РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – САНАДАҒЫ СЕРПІЛІС

 Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын маңызды саяси-идеологиялық құжат деп айтуға болады. Себебі онда ұлттық құндылықтарымыз, мемлекеттің ұлттық құрылымы, қазақ елінің тарихи мұралары туралы айтылады. Біздің бүгінгі ең басты мақсатымыз – елімізді дамыған 30 мемлекеттің қатарына енгізу.

Заманға сәйкес жаңғыру, оның ішінде рухани жаңғыру мәселесі жан-жақты талданған мақалада көрсетілген мақсат-міндеттер Сыр өңірінде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатыр. Облыстық ішкі саясат басқармасы жанынан бағдарламаны жүзеге асыратын жобалық кеңсе ашылды. Орталықтың негізгі функциясы – бағдарламаның бағыттары бойынша жауапты салалардың жұмысын үйлестіру. Осыған орай «Сыр елі – рухани жаңғыру бастауы» атты тоқсандық жоба бекітілді. Жоба аясында басқарма «Туған жерге тағзым» жобасын жүзеге асырмақ. Кең көлемді шара шеңберінде «Мектепке тағзым», «Бақыт тамшысы», «Өмір – баға жетпес байлық», «Қайырымдылық әуені» атты акциялар өтеді.

Сондай-ақ осы жерден түлеп ұшқан белгілі кәсіпкерлер мен табысты азаматтардың басын қосатын форум ұйымдастыру көзделіп отыр. «Атамекенім» кіші бағдарламасы «Азаматтық бастамалар картасы» базалық жобасы аясында аймақтың жетістіктері туралы фотоальбом дайындалады. 1000 данамен шығатын туынды аймақтың өткені мен бүгіні, әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы деректерді қамтиды. «Жетістікке жеткің келсе» тақырыбында кәсіпкерлер мен жастардың кездесуі өтеді. Онда кәсіпкерлер табысқа қалай жеткені туралы айтып береді. Қараша айында өз саласы бойынша толайым табысқа жеткен жергілікті іскер әйелдердің форумы өтеді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуын ақпараттық сүйемелдеу мақсатында басқарманың тапсырысымен «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасында «Туған өлке» және «100 жаңа есім» жобалары көрермен назарына ұсынылуда. «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты газет-журналдарда, интернет ресурстарында арнайы айдарлар ашылып, бағдарлама аясында өткен шаралар тұрақты түрде ақпараттандырылып келеді.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы 4 кіші бағдарламадан тұрады. Соның бірі «Атамекен» деп аталады. Бұл бағытта «Азаматтық бастамалар картасы» және «Жомарт жүрек» базалық бағыттары бойынша бірнеше ірі жоба жүзеге асырылуда. Олардың ішінде «Ұлы дала елі» тарихи-танымдық экспедициясы, «Жомарт жүрек» базалық бағытын жүзеге асыруға бағытталған «Қайырымдылық жасаушылар» форумы, «Туған жерге тағзым» акцияларын ерекше атап өтуге болады.

«Рухани қазына» кіші бағдарламасы өңірдің рухани құндылықтарын, тарихи орындарымызды насихаттап, дәріптеуге бағытталған. Бүгінгі күні сақтардың ордасы – ортағасырлық Шірік-Рабат, оғыздардың астанасы – Жанкент, қыпшақтар мен қазақ хандығының бірінші астанасы – Сығанақ қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары сәтті жүргізілді. Қазақстанның киелі жерлерінің картасына республикалық маңызы бар Шірік-Рабат, Жанкент, Жент, Сығанақ, Оқшы ата, Қорасан ата, Төлегетай-Қылышты ата, Бегім ана, Қорқыт ата, Христос Спаситель сынды 10 ескерткіш енгізілді. Тарихшылар мен археологтардан, ғалымдар мен өлкетанушылардан құрылатын арнайы жұмысшы тобы қосымша киелі орындарды анықтайды. Қасиетті нысандарды анықтау барысында табиғи ландшафтық қасиетті орындар, археологиялық және архитектуралық ескерткіштер, Қазақ хандығының астаналары мен қалалары, зиярат етуге арналған діни-ғұрыптық нысандар, тарихи тұлғаларға қатысты қастерлі жерлер, саяси-тарихи оқиғаларға байланысты киелі орындар зерттеледі.

Облыстың киелі жерлеріне баспасөз және блог турлары ұйымдастырылады. Қойнына талай сырды бүккен қатпарлы Қаратауға ақпараттық экспедиция жасау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығымен бірлесіп қайырымдылық акциясы өткізіледі. Мемлекет және қоғам қайраткері Ұзақбай Қарамановтың – 80, Шахмардан Есеновтың 90 жылдығы, халық батыры Текей Қарпықұлының 350 жылдығына орай мерейтойлық шаралар, ғылыми-танымдық конференциялар өтеді.

Елбасының ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы толғамдары заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірге қадам басуға жетелейді. Бұл ретте мақалада тұтас қоғамның, әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағыты аталған: бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы. Сонымен қатар, таяу жылдардағы міндеттерімізге де тоқталды. Бұл мәселелерге еліміз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара отырып білек сыбана іске кірісуі тиіс.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қазан 2017 г. 1 262 0