТ-ға түсіріп, біраз тергеуден өткізді. Ақырында «плексид» деген ауру деп анықтап, жомарт дәрігерлер шаншатын ине мен жағатын, ішетін дәрілерін үйіп төкті. Бірақ бір ай қабылдаған емнің нәтижесі болмады.
Әр нәрсенің бір себебі бар. Сол күні ауырған қолымды балаша құндақтап Сәбит ағама сәлем бере барып едім. Ол кісі маған Шәйзада емші туралы айтты. Ертеңіне елгезек ағам көлігіне отырғызып, «Шайзада» емдеу клиникасына өзі алып келді.
Емші мені бұрыннан танитын адамдай жылы қарсы алды. Тамырымды ұстап көрді де, «жүйке тамырлары суықтаған ғой, инемен кетеді» деді. Емдеу бөлмесінде арқасына ине салдырған төрт-бес кісі жатыр екен. Емші олардың әрқайсысымен іштарта сөйлесіп жүр. Бұрын алтын ине алып көрмеген мен емші бір уыс ине ұстап жаныма келгенде көзімді тарс жұмып алдым. Сәлден соң ол басқа бөлмеге қарай кетіп бара жатты, қолыма қарасам бес ине ырғалып тұр екен.
Сол күнгі ұйқым тыныш болды, қақсаған қолымды ұстап бөлме кезіп кететін едім. Осыдан соң емге күн сайын келе бастадым, Шәкеңмен етене сөйлесіп, әңгімелесіп кеттік.
– Осынша тылсым қасиеттерге иесіз, жарнама берсеңіз, адам көбірек келер еді. Мысалы, Аралдағы емші Ерболсын секілді, – дедім мен.
– Қазір пәленбай аурудың атын атап, соның бәрінен айықтырамын деген жарнамалар кез келген жерде жалаулап тұр. Өз басым жарнаманы жақтырмаймын. Менің емімді алып, ауруынан арылған адам болса, ризашылықпен келесі бір адамға айтып барады. Ол кісі оң ниетін бұрып келеді. Оның үстіне мен көбіне басқа қалаларға кетіп қаламын, – деді емші.
Шынында емшіні басқа жақтарға шақырушылар көп екен. Ара-тұра күрделі ота жасауға да қатысатынын білдік.
– Сіз барлық аурудың емін білесіз бе? – деп сұрадым бірде емшіден.
– Мың түрлі аурудың мың бір түрлі емі бар дейді. Ықылас, ниетпен жасалған емнің барлығы да бойға дариды. Ақы алу, ақша мәселесі алдыңғы қатарға шыққанда ондай емнің шипа болуы да екіталай. Мен аурудың жан күйзелісін өзіме қабылдай аламын. «Көрер жарығы аз қалды» деп ауруханадан шығарып жіберген ауруларды да емдеп жазған кездерім болды. Шынымды айтсам, кейде мен өзімнің қалай емдеп жатқанымды түсінбеймін. Алланың құдіреті болар. Әйтеуір аурудың қандай емге мұқтаж болып тұрғанын бір тылсым күш арқылы бірден сезінем, – деді емші сырын ашып.
Мен сыздаған ауруымды ұмытып, емші айтқан сырдың әсерімен әудем жерге ұзап кеткенімді сезбеппін...
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.