«ҚҰНДЫЗДЫМАЙДАҒЫ» ҚАРҚЫН

«Егіншіні кетпенінің жүзі асырайды» дегендей, алажаздай тыным көрмеген «Құндыздымай» ШҚ диқандары биыл 800 гектар алқапқа бітік егін өсірді. Бұл шаруашылық өндірістік жұмысты жүйелі ұйымдастырудың нәтижесінде жылма-жыл жақсы көрсеткіштерге жетіп келеді. Бұл сөзімізге «Құндыздымай» ШҚ-ның алғашқы жылы Сыр маржаны алқабының әрбір гектарына 45 центнерден, былтыр 50 центнерден өнім алған, ал биыл гектар сайын өнімнің 55 центнерден айналып жатқаны дәлел бола алады.
– «Тілін тапсаң, жер жомарт» дегендей, жылма-жыл агротехникалық шараларды талапқа сай жүргізудің, күрішті үстеп қоректендіріп, күтіп-баптаудың нәтижесінде діттеген межеден көрініп келеміз. Қазіргідей науқан кезінде күрішші-механизаторлар алаңсыз еңбек ету үшін олардың әрбірінің үйіне отыны, шөбі тегін түсіріліп берілуде. Сондай-ақ, шаруашылық есебінен 4 мезгіл тегін тамақпен қамтамасыз етіліп отыр. Жыл қорытындысында озаттар еңбекақыларынан бөлек қомақты қосымшаға ие болады. Аяғынан жаңа тұрып келе жатқан шаруашылыққа бұл оңайға түсіп отырған жоқ. Дегенмен, сыртта жүрген жастарды туған жерге тарту үшін осындай қадамға барып отырмыз. Үйден кіріп-шығып, еңбек еткенге не жетсін?! – дейді ауылдың жанашыр азаматы, шаруашылық төрағасы Бөлеген Рахметов.
Иә, айтса-айтқандай, бүгінгі таңда жетпістен астам адам еңбекке тартылып отыр. Қазіргі кезде 800 гектар алқап түгел орылып, бастырылған. Орташа өнім 55 цент¬нерден айналуда. Маусымда 500 гектар алқаптың Сыр салысын бір өзі дестеге салған «Магдон» жаткасының капитаны Руслан Кәрімжанов озаттар көшін бастады. Үздік комбайншы Қазбек Шәмшиевтің еңбегі де ересен. Оның бастырған астығы 15 центнерден асып-жығылады. Нартай Әбдірамановтың астық бастырудағы, Серікхан Қалмақовтың тасымалдағы қарқындары жоғары. Сондай-ақ, Нұрлан Әбдікәрімов басқаратын №1 бригада күрішшілері өзгелерден озып келеді. Атап айтатын болсақ, тәжірибелі күрішші Баян Қалыбаев көш бастаған. Ол өзінің қарауындағы 50 гектар алқаптан орташа 65 центнерден өнім алуды қамтамасыз етті. Серік Жарауовтың да көрсеткіші жоғары. Ол 50 гектар алқаптан 55 центнерден өнім жинады. Күрішші Елшібай Қапанов 45 гектар алқаптан 52 центнерден, осыншама алқаптан Мұрат Аханов пен Марат Пірманов 50 центнерден өнім алды. Мұның барлығы – дала еңбеккерлерін ынталандырудың нәтижесі. Шаруашылық өткен жылдан бері жерлерін жалға берушілерге дивиденд төлеуді жүзеге асырып келеді. Былтырғы жылы шаруашылық еңбеккерлері 18 миллион теңге қосымша ақы алса, биыл одан да арта түсетіні айтылуда.
Еңбегінің жемісін көріп, табысқа кенеліп жатқан шаруашылықтың алда алар асуы мұнан да биік болмақ.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ.
Сырдария ауданы.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 12 қазан 2017 г. 1 016 0