ЖАҢА ӘЛІПБИ ЖАҢА КӨШКЕ БАСТАЙДЫ

Латын әліпбиіне көшу – рухани жаңғырудың басты қадамы. Облыстық әділет департаментінде өткен дөңгелек үстел қатысушыларының ортақ пайымы осындай болды. Жиын барысында уақытпен үндескен бастама  төңірегінде қызу пікірталас жүргізіліп, облыстық ішкі саясат басқармасы тілдерді оқыту орталығының қызметкері Баян Байділдаева баяндама жасады, өзекті тақырыпқа қатысты орамды ойымен бөлісті.
– “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласында Елбасы латын әрпіне көшу жайына тоқталып, кириллицаның көптеген таңбаларының өзі осы әліпбиден алынғанын еске салды. Дүние жүзі халықтарының 80 пайызы қолданатын латын әліпбиі қазақ тілінің де бағын ашары сөзсіз. Тілді шұбарлауға сол арқылы нүкте қойыларына сенімдіміз. Аталған әліпбиді енгізу – бүгінгі күннің басты талабы. Тарихты парақтайтын болсақ, ол үш мың жыл бұрын қолданыла бастаған. Осыған қарамастан әлі де қажетке жарауда. Тәуелсіз Қазақстанның әлемнің келіссөз алаңына, туристік орталыққа айналғанын жас ұрпақ та көріп отыр. Олар халықаралық ортада тек латын әрпінің қолданылатындығына көз жеткізуде. Ұсынылған жоба қызылордалықтар арасында қызу қолдауға ие, – деді Б.Байділдаева.
Басқосуда тілді реформалау еліміздің экономикалық, әлеуметтік жағынан өрлеуіне жол ашатыны, латын әліпбиі бүкіл әлем қазақтарын біріктіретіні де айтылды. Ия, түбі бір түркі дүниесі латынды қолданады. Бізге олармен рухани, мәдени қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейту керек. Латынға көшудің түпкі идеясы да осында.


Мөлдір СНАДИН,
Суретті түсірген: Н.НҰРЖАУБАЙ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қазан 2017 г. 515 0