БАЙҚОҢЫР МОНОҚАЛА БОЛЫП ҚАЛМАЙДЫ

Байқоңыр – ғарыш саласының жаһандық діңгегі. Қазір Байқоңыр ғарыш кешенін Қазақстан мен Ресей бірлесіп игеруде. Екі жақ жиырмадан астам жобаны жүзеге асырып жатыр. Солардың бірі – «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенін құру жөніндегі жұмыстар болса, оның стратегиялық бағыттары айқындалды. Бұл – Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың ерекше назарындағы аймақ.

Елбасы жұмыс сапарымен облысымызға келіп, Байқоңырда болған кезде облыс әкімі Қ.Көшербаев, облыс әкімінің орынбасары, ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі С.Қожаниязов, Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы К.Бусыгин және «Роскосмос» басшысы И.Комаров атқарылып жатқан жұмыстар мен іске асырылатын жоспарлар жайын баяндады.

Ресей ғарыш айлағының техникалық жарақтандыруды қолға алса, Қазақстан инфрақұрылымды дамытуға ден қойды.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы өз сөзінде екі ел әріптес, одақтас ретінде Байқоңыр кешенін бірлесе пайдаланылатынын жеткізді. Ресей мемлекеті біздің жастарымыздың ғарыш саласының технологиялары мамандықтарына оқып үйренуіне жағдай жасап, қазақстандық ғарышкерлер дайындауға көмек көрсетеді. Жақын жылдары қазақстандық спутниктер ұшырыла бастайды. Осылайша, таяу жылдары Қазақстан ғарыш державаларының қатарынан орын алатын болады.

Кешен мен қаланы дамыту үшін әріптестер бірлескен кәсіпорындар құруға да ниетті. Ол өркендетіп, қосымша жұмыс орындарын ашады. Бірлескен концепцияда кәсіпкерлік пен туризмді өркендету көзделген.

Облыс басшысы Елбасына болашақта Байқоңырды моноқала емес, көпсалалы ірі шаһар ретінде дамытылу көзделуде деп жеткізді.

Бақытбек БЕКПАНОВ, 

ҚР Президентінің «Байқоңыр» 

кешеніндегі арнайы өкілінің қызметін 

қамтамасыз ету басқармасының басшысы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қазан 2017 г. 538 0