ҰЛЫ БАБАНЫҢ БЕЙНЕСІ

Елді жаудан азат еткен батырлардың, қазақтың басын біріктірген хандардың, бір тоқтамға шақырған билердің есімі бүгінде ұрпақ жадында. Тәуелсіздіктің дәмін тата түскен сайын біз де тарихқа терең бойлап келеміз. Бірер жыл бұрын ықылым заманда, Арқаның  адырлы белінде дүниеге  келген Кетбұқа баба өмірін  ұрпаққа  тәлім  етсек деген бастама көтерілді. Сәйкесінше, Жезқазған жұрты, “Қазақтың Кетбұқасы” бірлестігі біршама тағылымды іске ұйытқы болды. Таяуда Сыр өңірінде де баба даңқын дәріптеу мақсатында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Абыз тұлға, аңыз тұлғаны сөз еткен келелі жиынның басы-қасынан Қорқыт ата атындағы ҚМУ табылды. “Х және ХІІІ ғасырдағы түркілер қоғамы мен оның тарихындағы Кетбұқа орнын” қаузаған жиында баяндамашылар пайымды пікірін ортаға салып, ғылыми мақалаларын ұсынды.

Астанадан келген тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевтың баяндамасымен танысу барысында қатысушылар ғалымның қарымды қаламынан туындаған іргелі зерттеулерге қанықты. Ал Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы Иманғазы Нұрахметұлы “Кетбұқа туралы деректер мен болжамдар” мақаласында Кетбұқа бейнесінің тарихи-әдеби сипатын ашып көрсетті. Сондай-ақ, Шыңғыс қаған құрған, мұрагерлері жалғастырған Дала империясының шынайы тарихи жағдайын көзбен көріп, кітапқа түсірген парсылық Ата Мәлік Джувейнидің, араб тарихшысы Құтбуддин әл Юнанның және басқа да ортағасырлық кезеңде жазылған фактілерді дәйектеді. Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры, филология ғылымдарының докторы Ұлжан Жанбершиева да “Кетбұқаның халық ауыз әдебиеті мен жыраулық поэзияда алатын орны” тақырыбындағы баяндамасында баба есімі Жошы ханның қырық батырының бірі ретінде қазақ-қырғыз тарихында айтылатынына тоқталды. Қырғыздармен шайқаста ерлік көрсеткен Шыңғыс ханның мың басы Бағары Нұқы батыр туралы деректер моңғолдың құпия шежіресінде келтірілгенін, сол Бағары Нұқы батыр Кетбұқа жырау деген деректі тереңірек зерттеу қажеттігін атап өтті.

– Бағары Нұқа, Кет би, Кет абыз, Кетбұғы, Кербұғы, Кетбұқа, Құтбұқа атауларын бір жүйеге келтіру – ұрпақ парызы. Мысалы, Инан Білге Бұқа ханның “Инанғ” сөзі “билік”, “Білге” – “данышпан”, “Бұқа” “алып күш иесі” дегенді білдіреді. Осы сарындас Кетбұқа да “ел көсемі” мағынасын береді. Бір сөзбен айтқанда, Алаштың мемлекет қайраткері Кетбұқа бабамыз кезінде Палестина жерінде Құлағу Елханымен бірге өз саясатын жүргізген Ел атасы. Сарыарқа даласында жауын тізгіндеген батыр есімі Л.Гумилевтің зерттеулері арқасында ғылыми айналысқа түсті. Оның “Этнос және Жер биосферасы” атты кітабының бір тарауы Кетбұқа бабамызға арналғаны өздеріңізге мәлім. Ұлы жырау, аталық би Кетбұқа керемет күйші де болған. Шыңғыс ханның баласының қазасын домбырамен, кейбір деректерде қобызбен күй тартып естірткен деп айтылады. Қазақ даласында сақталған аңыздарда Кетбұқа есімі әйгілі “Ақсақ құлан” күйімен тығыз байланысты, – деді Ұ.Жанбершиева.

Конференция соңына қарай Қ.Сәтбаев атындағы музей-көрме директоры, өлкетанушы Кенжал Балкенов ұлы тұлғалардың тарихтың асқар биігінен табылатынын, соның ішінде Кетбұқадай батырдың тозған елді тірілтіп, “тоғыз таңбалы ел” дәрежесіне жеткізгенін ұмытпау қажеттігін айтты. Расында, тарихта өзіндік орны бар Кетбұқаның ерлігін дәріптеуге қоғам болып қолдау көрсетсек, баба алдындағы ұлы міндетті орындаған болар едік. Өйткені, елінің жарқын болашағын көксеген батыл батырдың жарқырап көрінетін шағы туды. Оған қоса өткенді таразылау, әсіресе ұлы тұлғаларымызды танып-білу әрбірімізге рухани күш берері анық.

Мөлдір СНАДИН.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 10 қазан 2017 г. 753 0