ТЫҢ СЕРПІН БЕРДІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев облысқа  жұмыс сапары барысында Сырдария өзенінің сол жағалауында салынып жатқан ғимараттарды көзімен көріп, жергілікті құрылысшылармен кездесті.

Мемлекет басшысымен дидарласқандардың қатарында мен де болдым. Президент сол жағалаудағы жұмыстармен танысып, Қызылорданың да Астана сияқты сол және оң жағалау болатынын айтып, бізге табыс тіледі. Сондай-ақ, мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында жұмыстар жасаудың маңыздылығына назар аударды. 

Өз басым Елбасымен кездесуден ерекше әсер алдым. Президент өзі атап өткендей, Қызылорда да Астана сияқты ерекше қарқынмен дамып келеді. Қандай да бір нәтижеге жету үшін толассыз еңбек ету қажет. Мұны Сыр бойының құрылысшылары жақсы түсінеді.

«Орион LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы ретінде сол жағалауда 40 пәтерлік тұрғын үй салып жатқанымызды жеткізгім келеді. Президент: «Құрылысты түрлі сәулет тәсілдерін пайдаланып, сапалы әрі көрікті етіп салу керек. Табанды еңбек өз нәтижесін береді. Бір кездері Есілдің сол жағалауынан жаңа қала құрылысын бастағанда, «оның асты саз, құрылыс жүргізуге болмайды» деушілер де болды. Ал, енді қандай қала тұрғызылғанын көріп отырсыздар» – деді. Бұл сөз маған қатты әсер етті. Шынында, Астана әлем мойындаған сәулетті, дәулетті қалаға айналды. Елордаға қарап бой түзеген Қызылорда да әсемдене түсері сөзсіз.

Елбасы сапары өңірімізге жаңа серпінді өзгерістер алып келетініне сенемін.

Шалқар ЖАҢАБЕРГЕНОВ,

«Орион LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қазан 2017 г. 431 0