ЖЕДЕЛ ИНТЕРНЕТ – ЖЫЛДАМ АҚПАРАТТЫҢ КЕПІЛІ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды  өркендетуге тиіс екеніміз айтылған.
Елімізде жаңа технологияны жетік меңгере түсу үшін «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданды. Ол төрт бағыт бойынша жүзеге асырылады. Аталған бағдарлама аясында азаматтарды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету және ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты қысқарту қарастырылған. Жоба электронды саудамен қамтуды, электронды үкіметтің қызмет көрсетулерін, интерактивті білім беру, денсаулық сақтау құралдарын кеңейту есебінен едәуір әлеуметтік-экономикалық әсерге ие болады деп болжануда.
Алдағы уақытта 2 миллионнан астам халқы бар 1 800 ауылға байланыс желісін тарту көзделген. Бұл жобаны 2018-2020 жылдары аралығында жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 2021 жылға дейін ұзындығы 24000 шақырымды құрайтын талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылады. Бұл жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерін интернетке қосуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аталған жобаны 13 жылдың ішінде, яғни, 2018-2030 жылдары мемлекеттік органдардың байланыс қызмет көрсетулерін кепілдікті пайдалануды қамтамасыз етумен мемлекеттік-жекешелік әріптестік сызбасы бойынша іске асыру көзделген. Нәтижесінде интернетке қолжетімділіктің секундына 20 мегабитке дейін жылдамдығын қамтамасыз ету жоспарланып, денсаулық сақтау және жергілікті мемлекеттік органдардың мекемелерінде шамамен 2000 мектеп пен 1200 нүктені қосу жоспарланған.
Бұл бағдарлама бойынша Сыр бойында да бірқатар жұмыстар атқарылмақ. «Microsoft» компаниясы еліміздің цифрландыру саласындағы бастамаларға қолдау көрсетуде. Осы компания біздің аймақта да төрт бағыт бойынша жұмыс жасауға ниетті. Олардың ішінде денсаулық, білім және ақылды қала жобалары бар. Бұған қоса Қызылордада ресурстық орталық ашуды жоспарлап отыр. Орталық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылады. Онда оқыту тегін жүргізіледі.
Ресми деректерге сүйенсек, облыс тұрғындарының компьютерлік сауаттылық деңгейі 75 пайызды құрайды. Оның ішінде интернет қолданушылар үлесі 80 пайыздан асқан.
Аймақта электронды қызмет алушылар саны да жыл санап өсуде.  Айталық, 2012 жылы электронды қызмет алушылар бар болғаны 129 болса, үстіміздегі жылдың 8 айында 248154-ке жеткен.
Қазір Ресейдің жетекші оқу орындарында Сырдың 500-ге тарта баласы білім алуда. Олар ІТ технологияны жетік меңгеретіні сөзсіз. Сондай-ақ, Сырдарияның сол жағалауынан салынып жатқан жаңа қалаға да осы цифрлық технологияны енгізу көзделген. Бұл ретте «Microsoft» компаниясының «Ақылды қала» жобасы назарға алынып отырғанын айта кеткен абзал.

Азиз БАТЫРБЕКОВ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қазан 2017 г. 629 0