Филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Зейнеп Базарбаева латын әліпбиінің жаңа нұсқасына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жөніндегі жұмыс тобының Ақордада Мемлекет басшысының қабылдауында ұсынған нұсқасы оқуға да жазуға да ыңғайлы. «Жалпы әліпби ауыстыратын ұлт үшін екінші нұсқа қолайлы деп санаймын. Себебі диграфпен таңбаланған әліпби үлкен сынға ұшырады. Басты мәселе сөздерді оқыған кезде қиындық туғызады дедік. Ал апострофпен жазу да оқу да оңай болмақ. Ұлттық, өзімізге тән дыбыстарымыз апостроф арқылы көрсетіледі. Соған орай жаңа нұсқада барлық дыбыстар қамтылды деуге болады», - деді З.Базарбаева. Сарапшының пайымынша, апостроф арқылы таңбаланған әліпби техникалық тұрғыдан да көп шығынды қажет етпейді. Ал диграфпен жазылған баспа өнімімен салыстырғанда да соңғы нұсқаның тиімділігі байқалады.
«Әрине, қоғам болғаннан соң әрбір жаңалық жеңіл қабылдана бермейді. Көпшілігі «мына үтірлер не таңба» деп түсінбейтін де шығар. Бірақ оған үйрену соншалықты қиын емес. Әріп үстіндегі үтірлер кейде дыбыстардың жіңішкелігін көрсетеді. Мұнда дауыстылар да дауыссыздар да апостроф арқылы көрсетілді. Біздің ұлттық дыбысымыз деп қабылдауға әбден болады. Жалпы тілшілер диакритикалық әліпбиді қолдайды. Ол дұрыс. Бірақ, қазір интернет, цифрландыру, модернизация заманында өмір сүріп жатырмыз. Мәселенің осы қырын да ескеру керек. Болашақ ұрпақ бәсекеге қабілетті болуы тиіс. Алғаш ұсынылған әліпби бүкіл интернет бағдарламасын өзгертуді талап ететіні белгілі еді. Сондықтан, оның бәрі шығынды талап етеді. Ал апостроф клавиатурада бар. Сондықтан, Елбасына ұсынылған жаңа нұсқаны артық санаймын, қоғамға тез еніп кетеді деп ойлаймын», - деді Зейнеп Базарбаева.
Еске сала кетейік, кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелерін қабылдаған болатын. Онда Елбасына қоғамдық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды.