Келелі мәселелер талқыланды

Жуырда Қазалыдағы аудан әкімдігінің  мәжілісіне (2017 ж. 06 қазан)  төрағалық жасаған Нажмадин Шамұратовтың «Осы жерде тағы бір мәселені қатаң тапсырамын. Ауылдық округ әкімдері тағайындалғандарыңызға екі айдан астам уақыт өтті. Құмжиектің әкіміне бір жылдан асты. Екі ортада сенделмей көшіп баруларыңды тағы бір естеріңе саламын. Әне - міне дегенше жылдың соңы жақындап қалды. Есеп келе жатыр. Халықтың алдында еңселеріңді тік ұстап осы ауылдың етене тірлігіне араласып жүр деген жақсы атқа ие болуларыңыз қажет. Заң көтереді. Есептің қорытындысымен қызметтік жауапкершіліктеріңді қарауға болады. Мен ескерттім, қалғандары өздеріңіздің саналарыңызда» деген лебізі балғамен соққандай нық естілді.  Айтары жоқ, бұл көпшіліктің көкейінде жүрген мәселе еді. Енді  әбден таптаурын болуға айналған тақырып шешіледі, аудан әкімінің тапсырмасы аяқсыз қалмайды деп үміттіміз. Талай қызмет сатыларынан өтіп, шаруаның қыр – сырына бір адамдай қаныққан Нажмадин Шәкизадаұлы бұл жолғы жиында да қашанғыдай өзінің талапшыл, өмірден көрген - түйгені мол, тәжірибелі басшы екенін тағы да дәлелдеген.

Қоғам өміріне қатысты кез келген тақырып ел ағаларының тұрақты назарында тұратыны баршаға аян.  Аудандағы өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандарының 2017-2018 жылдардағы жылу беру маусымына дайындығы туралы хабарлама жасаған  тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Шыңғыс Сыдықовты тыңдаған соң Н.Шамұратов  өткен жылы   халыққа қажетті қатты отын қоры уақытылы жеткізілмеуінен қиындықтар туындағанына алаңдаушылық білдіріп, биыл сол жағдайдың қайталанбауын, былтыр тоннасы 13 мың теңге болған қатты отынның ағымдағы жылы  16 -17 мың теңгеге қымбаттағанын айта келе, ауданға қажетті көмірді  қандай мекемелер, кәсіпкерлер әкеліп жатқанына, бағасына, сапасына зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатырсыздар ма деген сауалын қойды.

Сондай - ақ кенттегі «Балапан», «Алпамыс», «Шұғыла», «Балдырған», «Айгөлек» балабақшалары, тарихи өлкетану мұражайы мен спорттық кешеннің бу қазандықтарын газ өніміне бейімдеу мақсатында облыстық бюджеттен 94,5 млн. теңге бөлінгенін, алайда бүгінгі күнге тек «Алпамыс», «Балапан» балабақшасының бу қазандықтары газге бейімделгенін, жылу беру маусымының арнайы басталуына  санаулы күндер қалғанын, сөзбұйдаға салуға болмайтынын  айтқан аудан әкімі өзінің сала жөніндегі орынбасарына белгілі мерзімде монтаждау жұмыстары толық аяқталатын болсын деп қадап тапсырды.

Сонымен қатар, Нажмадин Шамұратов «кенттегі 8130 үйдің бүгінгі күнге 3427 үйіне құрылыс монтаж жұмыстары атқарылып, 3177 үй  (39 пайыз) газды пайдаланып отыр. Дегенмен, Қазалы ауданының газға қосылу көрсеткіші басқа аудандардан төмен деңгейде келе жатыр. Оның себебі неде?» деген сұрақты Нұрлан Бозғұловқа қойып, қазіргі таңда тұрғын үйлерге газ-монтаж жұмыстарын жүргізетін мекемелер көбейіп кеткенін, алайда,  мердігер мекемелерге бақылау жасап, сапалы, құжат жүзінде жұмыс жасап жатқандығы басты назарда болуы қажеттілігін, (мекемелердің тиісті лицензиясы бар-жоқтығы, жұмыс жасап жатқан жұмысшылардың білімі)  тұрғындар арасында «алданып қалдым, тұрғын үйіме газ-монтаж жұмыстары жүргізілгенімен құжаттарымды ала алмай жүрмін» деген әңгіме көптігін, мұны бір жолға қою керектігін жасырмады.  Әйтеке би кентінің әкімі Әліби Әбиевке  «Санитарлық тазарту, көркейту және көгалдандыру екі айлығын қарқынды өткізіп жатырмыз. Десе де тұрғындар тарапынан көшелерге, сонымен қатар, кенттің сырт аймақтарына тұрмыстық қалдықтарды жеке көліктерімен тастау фактілері әлі де тиылмай отыр. Бұған байланысты БАҚ беттерінде ескертпе – хабарландырулар жарияланды. Айыппұлдар салынып, тиісті шаралары көрілді. Дегенмен, әліде кемшіліктеріміз бар.»дей келе кент әкімінің ұсыныс  - ойына құлақ түрді.

Оған қоса Шамұратовтың кент әкімі Әліби Әбиевке  «Биылғы жылы аудандық бюджеттен 5,0 млн. бөлініп, 18 камера алынса, жергілікті өзін-өзі басқару есеп шотының есебінен 8,0 млн теңгеге 32 камера алынды. (Бұрыннан қалған 12 камера бар, оның 5 -і ғана жұмыс жасайды). Осы бейне бақылау камералары өз деңгейінде жұмыс жасап тұр ма, тиісті адамдарды бекіттіңіздер ма? Нәтижесі қалай?» деген лебізі  бейне бақылау камералары жеткілікті құрылса кейбір  келеңсіз көріністер орын алмас еді – ау дегенге жол ашты. Келелі жиында мұнан өзге де бірқатар маңызды тақырыптар талқыланды. 


Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 қазан 2017 г. 563 0